Сыр мұнайы: Күрмеулі мәселенің түйіні қалай тарқатылады?

369

0

Сенатор Руслан Рүстемов Қызылорда облысының мұнай экспортының квотасын ұғайтуды ұсынған болатын. Бүгінде күрмеулі мәселенің түйіні қалай тарқатылып жатқаны туралы Руслан Рүстемов өзінің Facebook әлеуметтік парақшасында жариялады.

– Сенаттың осы жылғы 27 сәуірде өткен пленарлық отырысында Қызылорда облысына бөлінген мұнай экспорты квотасын 20%-тен 50%-ке ұлғайту мүмкіндігін қарау жөнінде Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалымды жолдаған болатынмын (толық мәтіні жеке парақшамда жарияланған).

Депутаттық сауалда Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемінің төмендеу үрдісі байқалғанына және соңғы 8 жылда мұнай өндіру 60%–ке қысқарғанына сілтеме жасадым, – дейді Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Руслан Рүстемов.

Сондай-ақ, Сырдағы мұнай өндіруші компаниялар мұнай өнімдерінің 80% ішкі нарыққа экспорттан 2 есе төмен бағаға, қалған 20% ғана экспортқа өткізетінін, «Кеңкияқ-Атырау» реверсі жобасы іске қосылғанымен Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80%-тен 50%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берілмей отырғанын, Энергетика министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екендігін алға тартып отырғандығын көрсеткен едім. Осы ұстанымның салдарынан өңірдегі мұнай өндіруші компаниялар және олардағы сервистік мекемелердің тарифі соңғы 10 жылда индекстелмеген.

– Аталған депутаттық сауалымда көрсетілген түйткілді мәселе Үкімет тарапынан егжей-тегжейлі қаралып, менің атыма тиісті жауап жолданды, – дейді ол.

Жауап мәтінінде 2021 жылы аяқталған «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсі Атырау және Маңғыстау облыстарының кен орындарынан жеткізілімдерді ұлғайту есебінен Қызылорда және Ақтөбе облыстарының жер қойнауын пайдаланушыларынан ішкі нарыққа мұнай жеткізу үлесінің теңгерімсіздігін төмендетуге мүмкіндік беретіні айтылған.

Нәтижесінде Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу көлемі бойынша жүктеме коэффициенті 2020 жылғы 84,7%-дан ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 72%-ға дейін жоспарлы түрде төмендегені көрсетілген.

Яғни, Энергетика министрлігі тарапынан «ҚазМұнайГаз» АҚ және «СНПС» АҚ-мен бірлесіп «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырларының өткізу қабілетін 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға дейін және «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу қабілетін 10 млн. тоннадан 15 млн тоннаға дейін одан әрі кеңейту мәселелері пысықталуда екені, бұл болашақта жоғарыда аталған теңгерімсіздікті қысқартуға ықпал ететіні көрсетілген (осы жобаларды 2027-2028 жылдары іске асыру жоспарлануда).

Үкімет тарапынан бұл ретте, мұнай өнімдерінің тапшылығына жол бермеу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндет, ал мұнайды ішкі нарыққа жеткізу оны іске асырудың басым бағыты болып табылатыны нақты атап көрсетілген.

Осыған орай, Үкімет қазіргі жағдайда Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушылары үшін мұнай экспортының квотасын ұлғайту мәселесін қарауға әлі ерте деп пайымдайды.

Сонымен қатар жауап хатта Үкімет ішкі нарыққа мұнай жеткізуді ынталандыру және жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдайтыны айтылған. Өткен жылдың желтоқсан айында «мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға түзетулер қабылданғаны, бұл түзетулер мұнай өнімдерін өткізу кезінде өнімсіз делдалдарды жоққа шығаруды көздейтіні де көрсетілген. Енді мұнай өндіруші ұйымдар өңделетін мұнай өнімін мұнай өңдеу зауыттарына дербес жеткізе алады.

Ағымдағы жылдың сәуір айыннан бастап бензин мен дизель отынының шекті бөлшек сауда бағасының ұлғаюы ішкі нарыққа мұнай жеткізудің экономикалық тартымдылығын арттырады делінген.

Сондай-ақ, «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасының жаңа формуласын енгізу бойынша түзетулер енгізілгені, оған сәйкес баға экспорттық (70%) және ішкі (30%) бағалар негізінде қалыптастырылатыны көрсетілген.

Жауап хатта Сыр бойында жаңа мұнай қорын барлау мәселелеріне маңыз берілген. Атап айтқанда, Қызылорда облысының шикізат базасын молықтыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» АҚ перспективалы Торғай палеозой учаскесінде іздеу ұңғымасын бұрғылауды жоспарлағаны, Ақсай Южный кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жүзеге асырылғаны, Шығыс және Орталық керуен жер қойнауы учаскелері бойынша аукцион арқылы жеңімпаздар анықталғаны көрсетілген.

Демек, жоғарыда көрсетілген шаралар өңірдің мұнай-газ секторын дамытуға қосымша серпін әкелері, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берері анық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<