Аргентина-Франция – финалда

839

0

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты мәресіне жетуге жақындады. Енді 18 желтоқсанда финалда Аргентина және Франция құрамалары кубок үшін шеберлік байқасады.

Жартылай финалдағы Аргентина мен Хорватия кездесуінің маңызы зор еді. Екі құрама бұған дейін бес мәрте кездескен. Олар екі-екіден жеңіске жетсе, бір ойында тең нәтиже тіркелді. Хорватия футболшылары 2018 жылғы Әлем чемпионатының  финалдық сатысындағы топтық кезеңде аталған қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірген-ді. Аргентина сол кеткен есені қайтаруға тырысатыны анық еді. Ойын басынан олардың белсенділігі байқалып тұрды.

Ойынның 33-минутында хорватиялық қақпашы Доминик Ливакович өзінің айып алаңында қарсылас құрама футболшысын шалып жықты. Төреші белгілеген пенальтиді Лионель Месси мүлтіксіз орындады. Ал 39-минутта аргентиналық Хулиан Альварес есепті үстемелей түссе, ол 69-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты. Осылайша Аргентина қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, финалға берілген жолдамаға қол жеткізді.

Ал Дидье Дешам жаттықтыратын Франция жартылай финалда Африка құрлығынан келген Марокко құрамасымен ойнады. Марокколықтар биыл айды аспанға шығарды.

Бұл ойында Франция құрамасының алғашқы шабуылы нәтиже беріп үлгерді. Антуан Гризманның пасынан кейін Килиан Мбаппенің екі соққысын Марокко қорғанысы қайтарғанымен, бірінші болып жеткен Тео Эрнандес 5-минутта допты қақпадан бір-ақ шығарды. Екінші кезеңде марокколықтар көбірек шабуылдағанымен, одан ештеңе өндіре алмады. Есесіне 80-минутта Килиан Мбаппенің бірнеше ойыншыны алдап өтіп, қақпаға бағыттаған добына алаңға тыңнан қосылған Рэндал Коло Муани аяғын қоя салды. Осылайша француз футболшылары аталған қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші мәрте финалда бақ сынауға жолдама алды.

Аталған ойыннан кейін Францияның Монпелье қаласында франциялықтар мен этникалық марокколықтар арасында қақтығыстар болды. RMC Sport мәліметіне қарағанда, Францияның аталған қаласында қақтығыс салдарынан 14 жасар жасөспірім көз жұмды.

Франция құрамасының жанкүйерлері отырған автокөлікке белгісіз адамдар келіп, терезеден шығып тұрған ұлттық құрама жалауын жұла бастаған. Жүргізуші орнынан кілт қозғалып, 14 жасар ұл баланы қағып кеткен. Алған жарақаттары салдарынан жасөспірім ауруханада қайтыс болды.

Енді 17 желтоқсанда Марокко мен Хорватия 3-орын үшін сайысқа түссе, 18 желтоқсанда Аргентина мен Франция финалда кездеседі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<