Құрылыс: сән мен сапа бақылауда

675

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Асылбек Шәменов Қызылорда қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.

Алдымен өткен жылы іргетасы қаланған «Неке сарайына» барған облыс әкімінің орынбасары нысанның темір бетон орнату ісінің егжей-тегжейіне мән берді. Жобалық құны 1,5 млрд теңге болатын құрылыстың І кезеңі аяқталуға жақын. Тек ауа райының қолайсыздығы жұмысты баяулатып тұр. Бүгінде құрылыс басында 20-дай жұмысшы еңбек етуде.  Сала басшылары ғимараттың ішін аралап, нысан құрылысын жүргізіп жатқан «Авангард-ПГС» ЖШС басшысының орынбасары Феруза Ысқақовадан жағдайға қанықты. Әсіресе, залдардағы темір тірек бағандардың сапасына мән беріп, келесі кезеңде Сырдағы халықтың сән-салтанатына куә болатын нысанды эстетикалық талғамға сәйкес келтіруді тапсырды.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары «Өнер орталығының» құрылысын көрді. Қазір бұл жұмыстарға 40-қа жуық адам тартылған. Барлығы – жергілікті азаматтар. Құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығы «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесіне міндеттеліпті. Мәдени орталықтың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Сыр елінің сәулетіне сән беретін үлкен сыйымдылықтағы нысан соңғы үлгідегі жетістіктерге сай жобаланған. Екі қабатты болып салынатын нысан барлық қажетті талаптарға сай жабдықталмақ. Алайда бүгінде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Жуырда екінші кезеңнің қаржысы аударылса, жұмыс қайта жанданады.

Жұмыстың жай-жапсарымен танысқан Нұрымбет Аманұлы нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін тілге тиек етіп, қаржыға қатысты ешқандай мәселе туындамайтынын жеткізді.

– Негізі құрылыс жұмыстарын былтыр күзде бастадық. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, жұмыс тоқтап тұр. Оның үстіне монолит құюға көп адам керек емес. Қаржыдан мәселе туындамаса, жұмысшылар уақытпен санаспай, істің ілгері жылжуын мақсат етуде. Қазір нысанның астыңғы қабатын салып қойдық. Көктемде негізгі бөлігіне көшеміз деп отырмыз. Сол кезде жұмысшылар санын да көбейтетін боламыз. Одан бөлек, техникалар жеткілікті, – деді мердігер мекеме директоры Темірхан Әлімқұлов.

Айта кетейік, «Өнер орталығы» заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мұнда мың адамға арналған мәжіліс залы, арнайы үйірмелерге арналған бөлмелер жұмыс істейді.

Мұнан кейін белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен облыс орталығында бой көтеріп жатқан «Анаға тағзым» орталығының құрылысы назарға алынды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын нысанда әзірге 18 адам еңбек етуде. Құрылысшылар орталықты тезірек ел игілігіне бермек ниетте.

Кейінгі уақытта Сыр өңірінде медициналық нысандар құрылысы ерекше қарқын алды. Соның бірі – қаланың сол жағалауында орналасқан «Қан орталығы». Жобалық құны – 2,7 млрд теңге. Жылына 5000-10000 адамды қабылдауға қауқарлы үш қабатты нысанның жұмыстары қарқынды жүруде. Бас мердігер – «СК Дәнекер» ЖШС. Жұмыс барысын көрген қала әкімі Асылбек Шәменов мердігер мекеме басшысына болашақ Сыр медицинасына елеулі үлес қосатын нысанның құрылысын сапалы әрі уақытылы тапсыру керегін айтып өтті. Сондай-ақ, сала басшыларына жасалған жұмысты жіті қадағалауда ұстауды тапсырды.

Мұнан соң Нұрымбет Сақтағанов қаланың сол жағалауында тұрғын үйлер салынып жатқан №2 шағын ауданда болды. Мұнда жалпы саны 470 пәтерлі ипотекалық 10 тұрғын үйді салумен «Дәнекер» ЖШС, «Асар» ЖШС, «Аман-құрылыс» ЖШС, «Ареон» ЖШС, «Авангард-ПГС» ЖШС, «Астана-Сервис» ЖШС және «Абу-Сер» ЖШС сияқты ірі мердігер мекемелер айналысуда. Құны 8,5 млрд теңге болатын құрылыс нысандары биыл пайдалануға берілмек.

Нұрымбет Аманұлы тұрғын үйлердің ең алдымен сапалы болуы керектігін айтты. Мұнда сәулеттік келбетіне де ерекше мән берілу керек. Мердігер мекеме басшысының айтуынша, осы талаптарға сай жұмыс жүріп жатыр.

– Қызылорда – облыс орталығы. Сондықтан қаланың келбетіне әрбіріміз жауаптымыз. Құрылысты  бәсеңдетпей, сапалы салуды тапсырамыз. Қалада сәулетті нысандар санын арттыру мен тұрғындар қажеттілігіне сай мүмкіндіктерді қарастыру жоспар бойынша жүргізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<