ҰБТ-ға 7 мыңнан аса оқушы қатысуда

611

0

10 қаңтардан бастап облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Жалпы облыс бойынша тестілеуге 7 мыңнан астам оқушы, яғни 87,5 пайыз түлек қатысуға өтінім берді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлады.

Осы айдағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін басқа мамандыққа ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады.

Естеріңізге сала кетейін, биылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Дегенмен, жауап нұсқалары саны азайды. Яғни, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында сегізден алтыға дейін азайтылды. Сондай-ақ, қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тағы бір ерекше жайт, былтырғы жылдың жетістігі – ҰБТ нәтижесі бойынша 8 мектебіміз республикадағы «Топ 100 мектеп» қатарына енді, – деді Бағдат Бердәулетов.

Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпанға дейін жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<