Бердібек Машбекұлы САПАРБАЕВ

346

0

Қазақ елінің қабырғасы қайысып, орны толмас қазаға душар болды.

2023 жылдың 10 маусымында 71 жасқа қараған шағында мемлекетшіл тұлға «Отан», І дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бердібек Машбекұлы Сапарбаев дүниеден озды. Сыр өңірінің халқы жоқтап, Қаратау мен Арал арасы аңырап қалды.

Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туған.

1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірген.

Институт бітірісімен Мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары басқармасында, ҚазКСР Қаржы министрлігінде еңбек етті.

Президент Аппаратында, Министрлер кабинетінде, бірнеше министрлікте жауапты жұмыстар жасады.

Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарын басқарды. Кедендік бақылау агенттігіне төрағалық етті. Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі қызметін атқарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымдарына екі рет тағайындалды.

Бердібек Машбекұлы еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қай қызметте де абыройлы, елге сыйлы, халыққа қамқор бола білді.

Болмысы биік, парасаты жоғары, ары да жаны да таза мемлекетшіл азаматтың, нар тұлғалы қайраткердің иманы саламат, жаны жәннатта болсын!

Бердібек Сапарбаевтың жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталады.

Бақұл болыңыз, Сырдың арда азаматы…

Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облыстық мәслихаты,

Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңесі, Қызылорда облыстық Ардагерлер кеңесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<