Белгілі актриса фильмді заңсыз сататындарға шүйлікті

414

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық продюсер, актриса Құралай Анарбекова фильмдерді Telegram-каналдарында нашар сапада әрі арзан бағада сатып жүргендерге шүйлікті, деп хабарлайды Stan.kz.

Продюсер бүгінде өзекті мәселеге айналған тақырыпты көтеріп, Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады. Ол мұндай заңсыздық туралы естігенде ашуға бой алдырғанын да жасырмады.

“Достар! Менің киногер -әріптестерімнің айтуынша, ниеті теріс бір адамдар отандық фильмдерді Telegram-каналдарда 500 теңгеге өте нашар сапада сатуға кірісіпті. Бұл жайттың ашуыма тигені соншалық, өз-өзіме әлі келе алар емеспін. Қазақ киносы енді ғана қадамын нық басып келеді. Ал осындай” жарылқаушлылар” біздің мәдениетіміздің дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. 

Біз әріптестерімізбен бірге сапалы жұмысымызды көрсету үшін бар күш-қуатымызды, өз уақытымыз бен ақшамызды жұмсап жатқан кезде “әлдебір көзбояушылар” ұялы телефондарға түсірілген экран жазбаларын “тықпалап” әлек.

Осындай бір ғана іс-әрекеттің кесірінен әрбір жоба арқылы қазақ киносының деңгейін көтеру мақсатында айлар бойы ұйықысыз, ала таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін жүздеген адамның еңбегі жоққа шығарылып, күлге ұшуда”, – дейді актриса наразылығын жасыра алмай.

Сондай-ақ, ол мұндай заңсыздыққа бейжай қарап отырмайтынын ескертті.

“Мысалы, мен және менің тобым, жеке өмір мен басқа да көптеген тіршілікті бір шетке ысырып қойып, әрбір фильмге жарты жыл уақыт жұмсаймыз. Өйткені біз көрермендердің кинотеатрлардан не көретіні туралы мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан, қазақ фильмдерінің сеанстарында “еркелеп, есіргісі” келетіндердің барлығына ескертемін. Мен және менің тобым кез келген құқық бұзушылыққа қатаң түрде кері жауап қататын боламыз. Кино қарақшылығы – қылмыс (қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген). Десе де, барлық фильм прокаттан кейін цифрлық алаңдарда, тіпті YouTube-та ақысыз қолжетімді болады”, – деп жазды Құралай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<