Білімдегі бірегей бетбұрыс

688

0

Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі, Қызылорда қалалық білім бөлімімен бірлесе «Отбасы – мектеп» жұмысы аясында «Әлеуметтік орта: Жеке тұлға» тақырыбындағы әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырды.

«Отбасы – мектеп» штабының кезекті отырысына қатысушылар бұл жолы ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар жайына кеңінен тоқталды. Себебі дамыған елдерде жалпы адами құндылықтары мен әлеуметтік талаптарға сай білім беру жүйесінде барлық балалар тең және тосқауылсыз білім алуы қажет деген шешімге келген. Еліміздің заңнамаларында да балаларды қорғау аясындағы халықаралық құжаттарға сәйкес «ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың барлық мүмкіндіктері ескеріледі, сапалы білім алуда тең құқылы» деп көрсетілген.

Осы заңға сүйенген шара барысында да ерекше білім беруді қажет ететін балаларға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіліп, оқытудың айырмашылықтарына тоқталып, көмек пен жағдай жасау төңірегінде әңгіме өрбіді. Басқосуға арнайы қонақтардан бөлек, ZOOM платформасы арқылы жүзге жуық оқушы және ата-аналар қатысты.

Штаб 3 жыл бойы ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Қоғамның белді тұлғалары, көпбалалы аналар, ақ жаулықты әжелердің қатысуымен бірнеше ашық алаңдар, кездесулер мен шеберлік сыныптары өткен. Бұл жолғы кездесу де нәтижелі әрі пайдалы болды.

– Өзім үшін де, қоғамда да бала құқығы басты назарда болу керек деп ойлаймын. Көп жағдайда балаларға жақсы, түсінікті, қолжетімді білім қажет. Бұл өз кезегінде баланың жеке қажеттіліктеріне, қабілеттері мен даму ерекшеліктеріне сәйкес келетін түрлі әдістерді пайдалануды көздейді, – деді облыстық бала құқықтары жөнінде уәкіл Жапырақ Ұзақбаева.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары қазақ классиктерімен қатар, әлем әдебиетін де оқуда. Оқып қана қоймай әдемі орта құрып, өзара талдауды әдетке айналдырған.

Келушілерге 6 кіші мектеп жобасы таныстырылды. Соның ішінде «Синергия» атты ерекше жандардың әлеуметтік жобасы мен «Демеу» жәрмеңкесіндегі оқушылар жұмысы ерекше көзге түсті. Ал ағартушылық бағыттағы «Компьютерлік жады» мен әдістемелік-диспетчерлік бағыттағы «Онға дейінгі сандарды қосу және азайту» әдістері өз ерекшелігімен айқындалды.

Негізі, бұл мектепте 40-тан астам ерекше білім беруді қажет ететін оқушы бар екен. Оларды оқытуда талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың осы бір білімдегі бірегей бетбұрысы мен жаңашылдығы талай әріптестеріне үлгі бола берері сөзсіз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<