Үкімет басшысының орынбасары жұмыс сапарымен келді

715

0

Кеше өңірге жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, жұмысымен танысты.

Үкімет басшысы орынбасарының жұмыс сапары Шиелі ауданынан басталды. Алтай Сейдірұлы «Иіркөл» ауылдық округі Жансейіт ауылындағы апаттық жағдайдағы №133 негізгі мектеп жұмысын көрді. Нысан 1979 жылы салынған, онда ыңғайластырылып жасалған 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет бар. Спорт залы, асхана, акт залы жоқ, материалдық-техникалық базасы талаптарға сәйкес келмейді. Қосымша сабақтар, үйірмелер өткізуге мүмкіншілік жоқ. Мектеп оқушылары екі ауысымда оқиды, қазіргі таңда 90 оқушы білім алуда. Елді мекенде 6 жасқа дейінгі 70 бала бар, демек алдағы уақытта оқушылар саны артатын болады. Сондықтан мұнда жаңа білім ордасын салу қажеттігі туындап отыр.

Мұнан кейін Алтай Көлгінов «Жаңатұрмыс» ауылдық округіндегі Байсын ауылында болып, 250 орындық №207 мектеп құрылысын көрді. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимаратын бас мердігер – «Авангард ПГС» ЖШС салуда. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 942,5 млн теңге, нысан бір жыл ішінде бой көтермек.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Шиелі кентіндегі апаттық жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты. Мекеме 1922 жылы ашылып, 1958 жылы бейімделген жобадағы мектеп ғимаратына көшірілген. Сыйымдылығы 640 орынды құрайтын ғимаратта қазіргі таңда 777 оқушы білім алуда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, педагогтерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі биыл басталатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешім табады, – деп атап өтті Алтай Көлгінов. – 2023 жылы «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу және 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыстар тізіміне енгізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін тауып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалады.

Ауданға жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Шиелі орталық көпбейінді аудандық ауруханасын аралап көрді. Қызмет ету тарихы бір ғасырдан астам бұл мекеме 1974 жылы «Бәйгеқұм» ауылынан жаңа ғимаратқа көшіріліп, Шиелі аудандық ауруханасы болып қайта құрылды. Ғимараттың жалпы алаңы 66 мың шаршы метрден асады, қазір 271 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 41 дәрігер, 127 медбике, 63 техникалық және т.б. қызметкерлер бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары облыс орталығында тұрғындармен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіреді және Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<