Зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері артады

393

0

Алдағы, яғни 2023 жылғы 1 қаңтардан  бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) 40 567 теңге базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге мөлшерінде белгіленді.

Сонымен қатар еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты  зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5 %-ға артады. Бұдан басқа, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке (189 750 теңге) дейін артады.

Осыған орай, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу  екі нұсқамен қаралады. Біріншісі жасына қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғары табыстың ұлғаюына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнеткерлерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде  орташа айлық табысы 46 еселенген АЕК-пен шектелген болса, олардың зейнетақысы 55 АЕК-пен қайта  есептеледі.

Екіншісі, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдері 10,5 %-ға индекстеледі. Бұл ретте 55 АЕК шегінде табыс негізінде есептелген жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10,5 %-ға өскен сомадан төмен болмауы керек. Сонымен қатар, ҚР Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі  Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша  2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған ұлғайтуды 5 жылға тоқтату және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу туралы  жаңа шаралар топтамасы ұсынылған болатын.  Осыған сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайызбен белгіленеді.

Осылайша 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап  зейнетақы жүйесіне 10 және одан аз жыл қатысқан немесе еңбек өтілі болмаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы (54 пайыздың орнына) мөлшерінде, оның мөлшері он жылдан асқаннан кейін әрбір толық жылға 2 пайызға, бірақ  республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100 пайыздан асырмай ұлғайтылады. Бұл 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тағайындалған және жаңадан тағайындалған зейнеткерлерге де қатысты. Облыс бойынша жасына байланысты зейнетақы алушылардың саны 78923, базалық зейнетақы алушылардың саны 75504-ті құрайды.

Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына  байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін  мемлекеттік жәрдемақы,  I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік  жәрдемақы алушылардың төлемдері ЕТКД (40567 теңге) мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады. №1, №2 тізім бойынша (ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар,  арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларының мөлшері   АЕК (3450) деңгейінің өсуіне орай жоғарылайды. Сол сияқты, балалар жәрдемақысының мөлшері де  арттырылатын болады. Бала туған кезде отбасына баланың кезегіне байланысты төленетін жәрдемақының екі түрінің мөлшері де өседі. Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері (38-АЕК)  2022 жылдың сәуірінде 120840 теңгені құраса,  2023 жылдан бастап  131100 теңгені немесе 10260 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туғанда (63-АЕК) 200340  теңгеден  217350 теңгеге немесе 17010 теңгеге артады. 

Ал, бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері туу кезектілігіне байланысты 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші балаға 19872 теңге, екінші балаға 23495 теңге, үшінші балаға  27083 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 30705 теңге болады. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы мен  МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдердің төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылады. Мәселен, 2022 жылдың 30 сәуірінде туған баланың жәрдемақы төлемі 2023 жылдың 30 сәуірі аралығына  тағайындалған болса, 2023 жылғы 1 қаңтарда төлемінің мерзімі 2023 жылдың 30 қазанына дейін ұзартылады. Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады.

Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюджеттік субсидия алушылар болып табылатын тұлғаларға, жоғарыда көрсетілген субсидия тағайындалған кезең бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне сай ұзартылады.

2023 жылдың қаңтарынан бастап АЕК(3450) мөлшерінің ұлғаюына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа»  немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға және бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, оның ішінде кәмелет жасына толған соң орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын білім беру ұйымдарын бітіргенге дейін (бірақ жиырма үш жастан аспағанға дейін) балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де артады. Облыс бойынша 246,4  мыңнан аса зейнетақы және жәрдемақы алушылар төлемдерінің мөлшерін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта есептеу жұмыстары автоматты түрде жүргізіледі. Төлем алушыларға   мөлшері арттырылған  төлемдерді алу үшін ешқайда бару немесе өтініш білдірудің қажеті жоқ.

Ертілеу Жалғасбаев,

еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс

бойынша департамент басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<