Ғарышты игерудегі жемісті ынтымақтастық

616

0

Байқоңырда Дүниежүзілік авиация және космонавтика күніне, сондай-ақ тұңғыш ғарышкер әйел, Кеңес Одағының Батыры Валентина Терешкованың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өтті. Алдымен тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин атындағы алаңда митинг өтті. Оған Байқоңыр қаласының әкімшілігі, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының филиалы, «ЦЭнки» АҚ өкілдері,  жергілікті тұрғындар қатысты.

Қатысушыларды атаулы датамен облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қалалық әкімдігінің басшысы Константин Бусыгин, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалдың басшысы Игорь Дмитриев құттықтады.

Айта кетсек, 12 сәуір – адамзат тарихындағы айтулы күн. 1961 жылы осы күні кеңес ғарышкері Юрий Гагарин «Восток-1» ғарыш кемесімен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылып, әлемде алғаш рет Жер планетасын айналып, 108 минутқа созылған орбиталық ұшуын жасады. Бұл дата қос мемлекет – Қазақстан мен Ресей үшін де ерекше маңызды. Қазақстан мен Ресей ғарышты игеруде жемісті ынтымақтастықта болды, көптеген маңызды идеялар мен жобалар жүзеге асырылды. Алда көптеген міндеттер тұр.

Іс-шара қатысушыларын облыс әкімінің атынан Қайрат Нұртай құттықтады. Ол ғарышты игеруге отандастарымыз Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтың ерекше үлес қосқанын айтты. Бүгінде Қазақстан мен Ресей бірлескен «Бәйтерек» ғарыш жобасын әзірлеуде.

– Бүгінде бұл салада екі жүзден астам қазақстандық маман жұмыс істейді. Ғарышты игеру және Байқоңыр қаласын дамыту бойынша барлық маңызды жобалар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында, – деді Қайрат Нұртай.

Бүгінде қалада инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй құрылысы, газдандыру, туризм бағытында бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта Мемлекет басшысының қолдауымен қомақты қаржы қарастырылуда. Мысалы, инфрақұрылымды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен қаржы бөлу көзделіп отыр.

Жалпы, бүгінде Байқоңыр қаласында 67 мыңнан астам адам тұрады. Оның 50 мыңнан астамы – Қазақстан азаматтары. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қалада бес көпқабатты үй бой көтерді. Биыл тағы бес көпқабатты үй салынады. 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ, Байқоңыр толығымен газбен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда іргелес «Ақай» мен «Төретам» елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Мерекеге қатысушылар Юрий Гагариннің, кеңестік конструктор-ғалым, КСРО Ғылым академиясының академигі Сергей Королевтің ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында дәстүрлі «Гагарин эстафетасы» өтті.

Мерекелік іс-шаралар «Сатурн» киноконцерт залында өткен салтанатты жиынға жалғасты. Жиын қатысушылары ғарышта түсірілген тұңғыш кинофильм – «Вызов» көркем фильмін тамашалады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<