Универсиада: Қазақстан құрамасы – 11-орында

714

0

Фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 2023 жылғы қысқы Универсиада мәресіне жетті. Екі жылда бір мәрте өткізілетін дүбірлі додада қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды. Олардың еншісінде үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль бар. Осылайша медальдар кестесінде он бірінші орынға тұрақтады.

Универсиадада 48 медаль алған (21 алтын, 17 күміс, 10 қола) Жапония медальдар кестесінде бірінші орын алды. Одан кейінгі Оңтүстік Кореяның 29 (12-8-9) және Канаданың 13 (6-1-6) медалі бар.

Ел құрамасынан биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев чемпиондық тұғырға көтерілді.

Ал биатлоншы Александр Мухин, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев пен Сергей Ткаченко (командалық жарыс), шорт-тректен аралас эстафетаға қатысушылар (Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абулкатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұқанов) және шорт-тректен ерлер құрамасы (Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Абулкамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұқанов және Валерий Клименко) күміс медальға қол жеткізді.

Ал қола жүлде биатлоншы Александр Мухин, шаңғышы Ксения Шалыгина, шаңғымен жарысудан әйелдер құрамасы (Айша Рақышева, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина) және хоккейден ерлер құрамасына бұйырды.

Қызылордалық боксшылар финалға шықты

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында қызылордалық екі спортшы финалға жолдама алды.

Олардың бірі – Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) жартылай финалда қырғызстандық Ислам Торобаевпен қолғап түйістірді. Шаршы алаң төріндегі тартысты бәсекеде жерлесіміз өзін жақсы қырынан көрсете білді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан оның жеңіске жеткеніне дауыс берді.

Ал қыздар арасында Гүлсая Ержан (81 келі) жартылай финалда непалдық Триша Джебегумен жекпе-жекке шықты. Сайыс барысында қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілер шешімімен ол финалға жолдама алды.

Әзірлеген

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<