Аудан басшысы колледж студенттері және ата-аналарымен кездесті

425

0

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған арнайы топ өкілдері облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж студенттері және ата-аналармен кездесті.

Жиынды жүргізген аудан басшысы орын алған топтық төбелесті түсіндіріп, бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.

– Несін жасырайық, қазір кейбір ата-ананы «баламның жанында кім жүр, ол кіммен араласады?» – деген сұрақ мазаламайтын болды.

Өкініштісі сол, баламен бірге отырып тамақ ішпейтін де жағдайға жеттік. Дастархан басына келді деген күннің өзінде ұялы телефонға телміріп отырады. Үнемі бұлай отыру жас өскіннің психологиясын бұзады. Сондықтан ата-аналар тарапынан қатаң бақылау болуы қажет, – деді аудан әкімі М.Әуесұлы.

Мұнан соң аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз алып, оқиғаға қатысы бар 5 балаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

– Әлі тергеу жүргізіліп жатыр. Барлығы анықталған соң қатысы бар жастарға қылмыстық қатаң шара көріледі.

Бұрын төбелес болмады емес, болды. Бірақ қазіргідей түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеп, тарату болмады. Оны да жасаған өзінің айналасында жүрген жандар.

«Ауруын жасырған өледі». Сондықтан осындай шараларда барлығын бүкпей айту керек. Сонда ғана аудандағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын ала аламыз, – деді аудан прокуроры.

Артынша аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз тізгінін алып, қылмыстық іске барған кәмілетке толмаған балалардың ата-анасына айыппұл салынатынын айтты.

– Қазір ауданымыз тұтас Қазақстанның талқылауында. Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді дегендей, бір оқиға ауданды жаман жағынан көрсетті. Қазір балаларға әкімшілік шара көрілетін болса, ол келешекте оның алдынан шығады. Сол үшін осы бастан теріс қылыққа, қылмысты әрекетке бармау қажет. Ол – өз болашағыңа балта шапқанмен тең, – деді аудандық мәслихат төрағасы.

Жиын соңында ата-аналар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Соған сай жауаптары да берілді.

Айта кеткен жөн, жиынға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев пен Есет Табынбаев және аудандық полиция қызметкерлері қатысты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<