Елім деп өткен ер

222

0

«Алты алаштың анасы» атанған Сыр бойының төл перзенті, арда азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың  мезгілсіз қазасы оны жақсы білетін барша жамағатқа ауыр тиді. Аймағымыздан қанаттанып ұшып шығып, асқар биіктерге ұя салған, қияларға қонып, қырандай самғаған Сыр бойының адал ұлы, жанашыры, елім деп еңбек еткен Бердібек Машбекұлындай тұлғадан күтпеген жерден айырылып қалу үлкен өкініш, әрине. Алланың ісіне амал жоқ.

Сыр бойының айтулы перзенті Бердібек Машбекұлы Сапарбаев бойына қазақтың барлық жақсы қасиеттерін, тілін, ділін сіңіріп, ұлттық рухқа қанығып өскен атпал азамат еді. Ол туралы енді өткен шақпен айту қандай қиын. Сондай ұлтжанды тұлғаны енді көрмесіміз, жанашыр лебізін, жылы сөзін естімесіміз жанға қаяу түсіреді.

Бердібек Машбекұлы өзінің өмір жолында, еңбек жолында көптеген биіктерді бағындырған, еліне адал еңбек еткен, халқына қалтқысыз қызмет жасаған қайраткер тұлға болды. Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, өсіп-өнген қарапайым ауыл баласының маңдайына жазылған өрлеу жолы өнегелі де күрделі еді. Жаратылысынан бойындағы жігер, ұмтылыс, қайсарлық, батылдық, алғырлық қасиеттері, білімі оны үнемі алға жетеледі. Қандай қиындықтар болса да тайсалмай, іске жан-тәнімен кірісіп кететініне талай көзіміз жеткен. 

Мен Бердібек Машбекұлымен 1996 жылдан бері жақсы таныс болып, қатарлас, қанаттас жүрдім, ол сол кезде облыс әкімі еді. Облыс көлеміндегі басқа атқарылған ауқымды істерді айтпай-ақ, сол қиын-қыстау кезеңде жоғары білім саласында жарқын болашаққа болжам жасап, жол сілтеп, кәміл сенім ұялатқан жақсы істерге бастама жасағаны жадымнан өшпейді. Қазіргі облыстық медициналық орталық маңайынан 20 гектардан астам жерді бөліп беріп, қаланың Бас жоспарына университет кварталы деп енгізілді. Келешекте бірнеше нысандарды біріктіретін үлкен кампус салынады деп межеленді. Сонымен бірге жеке тұрғын үй салуға 126 жер телімі бөлінді. Қазір соның біразы жүзеге асып, түрлі нысандар бой көтерді.

Оның облыс әкімі болып тұрғанда аймағымыздағы жоғары оқу орындарына жасаған ерекше қолдауын айта кеткім келеді. 1996 жылы біздегі «Южнефтегаз»  бірлестігі канадалық «Харрикейн Хайдрокарбонз Лтд.» компаниясына өткен еді. Сол кезде оның президенті Кит Макрей болатын.  Бердібек Машбекұлы біздің институт пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін халықаралық деңгейге көтеру, әлемдік білім кеңістігіне шығару мақсатында екі оқу орнының ғалымдарын өңірімізге келген сол компанияның басшыларымен таныстырды. Соның нәтижесінде Канаданың халықаралық даму агенттігі (CIDA) – СИДА-мен Z010776 «Қазақстанның жоғары оқу орындарына техникалық көмек көрсету» бірлескен жобасы аясында бірінші рет Калгари қаласындағы Оңтүстік Альберта технологиялық институтында біздің 24 оқытушымыз мұнай ісі, бизнес, ақпараттық технологиялар, бақылау-өлшеу құралдары сияқты басым бағыттардан үш айлық тағылымдамадан, ағылшын тіліне оқытудан өтті, ағылшын тілінде 150 оқу-әдістемелік материал алынды, Auto-CAD-орталығы, бақылау-өлшеу құралдарының аспаптық зертханасы, дәнекерлеу орталығы ашылды, лазерлік атмосфералық байланыс желісі (ЛАЛС) орнатылды.

Канаданың Ауылшаруашылық Олдс колледжімен ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасалып, университеттің оқу-зертханалық базасы ретінде канадалық тәжірибемен аумағы 270 шаршы метр жылыжай салдық, онда алғаш рет еуропалық технологиямен көкөністер өсіру қолға алынды және ол әлі күнге жұмыс істеп келеді. Осының бәріне бағыт беріп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін облыс әкіміне шексіз риза едік.

Ол жалпы Қазақстандағы басшы қайраткерлердің ішінде сирек кездесетін тұлға болды. Министр де болды, бес облыстың әкімі де болды. Қай жерде қиын, қай жерде проблема бар, сол жерге жіберілуі бұл – кез келген тұлғаның маңдайына жазыла бермейтін сындарлы жол. Сол жолдан Бекең сүрінбей, абыроймен өтіп, елдің есінде қалар айтулы тұлғасына айналды.

Бердібек Машбекұлының қолына алған қай ісі де оң шешімін табатын еді. Жамбыл облысына әкім болып тағайындалуы, шынымды айтсам, мені қатты толғантты. Апыр-ай, елдің бірлігі, ұлтаралық қарым-қатынас ширыққан сәтте сондай қиын күрделі мәселені шешуге келді-ау деп ойладым. Ұрыс алаңына, майданның алдыңғы шебіне тек тәжірибелі, батыл, ержүрек қолбасшылар жіберілетіні сияқты, Бердібек Машбекұлының да тағдырына қиындықтарды шешу жазылған екен дедім.

Әрқашан елмен байланыста болып, жағдайымызды, отбасымыздың амандығын сұрап отыратын қамқоршымыз, тілекшіміз, ұстазымыздай болған тұлғаны алдымыздағы ақылшы аға санайтынбыз, қайраткер ретінде ерекше құрметтейтінбіз. Амал не?! Тіршіліктегі татар тұз-дәмі таусылып, арамыздан кете барды, орны ойсырап қалды. Ендігі жерде фәни ғұмырындағы жақсы амалдары, ізгі істері бақи ғұмырын нұрландырып, алланың шапағатына бөленсін деп тілек тілеуден басқа амал жоқ. Отбасына, ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл қосын білдіремін.

Бекең ұлтының адал ұлы еді. Алла қамқорлығына алсын! Оның жарқын бейнесі, азаматтық биік тұлғасы мәңгі есімізде сақталады.

Қылышбай БИСЕНОВ,

ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<