Бақдәулет бағындырған биік

540

0

Тілшілік сапармен Тереңөзекке барғанымда осы балақаймен кездескенмін. Көрдім де қуандым. Бұрынғы қариялардан көргенімді қайталап, «тіл-көзім тасқа» деп іштей күбірлегенім де есімде. Алты жасар ұлдың алдына жүрелей отырып, аз-маз сұрақ қойып үлгердік.

– Атың кім?

– Бақдәулет.

– Кімнің баласысың?

– Әжемнің.

– Рас айтасың ба?

– Иә, мен әжемнің ғана баласымын, – деп қайсарлана жауап қатты балақай.

Еріксіз жымидық. Ес білгелі ата-әженің етегені оралып өскен бізге бұл жауап расымен ұнағандай.

Бақдәулетті бізбен таныстыруға анасы Шынар Бекетаева алып келіпті. Сырдария ауданында тұратын кішкентай талант туралы бұрын естігенбіз. Төлебай тегімен Тереңөзекке танымал ол республикалық додаларды бағындырып жүр. Оның өнері – мәнерлеп өлең және көркемсөз оқу.

Иә, Бақдәулет үш жасынан бастап өлең оқиды. Бұған әжесі Роза көмектескен. Әу баста тілі тәтті көрінген баланың кейіннен қазақ ақындарының өлеңдерін жаттауға деген ерекше алғырлығы байқалыпты. Әсіресе, патриоттық шығармаларды.

– Жасы алтыда. Мектепке ертелеу бердік, – деді бізбен әңгімелескен анасы Шынар. – Балабақшадан бастап мәнерлеп оқуға дағдыланды. Сол арқылы аудандық жарыстарға қатысып келдік. Алғашқы байқаулар пандемияға байланысты онлайн болды.

Менің ұстаздарына аналық алғысым шексіз. Осы Тереңөзектегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіндегі сынып жетекшісі Әйгерім Жақсылыққа рақмет айтамыз. Баланың бос уақытын тиімді пайдалана білген мұғалім осындай болса керек. Ұлымыз қазір мектепішілік іс-шаралармен қатар аудандық деңгейдегі мәдени-көпшілік, рухани-танымдық іс-шараларда өнер көрсетіп жүр.

Анасы айтқандай, мәнерлеп оқу арқылы Бақдәулет шет елдердегі онлайн байқауларда топ жарыпты. Болгария, Украина және өзімізде өткен халықаралық, республикалық сайыстарда жеңіп шыққан. Санамалап айтсақ, олар тым көп. Мысалы, былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген республикалық «Тәуелсіздік – маңдайдағы бағым бұл» атты өнер байқауында бас жүлдені алды. «Жұлдызды қолтаңбаңды бізбен бірге қалдыр» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауда «Көркөмсөз» аталымы бойынша да үздіктер қатарынан көрінген. Аталған сайыста сынып жетекшісі Әйгерім Ғазизқызы екеуі диплом, сертификатпен марапатталған. Бұлардың қасына Астана қаласында өткен халықаралық «ALASH STAR» өнер байқауының бас жүлдесін қосыңыз.

Тағы бір сүйіншілейтін жаңалық, Бақдәулет жақында ғана «Мен де жұлдыз боламын» атты республикалық байқаудан жүлделі оралды. «Балалар жылы» аясында Алматы қаласында өткен сайыста бірінші орын иеленіп, Түркия мемлекеті мен Мәскеу қаласына жолдама ұтыпты. Аталған сайыста Бақдәулет Абай атасының «Күз» өлеңін мәнерлеп оқыған.

– Бақдәулет – әжесінің мақтанышы. Әр сайыс пен байқаудан оралған сайын жеткен жетістігіне марқайып отырады. Немересінің алған әр марапаты мен естелік сыйлықтарын келген қонақтарға көрсетіп, мақтанып жүреді. Бақдәулет кішкентайынан сахнаға төселген. Өзім де тіл-көзден аман болса деп іштей тілекте жүремін. Айтпақшы, былтыр «Bala Daryn» жобасы аясында Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай балабақша, мектеп оқушылары арасында өткізілген «Кел, балалар, оқылық» атты республикалық байқаудың бірінші орын иегері атанды. Бұған қоса аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Тіл болашағы – балабақшадан» байқауында да диплом алды, – дейді анасы Шынар.

Бүгінде бірінші сыныпта оқитын дарынның даралығы көрініп тұр. Ата-ана тәрбиесі мен мұғалімдер берген білімнің арқасында аудан абыройын асырып жүр. Сондай-ақ Бақдәулет аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сыр жастары» драма үйірмесінің мүшесі ретінде мәдени-көпшілік іс-ша-раларға да қатысады. Драма үйірмесінің жетекшісі Дәулет Асановтың айтуынша, ол былтыр аудан орталығында өткен салтанатты іс-шарада ауыл баласының рөлін сомдаған. Сондай-ақ «Көксерек» әңгімесінің желісімен дайындалған қойылымда басты рөл – Құрмаштың бейнесін жоғары деңгейде алып шығыпты. Табиғатынан талантты кішкентайдың Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, түрлі көріністерге қатысып жүргені тегін емес. Бұл – оның өнер мен әдебиетке деген құштарлығын анық байқатып тұр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<