Пәрменді тетіктер енгізілді

389

0

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен кездесті. Апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен жастарды қолдауға бағытталған түрлі жобалар жөнінде ой бөлісіп, пікір білдірді.

Облыстық жастар ресурстық орталығында Алтай Көлгінов жастарға Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және «Білім беруді қолдау» қорының көмегі арқылы шешіледі. Осындай жаңашыл бастамалар аясында үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген.

Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл облыстық қан орталығы мен мамандандырылған емханасы бар 300 орындық (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана салу жоспарланған.

Жастарды жұмыспен қамту – облыстағы өзекті мәселелердің бірі. Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу барысында жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу процесінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін несие беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Қызылорда облысында 2023 жылы осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 7 өтінім мақұлданды. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.

А. Көлгінов жастармен белсенді жұмыс жүргізу, оларға бағытталған қолдаудың барлық тетіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жасау қажеттігіне тоқталды.

– Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді: жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу және т. б. Көбінесе жастар өздеріне берілген мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет. Өйткені жастарды қолдауға қаражат қарастырылып, толық көлемде бөлінетін болады, – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны Қызылорда облысында жүзеге асыруға 2023 жылы 3 млрд теңге қарастырылған.

– Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп бой көтереді. Бұл жастардың білім сапасының жоғарылауына үлкен серпін береді. ҚР Премьер-министрі орынбасарының облысқа жасаған сапары барысында апатты жағдайдағы бірнеше мектептің жағдайын көрді. Бұған байланысты алдағы уақытта ұсынысымызды береміз. Мәселен, Алтай Сейдірұлы Шиелі ауданындағы Жансейіт ауылында 1964 жылы салынған мектепті арнайы барып көрді. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен жастарды қолдауға тиісті қаржы бөлініп келеді. Сол арқылы жастардың тұрғын үй түйткілін және өзге де мәселелерді шешуге зор мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі жастармен жүздесуде.

Облыс орталығында жастарға арналған көптеген ғимарат бой көтереді. Қазіргі уақытта «Оқушылар сарайы», «Неке сарайы» және «Өнер орталығының» құрылысы жүргізілуде. Жаңақорған ауданында жеке инвестор есебінен «Жастар паркі» пайдалануға берілді. Одан өзге де бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Премьер-министрдің орынбасары Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттарына тоқталды.

– Аталған бағдарлама ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалуда: мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы», – деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<