Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды қолданудың негіздері мен тәртібі

428

0

Құқықтық сауатты жетілдіріп, құқықтық мәдениетті арттыру демократиялық қоғамда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл тұрғыда сот тарапынан атқарылып жатқан шаралар аз емес. Солардың бастысы, заң нормаларын көпшілікке, қалың бұхараға түсінікті етіп, заңның құқықтық табиғаты мен құқықтық салдарын насихаттау. Осы мақсатта «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына аз-кем тоқталғанды жөн санап отырмыз.

Қылмыстык процесте  айыпталушы, күдікті  анықтаудан, алдын ала тергеуден немесе соттан жасырынады, не істі сотта объективті зерттеуге және талқылауға бөгет жасайды немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде, айыпталушыға іс жүргізуде қолданылатын мәжбүрлеу шаралары заңда көзделген.

Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылуы мүмкін.

Тергеу судьясы «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты материалдар сотқа түскен соң сегіз сағаттан кешіктірмей прокурор, күдікті, айыпталушының және оның қорғаушысының қатысуымен қарайды. Сонымен қатар, қорғаушыны іс материалдарымен таныстырады.  Сондай-ақ, сот отырысына заңды өкіл мен өкілдің де қатысуға құқылы екенін айта кеткен жөн.

Тергеу судьясы санкция беруді шешу барысында көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты іс материалдарын мұқият зерттеп, адамға қылмыс жасағаны туралы күдік келтірудің негізділігін тексереді, қажет болса қылмыстық істі алдыртады.

Сондай ақ,  бұлтартпау шараларын қолдану тәртiбiне сай күдіктіге, айыпталушыға бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.

Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бiр мезгiлде оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық – процестік кодексінде(бұдан әрі ҚПК) көзделген, бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағым жасау тәртiбi түсiндiрiледi. 

Заңда көзделген жағдайлардан басқа, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана қолданылады.

Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін оларға:

  • Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға не сотқа олар белгілеген уақытта келу; 
  • қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен кетпеу; 
  • қылмыстық процесті жүргізетін адамды, прокурорды тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгергені туралы хабардар ету; 
  • белгілі бір адамдармен араласпау және белгілі бір жерлерге бармау; 
  • психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделу курсынан өту;  
  • электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндеттерінің бірі немесе бірнешеуі жүктелуі мүмкін. 

Күдікті, айыпталушы заңда көзделген шараларды бұзатын іс-әрекеттердi жасаған жағдайда оларға неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы күдіктіге, айыпталушыға тиiстi қаулының көшiрмесiн табыс ету кезiнде жариялануға тиiс.

«Күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған күдіктілер тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстау, күзетпен ұстаудың мерзімдері мен ұзарту тәртібі, тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарау  заңдылықтары ҚПК-мен реттеледі.

Жалпы бұлтартпау шарасы бұл арнайы превентивті-ескерту амалы, қылмыстық өндірістің мүддесін қорғайтын институт. Оның басты мақсаты – қылмыстық іс бойынша шындықты кедергісіз анықтау, кінәлінің жауапкершілігін қамтамасыз ету мен оның қылмыстық байланыстарымен араластыруы үшін, қылмыстық әрекетін қайта жалғастырмауының алдын-алуға бағытталған. Сондай жағдайда бұл қылмыстық-процестік заңның әділеттілігіне, дұрыстылығына, заңдылығына кепіл бола алады.

Бұлтартпау шарасы – бұл мәжбүрлі түрде әсер етудің тәсілі ретінде күдіктіге, айыпталушыға  қолданылатын және кылмыстық істі жүзеге асыру мақсатында кедергі келтіретін мән-жайларды болдырмау үшін  қолданылатын заңды шара.

Кызылорда қаласының
мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы
М. А.Тұрғанбаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<