Қоғамдық көлік және жолаушы немесе екінші тарапты тыңдағанда…

1086

0

Фото: ашық дереккөз

Қоғамдық көліктердің қызметі қала тұрғындарының көңілінен шығуы қиын. Топырлатып адам тиеп алу, жылдамдықты арттыру, кешігіп келу, тағы басқа себептері көп. Қай кезде де клиенттің айтқаны дұрыс. Жүру ақысын төлегеннен кейін қызмет те соған сай болуы тиіс.

Қазір қоғамдық көліктердің көбіне QR код қойылып, жолаушылар жүру ақысын телефон арқылы төлейді. Оның құны автобустарда 85 теңге. Егер төлем онлайн болмаған жағдайда, қолма-қол 90 теңге. Бұл да кезінде тұрғындардың наразылығын тудырып, біраз айқай-шуға ұласып барып басылған еді. Айтпағымыз, жолақы тағы да көтерілуі мүмкін. Жалақысын жолақыға жұмсайтын жұрт үшін жүріп-тұру құны тиімді болса игі. Елдің салмақ салып сұрап отырғаны – сапалы қызмет қана.

Негізінен, біз автобустардың жүргізушілері мен кондукторларын, одан қалды автопарк басшыларын кінәлаймыз. Бір тараптың ғана пікіріне құлақ аспай, қызмет көрсетуші тараптың да сөзін саралап көрсек… Осы орайда қоғамдық көліктерде дифференциалды тариф жүйесін енгізу жөнінде «Қызылорда автобус паркі» ғимаратында көшпелі брифинг өткен болатын. Көп істің ақ-қарасын осы жерден білдік.

Көлік көбейіп келеді

Осыдан он жыл бұрын, яғни 2013 жылы Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалын жақсарту үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС құрылып, оның теңгеріміне облыстық бюджет есебінен «Zhangtong LCK 6105HGC» маркалы 20 автобус алынған еді.

Ал 2017 жылы облыс әкімдігі, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы үшжақты меморандум негізінде парк теңгеріміне «Zhоngtong LCK 6105 HGC» маркалы 92 автобус несиеге алынды. Келісім бойынша банк несиеге автобус алуды, ал жергілікті атқарушы орган заман талабына сай автобус паркін салуды өз міндетіне алды.

Нәтижесінде 5 гектар жерге жаңа үлгідегі автобус паркі салынып, 2017 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Серіктестік ауласындағы автобустарды жөндеу цехтары барлық керекті жабдықтармен қамтылған. Қазір үш ауысыммен тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді. Цехта арнайы (ТО-1, ТО-2) 8 орында техникалық қызмет, 2 орында диагностикалық қызмет көрсетіледі. Бес тоннаға дейін жүк көтеретін кран балкасы және автобустарды көтеретін жылжымалы 3 домкрат бар. Бұдан бөлек, шиномонтаж, вулканизация, электр жабдықтарын жөндеу, агрегаттар жөндеу, басқа да күрделі бөлшектерді жөндеу орындары орналасқан.

Автобустар парк ауласында орналасқан заманауи газ құю станциясынан экологиялық таза газ-метан отынымен қамтылады.

Серіктестік 2013 жылы 20, 2015-2016 жылдары 92 «ZhongTong» маркалы автобусымен, 2017 жылы 10 «ПАЗ», 2020 жылы 13 «ZhongTong» автобусымен толықтырылып, қалаішілік бағыттарда жолаушылар тасымалымен айналысып келеді.

Өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 автобус алынған.

– Бүгінде қалаішілік он сегіз бағыт (1, 3, 11, 12, 14, 15, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29, 30, 31) және қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-66» саяжайларына қызмет көрсетудеміз. Күнделікті 150 автобус шығады, қатынау интервалы 12-15 минут.

Автопарктегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы 40 көлік күрделі жөндеу жасалған соң қосымша бағыттарға қосылып, қалаішілік жолаушылар тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қосады.

Облыс орталығы тұрғындары мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі қоғамдық көліктер саны артады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке қосымша 150 автобус алу жөніндегі ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп отыр, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Цифрландырудағы серпіліс

Серіктестіктің стратегиялық жоспарына жыл көлемінде қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағыттарын қамту кіреді.

Цифрландыру күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені барлығымызға аян. Бүгінде «ALEMPAY» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жол ақысы ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген.

– Алда өтетін қалалық мәслихаттың сессиясына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берді. Электронды төлемақы 85 теңге болып қала береді.

Бұл – электронды төлем жасауды арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашылдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениет қалыптастырып келеді.

Қызылордалықтарға электронды төлем жасаудың 8 түрі ұсынылған. Олар: SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы, – деді серіктестік басшысы.

Сонымен бірге SMS BUS қосымшасын кез келген телефоннан өзіңізге жүктесеңіз, көліктің қай аялдамадан шыққанын, уақытын бақылай аласыз. Алдағы уақытта мекеме оқушылар тасымалын сапалы әрі қауіпсіз көрсету жауапкершілігін алмақ.

Сынақ пен сұрақ

Жол жүру ережесін қатаң сақтау және жол-көлік оқиғаларына жол бермеу серіктестік басшылығының қатаң бақылауында. Қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған жол-көлік оқиғалары дер кезінде талқыланып, апта сайын жол жүру ережесі оқытылады. Олар түрлі сынақ тапсырып тұрады.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары, Қызылорда қалалық полиция басқармасы әкімшілік полициясы жол-техникалық бөлімінің қызметкерлері және «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жауапты қызметкерлері бірлесе отырып жаңадан ашылатын бағыттар бойынша жолдар мен көшелердің техникалық жағдайына комиссиялық тексеру жұмыстарынн жүргізді. Жол сапасын жақсарту, жол белгілерін орнату жөнінде тиісті мекемелерге сұралым берген. Бұл да – жолаушылар үшін атқарылған басты шаруалардың бірі.

Жүргізушілер не дейді?

Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі 376-дан 464-ке дейін артып, оның ішінде 300-ін автобус жүргізушілері құраған.

Қойылатын кәсіби талап – 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі, «D» санаты бар жүргізушілер қабылданды.

Алайда бұл талаптарға сай автобус жүргізушілері тапшы екені мәлім. Серіктестік жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2022 жылдың қараша айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін 88 жүргізуші жұмысқа қабылданған.

– Қызметкерлердің құқықтары мен мүддесін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін кәсіподақ комитеті құрылған. Кәсіподақ белсенділері – қызметкерлер мен жұмыс беруші тараптың еңбекке байланысты ара қатынасын реттейтін заңды және тәуелсіз тұлға. Әлеуметтік кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасалып, олардың орындалуы қадағалануда.

Кәсіподақ қызметкерлерді ынталандыру үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды. Алдағы уақытта қызметкерлерді шипажайға және балаларын тынығу лагерлеріне жіберу жұмыстары үйлестірілетін болады. Сондай-ақ, серіктестік жұмысшылары әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді, – деді парк басшысы.

Серіктестіктің әкімшілік ғимаратында өңірдің тарихы, мекеменің құрылу кезеңі, транспорт саласы ардагерлерінің өмірі жайында арнайы кабинет жабдықталған.

Биыл 10 жылдыққа орай автобус жүргізушілеріне өз міндетіне жауаптылықпен қарағаны үшін «Үлгілі жүргізуші», «Елеулі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шеберлі жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысының үздігі», «Таза автобус» және «Жыл жүргізушісі» номинациялары беріледі. Тоқсандық жұмыс нәтижелеріне сәйкес жетістікке жеткен қызметкерлерге 10 АЕК мөлшерінде сыйақы беру жоспарлануда.

Ашық ақпарат алаңы

«Қызылорда автобус паркіне» қарасты бағыттардың жаңартылған жол сызбалары қала тұрғындарына БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы таныстырылып отырады. Мекеменің диспетчерлік CALL орталығы тұрғындармен кері байланыс орнатып, халықтың ұсыныс-пікірлері мен арыз-шағымдарын қабылдауда.

Жыл басынан бері серіктестік Facebook, Instagram, TikTok әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына, телеарна, газеттерге материалдар жариялап келеді.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолаушыларға дөрекілік танытуына, жылдамдықты асыруына, басқа көліктермен жарысуына тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға дер кезінде жауап беріліп, кері байланыс орнатылған.

Қоғамдық көліктердің қызметін жетілдіруді тоқтатпау керек. Бүгінде автобустарға сән кіріп, перде ілініп, жүргізуші мен кондуктор арнайы киім киген. Осы бір көріністің өзі жолаушыларға жылылық сыйлайды. Дегенмен, жолда жүру мәдениетінде жетіспей жатқан тұстарымыз бар екені жасырын емес.

Қоғамдық көліктегі мәселелер бүгін пайда болған жоқ. Күні ертең шешіле қоймасы да анық. Оларды шешуге қадам жасау, жол мәдениетін сақтау сіз бен бізге байланысты.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<