Азаттық қозғалысының жалаугері

574

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Серәлі Лапиннің туғанына 155 жыл толуына орай «Азаттық қозғалысының жалаугері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараға журналист, жазушы Сағат Жүсіп, өлкетанушы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Әубәкір, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, PhD доктор Дәулет Омаров және облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев қатысты.

Ең әуелі сөз алған өлкетанушы Жұмабай Әубәкір ұлт зиялысының өмір жолы  мен еңбегіне тоқталды.

– Серәлі Лапин – өмірін ұлтына арнаған тұлға. Соған сай өмір жолы да сан қилы. Ол Түркістан өлкесінде түрлі әкімшілік орындарда қызмет ете жүріп, сәулет өнері мен оның сырын зерттеумен жүйелі түрде айналысады. Араб, парсы тілдеріне жетік болған. Гөр Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі мен басқа да архитектуралық ескерткіштердегі араб жазуларын оқып, орысшаға аударған тұңғыш ғалым. Осы арқылы талай ғасырдың жүзін көрген ғимараттардың тұрғызылған уақытын анықтады. Регистан ансамбліндегі Шер-Дор, Тілла-Қари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын тапқан. Самарқанда қайтыс болған Серәлі қайраткерлер ғана жерленетін Шаһи-Зинда қорымында жатыр, – деді ол.

Жиынға қатысушылар Серәлі Мұңайтпасұлының қайраткерлігі туралы тың деректерді бөлісті. Лапин мұрасын зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүзеге асыру үшін бірқатар ұсыныстар айтылды. Самарқан, Бұқара, Ташкент қаласына экспедиция жасап, ұлт зиялысының мұрасын елге алып келу, сондай-ақ, оның саяси қырын ғана емес, ғылымға қосқан үлесін зерттеу, облыс орталығына ескерткішін орнату мәселелері қозғалды.

– Ендігі міндет – Лапиндер әулетінің қазақ қоғамына ықпалы туралы толыққанды зерттеп, қайраткердің шын бағасын беру. Олай дейтінім, Мұңайтпастың, оның әулетінің тарихы толық зерттелмеген. Сондықтан қайраткердің өмір жолына әлі де тереңірек үңіліп, жоғын түгендеуіміз қажет. Жаңа буын осындай ұлт зиялыларының «тар жол, тайғақ кешуін» толық білгенде ғана ел мен жердің қадірін жете түсінеді, – деді Сағат Жүсіп.

Іс-шарада Лапиндер әулетінің тарихын баяндайтын тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<