Аудан тұрғындарының белсенділігі жоғары

496

0

Қармақшы ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Жоғары жауапкершілікті сезінетін аудан тұрғындары таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс беруді бастап кетті.

Қармақшы ауданында сайлау учаскелерінде халықтың белсенділігі жоғары. Қармақшылықтар еліміз үшін маңызды сәтте жауапкершілік жүгін сезініп, өз таңдауларын жасауда. Айталық, бірлігі жарасқан ІІІ Интернационал ауылы тұрғындары саяси додада белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап жатыр.

Белсендік танытып жатқан сайлаушылардың ішінде облыстық «Үздік жас отбасы-2022» байқауының жеңімпазы Әмзеевтер отбасы мен Облыстық «Мерейлі отбасы-2021» байқауының 2-орын иегері Қызылтам ауылының Қартабаевтар отбасы бар.

№112 сайлау учаскесінде «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Шамшатовтар да отбасымен келіп өз таңдауларын жасады. Серікбай Шамшатов ақсақал батасын беріп, басқа да сайлаушыларға сәттілік тіледі.

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бибігүл Әбішева өз таңдауын жасады.

№96 сайлау учаскесіне кент тұрғыны 84 жастағы тыл ардагер Әбдіразақ Пірмағанбетов бірінші болып дауыс беріп өз таңдауын жасады. Ол әр сайлау сайын бірінші дауыс беруді үрдіске айналдырған және азаматтық парызым деп біледі. Сонымен қатар Наурыз мерекесінің қарсаңында өтіп жатқан науқанға аудан тұрғындарын бір кісідей дауыс беріп, атсалысуға шақырды. Ел жұртты келе жатқан мерекемен құттықтап, ақ батасын берді.

Таң ұйқысын қиып, сайлау учаскесіне асыққандарда шек жоқ. Кент тұрғындары бір кісідей белсенділік танытуда. Соның бірі – Назым Бегежанова. Ол 22 жаста және бірінші рет №95 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

– Бұл сәтті көп күттім, қазір ерекше көңіл күйдемін. Сайлауда берген дауысым кандидаттар үшін маңызды деп ойлаймын. Додаға түсіп жатқан үміткерлерге сәттілік тілеймін – деді ол.

Ал жүз шайыр елінде сайлау науқаны айрықша бастау алды. Жүзден аса шайырлар мен жыршы-жыраулар шыққан қасиетті Қармақшы жеріндегі Тұрмағамбет ауылында сайлау науқаны жыраулар шеруімен басталды.

Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған жыраулық мектептің өкілдері өз таңдауларын жасап, саяси доданың сәнін келтіріп, сайлаушыларға жоғары көңіл күй сыйлады.

Айта кету керек, аудандардағы учаскелерге алғаш болып келген сайлаушыларға сыйлықтар берілді. Сайлауға дауыс берушілер ұлттық киім киіп, қазақтың әз Наурыз мерекесін ұлықтап келіп жатыр. Дауыс беру процесі штаттық режимде өтіп жатыр. Заңнама бұзушылықтары тіркелген жоқ. Адамдар сайлауға жақсы көңіл-күйде келіп жатыр. Жоғары қатысу деңгейі байқалады.

Сондай-ақ, кенттегі сайлау учаскелерінде Наурыз мерекесіне қарсы түрлі іс-шара өткізілуде. Мәселен, №95 сайлау учаскесінде «Бауырсақпати» ұйымдастырылып, дауыс берушілерге ұсынылды. Кентіміздегі ардагер ұстаз Смағұл Қауысов ақсақал қазақи нақышта шапанмен келіп, мерекені сезіндірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<