Баланың бағбаны, ананың қорғаны

675

0

Үлкенді құрметтеу, әкені қадір тұту, ананы сыйлау, отбасылық дәстүр – болмысымызға сіңген құндылық. Алайда кейінгі уақытта жастар осы құндылықтардан жырақтап қалғандай көрінетіні тағы рас. Бүгінде мектептер оқушыларына біліммен қатар тәрбие беруді де мақсат еткен. Осылайша өскелең ұрпақтың келешегі үшін игі қадам жасауда.

Әкелер күнінің қарсаңында жасөспірімдерге отбасы құндылықтарын дәріптеуді көздеген Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі айтулы шаралардың бірін өткізді. Жоғары сынып оқушылары мен олардың әкелерінің басын қосып, еркін форматта пікір алмасып, отбасындағы сыйластық негіздері жайында сөз болды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен аталған мектеп ұжымы ұйымдастырған шараға белгілі тұлғалар да арнайы келіп, ойын ортаға салды. Олардың қатарында облыстық мәслихат депутаты, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Ержан Ескендір, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов пен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова бар.

Екі сағатқа созылған басқосуда қатысушылар қоғамдағы әкенің абыройы мен міндеті жөнінде маңызды мәселелерді сөз етті. Өз кезегінде оқушылардың да пікірін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектептің директоры Айгүл Мұсабаеваның айтуынша, білім ордасы отбасы құндылықтарын сақтауға ықпалдасып келеді.

– Таяуда Әкелер күні атты арнаулы дата бекітілгені мәлім. Бұл – біздің облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлескен шарамыз. Жалпы, білім беру саласы ғылым, білім және тәрбие секілді 3 бағыттан тұрса, білім ордамызда соның бәрі қамтылған. Соның бірі – «Отбасы – мектеп» аясында 3 жоба бар. Бүгінгі шараға осы үш жобаның жетекшілері – әкелер қатысты. Әрқайсысы өзінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, қатысушылармен еркін форматта пікір алмасты. Әкелер күні бекітіліп, осындай кеңестердің құрылуы – өте құптарлық жағдай, – деді ол.

Әке қорған ғана емес, керек жерінде мейірімді, биіктікті һәм әділетті нұсқайтын тәлімгер болса игі. Сол арқылы бүтін қоғамның тұрақтылығын сақтай аламыз. Биылдан бастап күнтізбеден орын алған датаның астарында отбасы құндылығы жатқанын аңғару қиын емес.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<