Орынды ұсыныс ескерусіз қалмайды

588

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке қабылдады. Осы жолы 11 адам жазылған, оның екеуі онлайн режимде мәселесін жеткізді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі қаржылай көмек көрсету, денсаулық сақтау, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін көтерді. Аймақтағы елді мекендерге, көше, мектептерге өңір дамуына өз үлесін қосқан азаматтардың есімін беру жөнінде ұсыныс айтты.

Облыс әкімі ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта зерттеліп, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді.

Атап айтқанда, 73 жастағы жалғызбасты қала тұрғыны өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған үйіне ауызсу жүргізуге көмек сұрады. Аймақ басшысы қала әкімі Асылбек Шәменовке зейнеткердің үйіне барып, тұрмыстық жағдайымен танысуды, сосын нақты ұсыныс беруді тапсырды.

Қабылдауға келген тағы бір азамат «Еңбек» саяжайына ауызсу, табиғи газ және электр жарығын жүргізу мәселесін көтерді. Нұрлыбек Машбекұлы қала әкімі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына саяжай аумағындағы инфрақұрылым түйткілдерін мұқият зерттеп, электр жарығын жүргізу жұмыстарын 10 наурызға дейін жүзеге асыруды міндеттеді.

Осы уақытқа дейін облыс әкімі 27 жеке қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынның өзекті мәселесіне ден қойды.

Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<