250-ге  жуық қызылордалықтың мәселесін тыңдады

566

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге жеке қабылдауға жазылған қала тұрғындарымен кездесіп, өтініш-пікірлеріне құлақ асты. «Достық үйінде» өткен қабылдауға 250-ге жуық азамат келіп, 80-ге жуық тұрғын аймақ басшысына 100-ге тарта мәселесін жеткізді.

Жеке сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу немесе қаржылай көмек сұрау және бала денсаулығына қатысты ем алуға көмектесу бағытында болды. Облыс әкімі мен құқық қорғау органдары басшылары мәселелерді жан-жақты қарап, заң аясында тиісті түсіндірме жасады.

Жеке қабылдауға келген мүгедектігі бар азаматша көптеген жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрғандықтан, Үкіметтен алатын қаражаты пәтерақыдан артылмайтынын алға тартып, баспана алуға жәрдем сұрады. Облыс әкімі тұрғын үй тек заң аясында кезектілік тәртібімен берілетінін түсіндіріп, қала әкіміне көмек сұрап келген әйелдің тұрмыстық жағдайын зерттеп, оған уақытша баспана беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Айта кетсек, жуырда ғана көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 110 пәтер берілді. Алдағы уақытта да бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталады.

Аймақ басшысына бір топ тұрғындар үйлеріне күрделі жөндеу жасаған компанияның жұмысты сапасыз жүргізгеніне шағымданды. Облыс әкімі мәселені зерттеп, мердігердің жауапкершілігін қарауды тапсырды.

Жеке қабылдаудан кейін Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарымен кездесіп, жыл қорытындысымен қол жеткізген жетістіктерді айтып, алдағы кезеңдегі аймақтың даму барысын баяндады.

– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда Сыр өңірінде маңызды бастамалар қолға алынуда. Ел Президентін кезектен тыс сайлау секілді ауқымды саяси науқандарда аймағымыз үздіктер қатарынан көрінсе, жақында Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр облыс дамуына оң баға беріп, көтерген мәселелерімізге қолдау білдіретінін жеткізді. Нәтижесінде аймақ үшін көптеген игі жоба жүзеге асырылмақ.

Бүгін, міне, қала тұрғындары үшін ашық қабылдау өткізіп, келген әрбір азаматтың жеке мәселелерін мұқият қарадық. Бұған дейін 7 ауданға барып, 800-ден аса азаматтың өтінішін тыңдап, бағыт-бағдар бердік. Мезетінде шешілгендері де аз емес. Бүгінгі қабылдауда да ешқандай шектеу болған жоқ. Бұйымтайын айта келген барлық адамның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, назарға алынды. Біз мұндай кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыратын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл облыс әкімі 27 жеке қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынды қабылдап, өзекті мәселелерін қарады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<