Филиппиндегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 50-ге жетті

343

0

Фото: AFP Photo

Филиппинде нөсер жауыннан болған су тасқынынан кемінде 50 адам қаза тауып, 21 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Табиғи апат қатерінің алдын алу және салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңестің дүйсенбіде жариялаған баяндамасында су тасқынынан республиканың 10 өңірінде 583,4 мыңнан астам адам зардап шеккені айтылған.

Ведомство мәліметінше, 95 эвакуация орталығына 51,4 мың адам орналастырылған.

Кем дегенде 1,42 мың адам үйін тастап кеткен, 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Республиканың тоғыз облысында су тасқыны мен көшкіннен болған 469 оқиға тіркелді.

Табиғи апаттан елдегі 4,54 мың үйге 54,8 млн песо (985,8 мың доллар) сомасында зиян келтірілді. 95 инфрақұрылым нысанына келген шығын 1,13 млрд песоға (20,4 млн доллар), ауыл шаруашылығына 245 млн песоға (4,4 млн доллар) бағаланған.

Су тасқыны 140 жол мен 14 көпірді зақымдап, 19 теңіз порты зардап шекті.

63 қалада электр қуатының үзілуі тіркеліп, 62-сінде қазіргі кезде қалпына келтірілді. Кей жерлерде сумен қамтамасыз ету мәселесі бар.

67 қала мен 71 муниципалитетте оқу орындарындағы сабақ пен кәсіпорындар жұмысы тоқтатылды. 22 елді мекенде төтенше жағдай режимі енгізілген.

Ел үкіметі көмекке 48,2 млн песо (865,8 мың доллар) бөлді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<