Балабақша – болашақ бастауы

2046

0

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек қателеспейміз. Бар білімнің бастауы – балабақшада. Өйткені, тәрбие мен білім қашанда егіз. Баланың ішкі дүниесі мен қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасауда қазақы құндылықтиардың тигізер әсері орасан.

Қаламыздағы «Күнекей» бөбекжай балабақшасы меңгерушісі Мөлдір Балғабайқызының бастамасымен «Құлыншақ» тобының тәрбиешілері Лаура Оңталапқызы мен Ақжарқын Қырбаеваның ұйымдастыруымен балабақша жанынан қазақы үй бұрышы ашылды.

Мұнда бүлдіршіндерге ұлттық киіз үйдің құрамдас бөлігі таныстырылып, ертегі қойылымы қойылады. Жас жеткіншектер сол арқылы ата-баба мұрасын қастерлеп, ойлау жүйесі тез дамиды. Сонымен қатар қазақы нақыштағы бұйымдарды танып өседі.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиешілердің ұстанымы балаларға білім беруден бөлек сөйлеу қабілетін жетілдіріп, логикалық ойлауды, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға және жеке мүмкіндіктерді беретін дамытушы орта құруға мүмкіндік береді.

– Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы қабілет жан-жақты дами бастайды. Сондықтан балалармен жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс та нәтижелі болады. Бала балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз, – тәрбиеші Лаура Оңталапқызы.

Балабақша барша баланың алғашқы білім алып, тәрбиеленетін өнегелі ортасы. Ұлттық мұраларымыздың негізі қазақы өнер құндылықтарында жатыр. Мемлекетттің басты байлығы адам десек, адамның тұлға болып қалыптасуына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты ұрпақ тарайтыны белгілі. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал қатпарлы тарих бетінде таңбаланған ғасырлар қойнауы ғажайыпқа толы кешегі күннің куәсі. Ол осындай шағын балабақша тобындағы жұмыстардан бастау алады.

Халқымыздың асыл мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп, келешек ұрпаққа аманаттау жолында әрбіріміз талай еңбектенуіміз керек.

Қазақы киіз үй үлгісінде ашылған бұрыш халықтың тұрмыс-салтының, мәдениеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы, дәстүр діңгегі. Мұндағы құнды жәдігерлер өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына өз септігін тигізеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<