Асқабақ маскасы

867

0

Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімұлы  атындағы №101 мектеп лицейінің 5 сынып оқушысы Айша Тұрмахан асқабақтан сабын және бетке арналған маска дайындап шығарды. Бұл өнімдерді ғылыми жетекшісі Мөлдір Қалдыбектің көмегімен жасап, оны 2-7 сынып оқушалары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалараның облыстық кезеңінде сәтті қорғады.

«Асқабақтың біз білмейтін пайдалы қасиеттері» тақырыбындағы ғылыми жобаға бірнеше ай дайындалған. Бұрын соңды көкеністің бұл түріне аса мән бермеген оқушысының қызығушылығын жаратылыстану пәнінен сабақ беретін мұғалімі оятқан. Айшаның жұмысы медицина және биология бағыты бойынша қала мектептері арасындағы оқушылардан оза шауып, облыстық комиссиядан сәтті шықты. Үздіктер қатарынан табылған оқушы асқабақтың асқазанға жеңсік әрі пайдалы ас екенін айтады.

– Расын айтсам, мен асқабақтың дәмін онша ұнатпаймын. Бірақ оны зерттей келе, құрамындағы пайдалы минаралдардың көп екеніне көз жеткіздім. Тіпті оның дәні де пайдалы. Ұстазым Мөлдір Жандосқызымен бірге жобаға біршама уақыт әзірлендік. Сабынның үш, масканың екі түрін жасадық. Асқабақ маскалары бет терісінің сұлулығын және жастығын сақтауға көмектеседі. Оның құрамында дәрумендер, минералдар мен қышқылдар өте көп болғандықтан, теріні нәрлендіріп, ылғалдандырады, – дейді кішкентай ғалым.

Оқуда озат Айша математика және орыс тілі пәндерін сүйіп оқиды. Сабақтан кейін М.Қалауов атындағы өнер мектебінде вокал класына барады. Жан-жақты өнерлі қыздың талабына нұр жаусын дейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<