«Олимптің күйреуі»: Грек мифіндегі қазіргі қоғам бейнесі

1270

0

Қызылорда жастар театры «Олимптің күйреуі» мифологиялық драмасын сахналады. Қойылымды тамашалауға Сыр еліне іссапармен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысты.

Тарихи-тағылымды, терең ойлы қойылымды театрдың жаңа белесі деуге болады. Жас өнер ұжымы бұған дейін көрерменін «Алғашқы махаббат» комедиясы, «Қыз қасқыр» қасіретнамасы, «Неге?» трагедиясы, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» трагифарс спектаклі, «Отырардың жасыны» тарихи драмасы, «Ұлардың дауысы» поэзиялық  қойылымы секілді спектакльдерімен қуантқан еді.

Түрлі тақырыптарға, батыл ізденістерге жиі баратын ұжым бұл жолы Сыр сахнасына алғаш рет антик дәуірді алып шықты. «Олимптің күйреуі» – башқұрт жазушысы Флюр Галимовтың трагедиялардан тұратын драмалық трилогиясының бірінші бөлімі. Спектакльдің режиссері – Оңталап Нұрмаханов.

Қойылымнан Олимп құдайларының мінез-құлқы адамдардан да жаман екені көрінеді. Құдай аты бола тұра әрбірі алдап-арбаудан, қызғаныш пен көреалмаушылықтан, кек қуу мен өшпенділіктен аса алмайды. Кейіпкерлердің арасында өрбитін осындай небір шиеленісті оқиғаларға толы қойылымдағы желілер өз көрерменін әсте бей-жай қалдыра қоймайды.

Аспан құдайы бола тұра жүздеген некесіз баласын алиментсіз қалдырған Зевстің тойымсыз нәпсісі көптеген тағдырлардың күйреуіне себеп болады. Ал құдайлардың патшайымы Гера күйеуі Зевспен көңілдес жас ханымдардан кек алудан аса алмайды. Осылай әйелдің де, құдайдың да қадір-қасиетін ұмытып кетеді.

Құдайлар қайдағы жоқ алтын алмаға бола Троядағы соғысты бастап, көптеген адамның өмірі қиылады. Енді бірде әйел құдайлар «Эллада сұлуы» атанғысы келіп жанжалдасып, нәтижесінде адамдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысады. Ал күн құдайы Аполлон мен аңшылық құдайы Артемида анасы артық сөз айтқаны үшін он төрт баланы оққа байлайды.

Қойылымда құдайлардың осы қылмыстары, «пендешіліктері» көрінеді. Барлығы Зевске жағынумен, мағынасыз ойын-тоймен күнін өткізіп жатады. Құдайлар мекеніне сай етіп сахнаны көркемдеуге деген талғампаздық та қойылымның сценографиясынан көрініп тұрды. Сол сияқты спектакльді қою барысында режиссердің шығармашылық топтағы суретшіге, сахна сайысын дайындаушыға талап қоя білетіні анық аңғарылды. Сценографияда аспан мен жер арасын жалғап тұрған шынжыр арқылы жасаған көріністер шынында да оқиға желісін аша түсетін ұтымды шешім болып шыққан.

Осы уақытта адамдарды қорғауға, оларға көмектесуге тырысқаны үшін қамауға түсіп, отыз жыл азап көрген Прометей босап шығады. Аңыздардың біріне сәйкес, ол балшықтан адамзатты жаратқан. Құдайлардың кесірінен азап шеккенін көріп, адамдарға Олимптегі отты берген.

Қиялдан туған грек мифінде қараңғылықтағы адамдарға жарық сипатты от әкелетін титан Прометей отыз жыл бұғауда жатып, ақыры жария болған шындық сияқты әсер қалдырады. Ол қиянатқа шағымданар ешкімі жоқ адамдардың мұңын айтып, құдайлардың барлық қылмысын әшкерелейді. Ақыры ақиқат жеңіп шығып, Олимп әміршісін тағынан құлатады.

Қойылым ерте дүниедегі грек мифін еске салып, жадыда жаңғыртқанымен, мазмұны жағынан мүлде бөлек туынды. Бұл ретте спектакльдің режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың адамзат дамуының басты белестерін бейнелейтін шығарманы қазақша сөйлетумен шектелмей, сол арқылы қазіргі қоғамның бейнесін көрсете білгенін айта кеткен жөн.

Театрдың талантты актерлары – Мұхамедхан Алиханов, Айша Әбдірахман, Ілияс Өтетілеу, Нұрдәулет Баймахан, Қарлығаш Қонақ, Нұрдәулет Әбдіқаппар, Мақсат Серіковтер орындауында құдайлар тұлғасы өте жақсы ашылған, кейбір сипаттары шебер сомдалған. Бірен-саран түйткілдеріне қарамастан, премьера сәтті қойылған деп сеніммен айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, премьера қазақ сахнасына тағы бір жақсы жаңалық болып қосылып отыр.

Құдайлар пантеонының атмосферасын көрерменге нанымды көрсетуде музыкамен көркемдеген ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор Сәбит Ұлықпанұлының, балетмейстер, белгілі хореограф Ақмарал Қойшығұлованың зор үлес қосқанын байқауға болады.

Жалпы, жаңа қойылымды көрермен жылы қабылдады деуге болады. Театр үшін премьера – қашанда үлкен жаңалық десек те, антик дәуірдің, грек мифологиясының Сыр елінде сахналануы өңірдің рухани өміріндегі үлкен оқиға.

Премьерадан соң ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өнерлі жастарға Мемлекет басшысы артқан сенімін жүрекжарды тілегімен жеткізіп, алғыс білдірді. Қойылымға жоғары бағасын берді.

– Сыр елі – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Осындай қасиетті топырақта жастарымыз жалпы қоғамдағы, елдегі, тіпті адамзат тарихында мәні зор, терең тақырыпты тамаша жеткізіп, бізді тәнті етіп отыр, – деді Мәлік Отарбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов театр труппасына ерекше спектакль үшін ризашылық білдірді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<