Жаратылыс сырын ұқтырған

801

0

Фото: ашық дереккөз

Өткен жылдың соңында қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кезінде Қиыр Шығыстан көшірілген педагогикалық институт 85 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарихы – бұл еңбекқор, ізденуші ғалымдардан, оқытушы-профессорлардан құрылған ұжымның шығармашылық өмірбаяны. Оқу процесін жетілдіру, маман даярлау сапасы, озық технологияларды енгізу, эксперименттік оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу, мемлекеттік жастар саясатын табысты іске асыру бойынша белсенді еңбек ету ортасы.

Университеттің қалыптасуына үлес қосқан, болашақ мамандарды даярлауда еңбек еткен оқытушы-профессорларды осы мерейтой аясында еске алып, оларды қазіргі жастарға таныстыру, дәріптеу бүгінгі біздің міндетіміз деп ойлаймыз. Соның ішінде біз, өзіміз білім алған «Жаратылыстану» институтының биология, география мамандықтарының тарихы, оқытушы-профессорларының еңбегі туралы айтқымыз келеді.

Қиыр Шығыстан көшірілген педагогикалық институт базасында ең алғаш 1937 жылы «Зоология» кафедрасы ашылды. КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің 1960 жылғы 27 маусымдағы бұйрығына сәйкес 1965 жылы 1 маусымынан бастап «Ботаника» кафедрасынан «Ауыл шаруашылығы негіздері» кафедрасы бөлініп шықты. 1965 жылдың 1 маусымында Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының құрамында «Ауыл шаруашылығының негіздері» деген атпен жаңа кафедра ашылды.

«Жаратылыстану» факультеті 85 жыл бойы «Химия-биология», «Агробиология», «Биология және ауылшаруашылық өндірістік негіздері», «Биология», «Химия», «География», «География-биология», «География-экология», «География және халықаралық туризм», «Экология», «Экология және табиғатты пайдалану», «Гигиена», «Валеология», «Консервілеу технологиясы», «Денешынықтыру», «Алғашқы әскери дайындық» мамандықтарын дайындап келеді.

Біз «География-экология», «География-биология» мамандықтары бойынша білім алдық. Қажеттілікке орай 1991 жылдан «Биология және география», 1992 жылы «География-экология», 1995 жылы оның орнына «География және халықаралық туризм» мамандығы ашылды. Сол жылы «География және халықаралық туризм» кафедрасы құрылды. Кафедра меңгерушісі болып М.Мұсабаева тағайындалды. 1997 жылы «Биология», «География және халықаралық туризм» кафедралары бірігіп, «Биология, география және экология» кафедрасы болып аталды да, кафедра меңгерушілігі қызметін профессор Ж.Өтесінов жалғастырды.

2000 жылы «Биология, география және экология» кафедрасының меңгерушісі болып Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Жаратылыстану-география» факультетінің 1963 жылғы түлегі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Төрехан Кемелқызы тағайындалды.

2002-2006 жылдары «Биология, география және экология» кафедрасының меңгерушісі Рахат Құрманбаев, 2006-2010 жылдары биология ғылымдарының кандидаты А.Байкенжеева болды. 2010-2012 жылдары биология ғылымдарының докторы, профессор С.Ибадуллаева атқарды.  2012-2020 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі биология ғылымдарының кандидаты, А.Байкенжеева болды. 2019 жылы «Биология және география» кафедрасы мен «Химия және экология» кафедрасын біріктіріп, «Биология, география және химия» кафедрасын ашты. 2020-2021 оқу жылынан бүгінге дейін кафедра меңгерушілігін PhD Г.Тоқтағанова атқарып келеді. Қазір кафедрадағы оқытушы-профессорлар құрамында 1 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты, 1 PhD, 11 ғылым магистрі бар.

Біз білім алған жылдары қызмет атқарған профессор-оқытушылардың болашақ мамандар тұлғасын қалыптастырудағы өзіндік еңбегі, әдіс-тәсілдері ерекше еді. Әсіресе, кафедраға қарасты зоологиялық музейдің жәдігерлермен толығуына доцент Ө.Тапалов үлкен үлес қосты.

Бүгінгі күні сапалы, білімді маман дайындауда тәжірибелі педагогтардың еңбегі зор.

Университетіміздің 85 жылдық тарихында жастарға үлгі боларлық қызмет атқарған оқытушы-профессорлар өте көп. Олардың еңбегін дәріптеу бүгінгі буынның парызы деп ойлаймыз. Ол тағы бір мақаланың арқауы болатыны сөзсіз.

Гүлмира НАЗАРОВА,

Гүлшат ОҢҒАРБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушылары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<