«Неке сарайы» – жас жұбайлардың бақыт бастауы

727

0

Аймақта әлеуметтік көрсеткішті ілгерілетуге бағытталған жілікті жобалар бастау алды. Солардың қатарында өткен жылы іргетасы қаланған «Неке сарайы» бар.

Шынында, жаңа өмірге қадам басып, отау құратын жастардың жауапты әрі бақытты кезеңінде неке құжатын табыстайтын арнайы салтанатты орынның жоқтығы сезілетін. Аймақтың бас шаһарында неке қиюды жоспарлаған жандар ескі ғимаратта орналасқан азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгінетін. Осындай жағдайлар ескеріле келе облыс басшысының бастамасымен өткен жылы «Неке сарайы» салтанатты ғимаратын салу туралы шешім қабылданды. Енді жаңа нысан пайдалануға берілген соң мұнда облыс тұрғындарына АХАТ қызметі көрсетіліп, әлеуметтік-мәдени іс-шаралар өткізіледі.

– «Неке сарайының» жобалық құны – 1,5 млрд теңге. Бас жобалаушы – «Крез-Сервис» ЖШС. Ал мұндағы жұмыстың уақытылы әрі сапалы бітуіне жауапты – «Авангард-ПГС» ЖШС. Өткен жылы құрылысты бастаған мердігер мекеме қазір 240 млн теңгені игерді. Биыл қаржының қалған бөлігі беріледі. Бастапқыда 8 айға жоспарланған құрылыс жұмысы күзге дейін созылуы мүмкін. Оған  себеп – қыстағы ауа райының қолайсыздығы. Соған сәйкес, жұмыс баяулады. Күн жылыса, жұмыс қайта қарқын алады.

Бір ескеретін жайт, қала тұрғындарының саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, қалалық АХАЖ бөлімінде сақталатын құжаттардың да саны артуда. Мұрағаттағы құжаттардың сақталу талаптары бар. Температура, ылғалдылық белгілі бір деңгейде болуы тиіс. Жаңа неке қию сарайында азаматтық хал актілерін жазу бөлімі қызметі үшін барлық жағдай жасалатын болады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы  бөлім басшысының міндетін атқарушы Мұрат Бекенов.

Екі қабатты ғимарат заманауи архитектуралық талаптарға сай салынуда. Онда неке қиятын, салтанатты жиын өткізуге, мерекелік шараға арналған залдар, өтініштерді қабылдау кабинеті, тағы басқа қажетті бөлмелер қамтылады. Азаматтардан өтініш қабылдау, неке қию актілерін тіркеу, қызметкерлерінің жұмыс орындары да назарға алынған. Құрылыстың жер көлемі – 856 шаршы метрге жуықтаса, ғимараттың жалпы ауданы – 2100 шаршы метр. Ал оның сыйымдылығы 110 орынға негізделген.

– Былтыр мемлекеттік сатып алу нәтижесімен жеңімпаз атанып, қыркүйек айында «Неке сарайының» құрылысын бастадық. Қазір мұнда 20-ға жуық адам еңбек етуде. Жұмыссыздық бойынша 6 адамды мерзімдік жұмыспен қамтыдық. Көктемде жұмысшы саны артады.

Қазір темір бетон орнату жүзеге асуда. Ол бойынша бірінші қабатын аяқтадық. Барлығы талапқа сай, арнайы мекемелердің жіті қадағалауында. Көктемге дейін өзегін тұрғызсақ, күн жылыған соң ішкі-сыртқы жұмысына кірісеміз. Күмбезді ғимарат толықтай мәрмәрмен қапталады. Сыртқы бөлігі травертинмен қапталатын болады. Айта кетейін, жоба барысында қолданылатын құрылыс заттарының 90 пайызы – қазақстандық өнім. Сәтін салса, құрылыс жұмысын тамыз-қыркүйек айларында бітіреміз, – деді «Авангард-ПГС» ЖШС басшысының орынбасары Феруза Ысқақова.

Жалпы «Неке сарайы» – Қызылорда облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан кезекті жоба. Халық көптен көкейде жүрген игі істің бастауына ризашылық білдіріп, шаһардың жаңа ғимаратпен толығатынына қуанышты. Аталған нысан қолданысқа берілсе, шаңырақ көтерген жас жұбайлардың сән-салтанатына куә болып, болашаққа бірге қадам басатын бақыт ордасына айналмақ.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<