Өзен өзегінде ахуал қандай?

342

0

Республикалық ақпарат құралдарында Түркістан облысы әкімдігінің «Шардара» су қоймасына байланысты дабыл қаққан ақпараты елді елең еткізгені рас. Бұл – дария бойында орналасқан біздің өңірге де қатысты жағдай.

Осы мәселеге байланысты экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменованың төрағалығымен кеңес өтті. Онда Сырдария өзені бойындағы ахуал мен «Шардара» су қоймасындағы жағдай кеңінен талқыланды.

Білгеніміз, Қырғызстандағы «Тоқтоғұл» су қоймасынан су ағыны ұлғайып отыр. Өткен жылғы қазан мен желтоқсан аралығында «Шардара» су қоймасынан түсетін су көбейген. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамды кестесі бойынша орта есеппен желтоқсанда су қоймасына секундына 880 текше метр деп белгіленген еді. Нақты келгені секундына 1400 текше метрді құрады.

10 қаңтардағы көрсеткіш бойынша «Шардарадағы» судың нақты көлемі 4 млрд 070 млн текше метрді шамалайды. Ол жобалық көлемнің 78 пайызы. Өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд 683 млн текше метрге артық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылғы 13 желтоқсаннан бастап қоймадан су босату секундына 500-ден 700 текше метрге, 15 желтоқсаннан 800, 19 желтоқсаннан 900 текше метрге дейін ұлғайтылды. Ал 4 қаңтардан бастап секундына 1000 текше метрге артты.

Сырдария өзенінің төменгі ағысында 15 желтоқсаннан бастап «Көксарай» су реттегішіне 300, 6 қаңтардан 600 текше метр су түсуде. «Көксарайдан» Сырдария өзенінің төменгі ағысына 600 текше метр су жіберілуде.

Кейінгі күндері Тәжікстандағы «Бахри-Точик» су қоймасынан төменгі ағысқа түсетін су азайды. Нәтижесінде «Шардараға» 10 қаңтардан бастап 933 текше метр су жіберілуде. «Шардараның» ендігі бос сыйымдылығы 1 млрд 130 млн, «Көксарай» су реттегішінде 2 млрд 103 млн текше метрді құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында министрлік тарапынан іс-шаралар жоспары әзірленді. «Шардара» су қоймасының жұмыс режимі және жалпы Сырдария өзені бассейніндегі су жағдайы министрліктің ерекше бақылауында.

Бұған дейін түркістандық мамандар 22 ауылды су басу қаупі бар екені жөнінде дабыл қақты. Онда 34 мыңнан астам адам тұрады. Бір-екі жыл бұрын мақтаралдық шаруалар Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасындағы апаттың зардабын тартты. Сондықтан олардың «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы ұстануы заңдылық.

– Әрине, Қызылорда өңірі тұрғындарының негізгі тіршілік көзі Сырдария суына тәуелді. Біз өз тарапымыздан дарияны ұдайы бақылап отырмыз. «Шардараға» жоғарыдан құйылатын су деңгейі әлсін-әлсін жыл басынан бері төмендеп келеді, – деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Мамандардың айтуынша, қорғаныс бөгеттері қатаң бақылауда тұр. Сең қозғалысын қиындықсыз өткіземіз деген болжам бар

Есептеулер бойынша сыйымдылығы 2,5 млрд текше метрге лайықталған «Көксарай» су реттегішінде қазір 600 млн текше метрге жуық су бар.

Түркістандық мамандар «Шардара» қоймасындағы суды тиісті деңгейде ұстау қажеттігін көлденең тартып отыр. Нақтырақ айтқанда, ол жалпы көлемінің 70 пайызынан аспауы қажет. Осыған байланысты іргелес өңір оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Үкімет деңгейінде штаб құру жөнінде тиісті орындарға хат жолдады.

Кейінгі жылдарда «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайына байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Десе де бүгінде онда сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру бойынша нақты жұмыстар жүзеге асты. Ол толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне дейін төтеп беретін төзімділікке ие болатын көрінеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<