Біз көрген солдат

690

0

Қазалының көнекөз тұрғындары бұрынғы Ленин, қазіргі Әйтеке би көшесі мен Счастнов көшесінің қиылысындағы 1-ші номерлі нан сататын дүкенді ұмыта қоймаған шығар. Жарықтық, қасиетті ас атасы – нанның алуан түрлері болды. Ақ нан, қоңыр нан, қара нан, сайка, батон нан, түрлі пішінді бөлкелер, ұсақ булочкалар, қойшы, әйтеуір, нан іздеген адамға буы бұрқыраған, иісі дүкен ішіндегі тұрмақ, сырттағы өткен-кеткен халықтың танауын қытықтап, тәбетін ашқан ас атасының алуан түрі табылар еді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында бастауыштан сабақтан қайтқанда сол дүкеннің бір бұрышында сатылатын тәтті-дәмділер біздердің мойын бұрмауымызға мүмкіндік бермейтін. Негізі айтпағым, жарты ғасырдың арғы жағындағы нан өнімдерін жарнамалау емес еді. Біздер балалар, сол дүкенге кіріп жүргенімізде үнемі екі қолы иығынан жоқ, үстінде кеуде тұсына бірнеше орден-медальдар тағылған, түсі оңып, тозығы жеткен плащ киген майдангер қартты  көретінбіз. Ол кезде соғыс ардагерлерін кездестіру соншалықты  таңсық емес еді, өйткені  ең жасы қырықтың үстінде болса, ең үлкендері жетпіске келе қоймаған. Сосын аяғы, қолы жоқ майдангерлер де баршылық еді. Балалығымыз шығар, екі аяғы, екі қолы жоқтарды көрсек, қорқатынбыз. Әлгі нан дүкенге келетін кісіні көргенде бойымызды үрей билейтін. Қайдан білейік, елдің тыныштығы үшін екі қолын иығынан беріп келгенін. Ол кезде майдангерлерге дәл бүгінгідей жағдай жасалмаған. Жаңағы кісінің екі жеңі плащтың қалтасына салулы, көздерінің алды іріңдеп, сақал-шашы өсіп кеткен, сатушы да айтқызбай түсінетін болуы керек, арқасындағы дорбасына нанын салып, қалтасынан ақшасын алып жатады. Ол кісіні көпке дейін көріп жүрдік, кейін  әрине, көзден де, көңілден де кетеді ғой. Екі аяғы беліне жақын жоқ, ағаш арбаға мініп, қолымен демеп, итеріп жүретін де майдангер болды. Қазір ойлап қарап отырсақ, соғыс солдаттарына 2000-шы жылдарға дейін десе болады, мүлдем жағдай жасалмапты.

Мынадай мәліметтер бар екен. 1941-1945 жылғы кеңес-герман соғысында КСРО жағынан 43,3 млн адам қаза тауыпты. Хабарсыз кеткендер 5 млн, жараланғандар 46,25 млн. Бас сүйегі талқандалып, тірі қайтқандар 775 мың, жалғыз көзбен қайтқандар 155 мың, мүлдем соқырлар 54 мың, бет-аузы адам танымастай болып қайтқандар 501 мың 342 адам, мойын қисайып, омыртқасы зақымданып келгендер 270 мың 806, жыныс мүшесі жұлынып қайтқандар 28 мың 648 адам, бір қолмен қайтқандар 3 млн 147 мың, екі қолы жоқтар 1 млн 10 мың, бір аяқпен қайтқандар 3 млн 255 мың, екі аяғын қалдырып келгендер 1 млн 121 мың. Аяқ-қолдары жұлынса да лаждап жүретіндер 418 мың 905, халық арасында самаурын деп аталған, мүлдем аяқ-қолсыз қайтқандар 85 мың 942 адам. Неміс тұтқынға түскендер 5 млн 270 мың екен.

Бұл тек статистикалық дерекке сүйенген белгілісі ғана екенін ескерсек, хабарсыз кеткендердің, өртеніп күлге, батпаққа батып тозаңға айналған аруақтардың топырағы торқа болсын дегеннен басқа амалың жоқ. Қаншама қыршындар ұрпақсыз кетті, солар болғанда көбейер ме едік. Осыншалық қайғы-қасіреттен соң Қызыл алаңда шерулету қаншалықты қисынды деген ой да келеді екен…

Әлімжан ҚИЯС.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<