Жас өреннің жеңісі

474

0

Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі екінші мәрте «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерге арналған грант байқауын ұйымдастырды. Бұл грант Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын беріледі.

Жобаның мақсаты – белсенді, шығармашыл жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету.

Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін беріледі. Биыл жастардан мыңнан астам жоба қабылданған еді. Үміткерлердің ішінен «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша 33 жоба үздік деп танылды. Жеңімпаздарды конкурстық комиссия мүшелері анықтады.

Аталған жобаға облыстан да бірнеше үміткер қатысып, олардың ішінен креативті идеясымен көзге түскен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Дина Жанұзақова жеңімпаз атанды.

Аталған жобаның өту барысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес айтты.

– Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін атап өткен болатын. Биыл елорда төрінде екінші рет өткізілген байқау 5 бағыт бойынша жаңа идеяларды іріктеді. Атап айтқанда, «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа». Іріктеуден өткен үздік 33 жобаның жеңімпаздарына 3 млн теңге көлемінде грант берілді. Солардың ішінде қызылордалық Дина Жанұзақова ерекше әрі тың жобасын таныстырып, үздіктер қатарынан көрінді, – деді ол.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Дина Жанұзақова еліміздегі тарихи қалаларды ерекше мазмұнда көпшілікке таныстыруды мақсат еткен. Оның айтуынша, киелі мекендерді анимациялық жүйе арқылы көркемдеп, қызықтырса ішкі туризмді дамытуға оң әсер етпек.

– Мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысып, грант жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Еліміздің әр аймағынан келген жас өрендер өздерінің креативті идеяларын жүзеге асыруға талпыныстары ерекше болды. Менің жобамның негізгі мақсаты –  тың технологияларды пайдалана отырып, еліміздегі мәдени мұралар мен тарихи жерлерді смартфондар мен әлеуметтік желілерде көрсету арқылы көпшілікке таныстыру. Осы идеям байқауда қолдауға ие болды. Енді бір жыл ішінде команда жасақтап, мақсатымды жүзеге асырамын, – деді ол.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<