Мемлекет мүмкіндіктері ауылға да жету керек

713

0

Аудан әлеуетін көтеру – ел экономикасының басым бағыты. Қаладағы халықтың жағдайы ғана емес, аудан мен ауыл тұрғындарының жай-күйі де мемлекет деңгейін бағамдауға жол ашады. Сондықтан әлеумет әлеуетін арттыру негізгі мақсатқа айналды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары Сырдария ауданында жалғасып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Жиын  жетекші  салалардың  жай-күйін тануға бағытталды. Әсіресе, бұған дейінгі тапсырмалардың орындалуы назарға алынды. Шараға ауданның барлық ауылдық округ әкiмдерi, облыстық басқармалар мен аудандық бөлiм басшылары қатысты.

Жалпы ауданның даму динамикасы әрқилы. Мәселен, аудан жұмысын бағалайтын рейтингтің көрсеткішіне назар аударайық. Наурыз айына дейінгі қорытынды бойынша екінші орында болғанымен, 10 көрсеткіштің төртеуі бойынша ауданда орташа және төмен даму динамикасы қалыптасқан.

– Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Былтырдың өзінде осы жоба арқылы аймақтағы ауылдарға 7,8 млрд теңге бағытталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сырдария ауданына бағдарлама шеңберінде 11 жобаны жүзеге асыруға 801,2 млн теңге бөлінді. Биыл 1 кент 4 ауылдық округтің 1 млрд 858 млн теңгені құрайтын жобалары қолдау тапты.

Дегенмен, осы бағдарлама бастау алғалы ауданға қарасты 6 елді мекенге мүлде қаржы қаралмаған. Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Іңкәрдария, С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов елді мекендері спутникті және тіректі ауылдар тізімінде бола тұра, ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбаған,  – деді аймақ басшысы.

Бір ғана мысал, ауыл мен ондағы ағайынның еңсе тіктеуіне ықпал ететін «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ ғана қатысқан. Олардың қатарында Аманкелді мен Айдарлы, Шаған және Іңкәрдария елді мекендері бар.

Дегенмен, аталған олқылықтың себебі – мемлекет жасаған мүмкіндікті пайдаланбау. Осы орайда, аймақ басшысы халықтың тұрмыс-тіршілігіне өң беретін көмек түрін ескерусіз қалдырған әкімдерге ескерту жасады. Бұған қоса, аудан әкімдерінен скринингтен өткен ауылдардан басқа да елді мекендер бойынша кемінде 2 млрд теңгеге жоба жасап, ұсынуды талап етті. Ендігі кезекте барлық тетіктерді қосып, қаржы тартуға жұмыла кірісу міндеті тұр. Өйткені мұндай мүмкіндіктер облыстың ішкі қажеттіліктерін өзі өтеуіне әрі екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар санын азайтуға ықпал етеді.

Аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа елдің мұң-мұқтажына құлақ асып, ел игілігіне бағытталған реформаларды халыққа дер уақытында түсіндіруді тапсырды. Берілген мүмкіндікті пайдаланбасақ, алыс-жақын ауылдардың уақыт өте тұралап қалатынын баса айтты.

Бұл сөз негізсіз емес. Себебі Сырдария ауданының ауылдары облыс орталығына жақын орналасқан. Демек, басқа аудандарға қарағанда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндігі мол. Тек ол үшін халықпен тығыз байланыса отырып, тиімді жобаларды уақытылы насихаттау қажет. Өйткені кәсіпкерлік дамып, жұмыссыздық азайғанда ғана әлеуметтің әлеуеті артып, өзекті мәселелер шешім таппақ.

Сонымен қоса, өңір басшысы жұмыссыздықтың талай түйінді мәселелерге әкеліп отырғанын жасырмады. Олай дейтініміз, былтыр ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде 102 қылмыс тіркеліп, оның 84-і ашылған. Ал биыл сәуір айына дейін 37 қылмыс тіркелсе, оның 8-і әлі күнге ашылмаған. Осы ретте қылмыстарды ашу міндетін өз деңгейінде атқармаған аудандық полиция бөлімінің басшылығына ескерту жасағанын айта кеткен жөн.

Мұнан соң облыс әкімі аудан халқымен кездесіп, тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға 60-тан астам азамат келіп, көкейдегі мәселені айтты.

– Жерге қатысты мәселеміз облыс басшысының араласуымен оң шешім тапты. Биыл егін егуді бастадық. Мұндай басқосулар ойды бүкпесіз жеткізуге, күрмеулі мәселенің шешілуіне ықпал етеді, – деді аудан тұрғыны Ғалия Жәрекеева.

Сонымен қатар, тұрғындар баспана мәселесі, денсаулық, білім салаларына қатысты түйінді проблемаларын жеткізді.

– Тереңөзек кенті тұрғындарының атынан келіп тұрмын. Біздің тұрғын үйдің азып-тозғанына қанша жыл. Ғимарат кеңестік кезеңде салынған. Аталған мәселені жергілікті әкімдікке айтқанымызбен, жаңғырту жұмыстары жүргізілмей келеді. Әкімшіліктің табалдырығын тоздырып жүргенімізге 3 жыл болды. Бүгін облыс әкіміне жағдайды жеткіздім. Аймақ басшысы ендігі жылы қаржы бөліп, түйінді мәселені шешуге уәде етті. Басқарма басшыларына мәселені жүзбе-жүз жеткізу үшін осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса игі болар еді, – деді аудан тұрғыны Жамал Піржанова.

Облыс әкімі қабылдауға келген тұрғындардың мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді. Әрбір сауалдың туындау себеп-салдары жан-жақты зерттелмек. Аймақ басшысы тұрғындардың мәселесін назарға алып, бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Кейде аудандағы ағайынның хал-ахуалын қаперде ұстай бермейтініміз жасырын емес. Ондағы тұрғындардың мұң-мұқтажы, арман-тілегі ескерусіз қалып, елдің алаң көңіліне талай куә болдық. Алайда, аймақ басшысы мен жауапты сала мамандарының аудан-ауданды аралауы – аталған олқылықтың орнын толтырарлық іс. Бұл жолғы сапар да осы мақсат жолында жасалған қадам болды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<