Әдебиет әлеміндегі әріптестік

1657

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» атты рухани тағылымды жиын өтті. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырумен өткен әдеби-мәдени жүздесуде екі өңірдің руханият өкілдері етене танысып, өзара шығармашылық байланыс орнатты.

Айта кетейік, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылған еді,  яғни, биыл Түркістан облысына 5 жыл. Осыған орай облыстық кітапхана ұйымдастырған іс-шара аясында түркі жұртының рухани астанасы Түркістан өңірінің тарихы және рухани, мәдени саладағы тың жаңалықтары терең насихатталды. «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» тақырыбында  жасақталған көрме таныстырылып, келушілер назарына ұсынылды. Одан әрі әдеби іс-шара дөңгелек үстел басындағы жиында жалғасты.

Жиынды ашқан Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас Түркістан облысынан келген қонақтарға Сыр елінің атынан ілтипат білдіріп, естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ, Сыр руханиятын көтеруде еселі еңбек етіп жүрген әдебиет өкілдерін таныстырды. Олардың қатарында эколог-қаламгер, «Кіші Арал», «Қазақстан арнасы» идеяларының авторы, «Парасат» орденінің және отандық әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері Сайлаубай Жұбатырұлы бастап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жазушылар Несібелі Рахмет, Қали Омаров, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов болды.

Киелі Түркістан шаһарының тарихы мен облыс орталығына айналған аз уақыт ішінде қалыптасқан жаңаша келбеті бейнефильм арқылы көрсетілді.

Айтыскер ақын, жырау, ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Ыдырысов «Фараб» кітапханасының ұжымына арнау айтты. Жиын барысында сөз алған «Фараб» кітапханасының басшысы Жанат Шардарбекова Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Кәрібозұлына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың сәлемін жеткізіп, Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар, қаламгерлер Сайлаубай Жұбатырұлы мен Қаршыға Есімсейітоваға құрмет көрсетті.

Жиында қаламгерлер Алаштың астанасы болған, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Сыр өңірі жайлы әңгімеледі. Аймақтың тарихынан естеліктер айтылып, ақындар өлең оқыды.

Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының басшысы Айдар Сейдазым, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, Мәдениет саласының үздігі Жанат  Шардарбекова Сыр өңіріне сапарлай келіп, әріптестік аясын ұлғайтуға негіз болған тақырып төңірегінде келелі ой айтты. Сонымен қатар, келешекте бірлесе зерттеп, зерделей түсетін тақырыптар жеткілікті екенін  атап өтті.

Ақын, «Алтын қауырсын» медалінің иегері Сайлаухан Жоланов, ақын, композитор, қобызшы Шерхан Әлібеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрғали Сердалиев, мәдениет және туризм басқармасының баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова, ақын, журналист, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бауыржан Ерман  өз шығармаларын назарға ұсынып, көптің қошеметіне бөленді.

–Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібайдың бастамасымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына орай кітап қорын оқырман сұранысындағы әдебиеттермен қамтамасыз ету бағытында Тараз, Алматы, Астана қалаларында өткен шара барысында 12 мыңнан астам кітап жинақталды. Ал Қызылорда облысына сапар барысында 4000-ға жуық  кітап сыйға алып отырмыз, – дейді облыстық кітапхана басшысы.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<