Топжарған тас қалаушы

543

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деді. Президенттің бұл сөздері ел жастарын жігерлендірді. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің түлегі Нұрдәулет Мәтен «WorldSkills Kazakhstan 2022» VII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында чемпион атанды.

«WorldSkills» − әлемде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, білікті мамандарды даярлауға бағыттайтын бірегей жоба. Нұрдәулет VII республикалық чемпионатта еліміздің барлық өңірінен қатысқан 500 жаспен бірге бақ сынады. Олар 30 негізгі құзыреттілік бойынша жарысты. Оның ішінде электрмонтаждау жұмыстары, аспаздық және мейрамхана ісі, бизнеске арналған IT-шешімдер, web-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу және басқа да құзыреттіліктер бар. Жаңақорғандық тас қалаушы еліміздегі ірі кәсіпорындардан жұмысқа шақырту алып және келесі жылы Францияда өтетін WorldSkills Europe чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігін иеленді.

Бұл − үлкен бетбұрысқа батыл қадам жасаған Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің жетістігі. Оқу орны жастарды жұмысшы мамандықтарына даярлап,  кәсіптік білім беру мақсатында еңбек етіп келеді. Білім ошағында кәсіби маманның теориямен қатар тәжірибені игеруіне қажетті материалдық-техникалық мүмкіндік мол.

− Колледжде 486 студент 19 мамандық,  24 біліктілік бойынша білім алуда. Ғимараттарды салу және пайдалану мамандығы 2005 жылдан бері оқытылып келеді. Бүгінге дейін 250 студент білім алды. Олардың басым бөлігі құрылыс мекемелерінде жұмыс істеп жүр. Оқу орнының базасында өткен чемпионаттың облыстық кезеңінде Нұрдәулет Мәтен жүлделі бірінші орынды иеленген еді. Енді міне республикалық сыннан да сүрінбей өтті. Оның жеңісі оқу орнындағы озық білім беру жүйесін, кадрлардың кәсібилігін аңғартты. Алдағы сайыстарда басқа да мамандықтар бойынша студенттеріміз үздік шығады. Қазір олар үлкен ізденіс пен дайындық үстінде, − деді Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің директоры  Жомарт  Шәуенов.

Нұрдәулет білім ошағында ғимараттарды салу және пайдалану мамандығын меңгерген. Оқуын бітірген соң құрылыс шебері, ағаш ұстасы, тас қалаушы біліктілігін алған. Жетекшісі − өндірістік оқыту шебері Сәуле Бегімбетова. Нұрдәулеттің ата-анасы балабақшада жұмыс істейді. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Нұрдәулет тас қалауды әкесі Нұрділләдан үйреніпті. «Ата өнері – балаға мұра» дегендей  өз үйін өзі тұрғызған әке ұлын да еңбекке баулыған. Нұрдәулеттің алдында екі ағасы, бір әпкесі бар. Үйдің кенжесі болса да шаруаға бейім, ата-анасының қолқанаты.

Биік-биік ғимараттар салуды армандайтын Нұрдәулет республикалық чемпионатта үш күн комиссияның көз алдында өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап шыққан. Енді ол кірпіш қалаудың қыр-сырын меңгеріп, әлемдік додада ел намысын қорғауға әзірленіп жүр.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<