Еңбегінен ел таныған

652

0

Елін сүйген, елі үшін, елінің болашағы үшін аянбай қызмет етіп, халқының ықыласына бөленіп, Сыр өңірін дамытуға сүбелі үлес қосқан Самұрат Жұманұлы Имандосов ағамыздың есімін мақтанышпен айту – бізге парыз. Бұл – елге мерей, азаматқа мәртебе, өскелең ұрпаққа өнеге.

Қасиетті Қазалы топырағында туған батыр тұлғалар туралы айтыла бастағанда еңбек десе ерінбеген, қиындыққа берілмеген, қажырлы іс, қайтпас қуатының арқасында алқалы көптің абыройын арқалап келе жатқан тұғырлы тұлға Самұрат Имандосов ағаның аты сол тізімнің белортасында тұрады. Біз бүгінгі өлшеммен кәсіпкер-меценат, ардақты азамат дегеннен аса алмаймыз немесе «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» деген атақтарының аясында шектелеміз. Бұл кісі – рухты, намысты, жасампаз, батыл адам.

Басқа тартса, аяққа жетпейтін кешегі бір кезең бәріміздің есімізде. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, ескі мен жаңаның үнемі талас-тартыста болатынын көреміз. «Кемелденген» социалистік болмыс жел қуған бұлттай ыдырап, кешегі өзіміз қабырғасын қақырата қарғаған капитализм есігімізден сығалап, төрге ұмтылғанда талайымыздың санамызды сан ойлар тұмшалағанын көп адам жоққа шығара қоймас. Бұрынғыдан бұрыла алмай, кейінгіге кіріге алмай, жан-жағымызға жалтақтап, кім не айтар екен деп жүргенде, еліміздің саясатын дұрыс түсініп, қоғам тамырын дөп басып, абдыраған жұртты алға сүйреп, қиындықтан алып шыққан халықшыл азаматтар болды.

Солардың басында Самұрат Жұманұлы тұр. Ол кісінің өз қолымен құрған «РЗА» акционерлік қоғамының бүгінгі жетістіктері осы ойымызға бек дәлел.

Көктемі көкегінен кеш келіп, ыстығы тарқамай тұрып алатын, қысы қаһарын шашатын Қазалы аймағында мал асырап, одан күллі өңірді асырауға жететін өнім алу – ерлікке пара-пар тірлік. Екі мыңыншы жылдардың басында жұрттың көбі нарық дегеннің қарық қылатын іс емес, жан алып, жан беру екен деп бас қамын күйттеп жүргенде, Самұрат аға – қаржылық, қажырлық күшке түскен қиындықтармен бетпе-бет келіп, жеңіп шыққан жан.

Кәсіпкерлікке келмес бұрын, талай жерде басшылық қызметте болып, қолынан келгенше адал қызмет етті. Еңбек жолын Қазалы суландыру жүйелері басқармасының қарапайым инженер-экономисі болып бастады. Кемел қабілеті мен біліктілігінің нәтижесінде ҚазКСР №64 Минералды су шаруашылығының аға прорабы, бас инженері, №86 ЖМК бастығы, Бас күріш кеңшарлары құрылысы «Қазалысуқұрылысы» тресінің басқарушысы, «Жер-Су» АҚ президенті, Қазалы ауданының әкімі, «РЗА» АҚ президенті қызметтерін абыроймен, жауапкершілікпен атқарып, туған жерін түлетуге біркісідей атсалысып келеді.

Әдепкіде құрамында «РЗА-Агро», «РЗА-Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар кәсіпорын негізінен құрылыс жұмыстарымен айналысты. Әлеуметтік нысандармен қатар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірнеше ауданның халқына таза ауызсу жеткізді. Бұрынғы колхоз-совхоздар тарағаннан кейін далада қалған, сор басқан алқаптарды қайта игеруді ойластырған ол аудандағы Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Мұратбаев елді мекендеріндегі кезінде өзі инженерлік жүйеге келтірген 4 мың гектардан астам жерді қайта баптап, күріш екті. Бұл – бүкіл аудан шаруашылықтары өсіретін егіннің 50 пайызы. «Еңбек – ата, жер – ана» деген тәмсілдің өміршең екенін дәлелдеді. Осылайша қолындағы азын-аулақ малға қарап қалған халық Имандосовтың арқасында байырғы диқаншылық кәсіптеріне қайта кірісті.

Жоқтан бар жасап, тәуекел деп бастаған жұмысы өз жемісін беруде. «Еңбегі көптің өнбегі көп» дегендей, қазір үлкен акционерлік қоғамға айналған мекеме құрамында «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-Сүт», «Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді.

«РЗА» АҚ ірі қара малының қара ала тұқымын өсіретін асылтұқымды шаруашылық деп танылған. «DUCK Export-Import-Vermittlungen» компаниясымен келісім-шарт жасалып, шұжық цехын іске қосты. Мұнда шығарылатын қақталған, жартылай қақталған шұжық түрлері, тұшпара, тартылған ет, котлет секілді тағамдар – тұтынушы талғамынан шыққан өнімдер. Біз оған жәй куә емес, тұтынушы есебінде де куәміз.

«Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы атанды. Бұл серіктестік тауарлы-сүт фермасына қоса ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытын салды. Венгриядан голштино-фриз деген асылтұқымды 660 бас қашар әкеліп, оны өзінің төлі есебінен көбейтті. Сүт өнімдерін өңдеу, өткізу қызметін жолға қойды. Дәмі тіл үйірген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сарымай, құрт өнімдеріне бүгінде сұраныс мол. Өнімдері өңірден басқа, көршілес аудандарға, Байқоңыр, Қызылорда қаласы мен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына сатылады.

Еңбек ұжымы «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды. Бүгінде бұл өңірде «РЗА» деген атаумен бірге жүретін «сапалы өнімдер» деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Ауданның мың жарымға жуық тұрғыны осы ұжымда тұрақты еңбек етеді, бұған қоса салыққа да қомақты түсім түседі. «Қара қазан қайнаса – баршаға ортақ» дегендей, Қазалының қазанына сүбе салып отырған да осы «РЗА».

Шаруашылықты жүргізумен қатар, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да ерекше назар аударып, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасыларға, спортшылар мен өнерлі таланттарға демеуші болу да оның азаматтық келбетін айшықтай түседі.

«Туған жердің көркеюіне үлес қосу перзенттік парызымыз, ата-бабамыз аманаттаған өлкені гүлдендіру – баршамыздың міндетіміз»  дейтін Самұрат ағамыз осындай екінің бірі тәуекел етпейтін, жемісінен күмәні мол іске бел буып, өзі басқаратын қоғам игілігіндегі кешеннің нақ алдына екі гектарды құрайтын шашағы желкілдеген қалың жүгері дақылын отырғызды. Өскіндерге қазалылықтар үшін жаңа бастама – тамшылатып суғару әдісі қолданылды. Телегей тер төгілді. Соның арқасында біркелкі жүйеде егіліп, суын қанып ішкен жүгері дақылының қанша дәні тасталса бәрі көктеп, түгел шықты. Су тапшылығын тартып отырған біздің өңір үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару – үлгі болар бастама.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі өз алдына, қарапайым тұрғындардың талап-тілегі мен мұқтаждықтарын мінберден жеткізетін халық қалаулысы ретіндегі жұмысы бір төбе. ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңеске, Қызылорда облыстық мәслихатының ІІ, ІІІ, ІV, V шақырылымдарына депутат болып сайланды. Ел аманатын арқалаған кезеңде өңір тұрғындарын алаңдатқан түйінді мәселелердің шешімін тауып, халық сенімін ақтай білді. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты ретінде Қазалы ауданындағы апатты жағдайдағы 5 мектептің (Майдакөл, Лақалы, Шилі, Бірлік, Шәкен ауылдары) және 6 балабақшаның құрылысын салуға, 4 елді мекеннің (Басықара, Жалаңтөс, Майдакөл, Жалпақ) ауызсумен қамту жүйелерін желіге қосуға ықпал етті. Аудан орталығынан шалғай жатқан Шәкен, Сарбұлақ ауылдарына автомобиль жолдарын салуға, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 20 және 73 шақырымында орналасқан 2 көпір құрылысын аяқтауға, жылу жүйесінің бу қазандықтарын қайта жаңғырту және магистральді жылу жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарына, 10 елді мекенде медициналық бекет құрылысын салуға бастама көтеріп, қаржы мәселесін шешуде біліктілік танытты.

Халық қалаулысының мүгедектер мен жетім-жесірлердің, тұрмысы төмен отбасылардың отын-су, дәрі-дәрмек, киім-кешек, тағы басқа өтініш-тілектерін орындаудағы, оларға көрсеткен қайырымдылық көмегі ұшан-теңіз. Дана халқымыз «Қайырымдылық – қайырлы іс» дейді. Осындай ізгі қасиетінің арқасында Қазалы халқы Самұрат Имандосовты «Қайырымды азамат», «Сыр елінің меценаты» ретінде мақтан тұтады.

Мұнан кейін облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы болып қызмет етті.

Кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп, қолтығынан демеу де –ағамыздың басты ұстанымдарының бірі. Талантты жастарға демеушілік қолдау көрсетуді азаматтық парыз деп санап, қолынан келгенін аянбады. Олардың қатарында Олимпиада мен Азия ойындарына қатысушылар да, еліміздегі спорт сайыстарында топ жарғандар да бар. Өнер көгіне ұмтылған көптеген дарынды өнерпаздардың Сәкеңнің қамқорлығының арқасында қияға қонғаны қаншама?!

Қайырлы ісі мен адамгершілігі, жомарттығы үшін көпке құрметті болды.

Самұрат ағаның жүріп өткен жолын үлгі-өнеге қылған қаншама жастар бар. Бұл кісі – тәрбиеші, болмыс-бітімімен тағылымды тұлға. «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» дейді халық мақалы. Дәл осы орайда, әке жолын ұстанып, елге қызмет етіп келе жатқан ағамыздың ұрпақтары туралы айтуымыз керек.

Ағаның үлкен ұлы «атасының баласы» Мұрат бірнеше лауазымды қызметтер атқарды, облыс әкімінің орынбасары, екі ауданның әкімі болды, Президент әкімшілігінде абыройлы жұмыс жасады. Экономика ғылымдарының кандидаты. Мұнан кейінгі перзенті Бақтыгүл Самұратқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Таразда колледж директоры. Нұрланы «РЗА-Агро» серіктестігін басқарады, VIII шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Кенжесі Фаризат – қаржыгер. Осы балалардың бәрін елдің қызметіне баулып, еңбектен бақыт табуды үйреткен әке тағылымы екені аян.

«Құлдай қимылда, бидей іш» дейді қазақ, осынша қыруар еңбек ағаның дәулетін де арттырды. Дәулет жүгіріп шығатын бел емес, ағамыздың бүгінгі жетпіс бес белесінің биігі. Бұл биікке шығу үшін ерлік, батырлық болмыс керек. «Кімнің батыр болғысы келмейді, жүрегі дауаламайды, кімнің бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды» демей ме дана халқымыз?! Самұрат ағаның бойынан табылған батырлық пен еңбекке еңкейген кішілігі атын алысқа апарып, затын алғысқа бөледі.

Еңбегіне қарай құрметке ие болып, тәуелсіз еліміздің «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Еңбегінен ел танып, Қазалы ауданының, Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды.

Ағамыз – өмірдің әділетсіз сәттерінде сенімін жоймай, іргелі істі жалғастырып, елге жомарт жердің жемісін жегізіп, бүгінде берекелі бақтың бедел-биігіне шығып отырған шынайы бақыт иесі. «Бақыттың кілті – адал еңбектің асуында» деген дуалы сөзді бабаларымыз осындай еселі еңбегімен елдің қамын ойлаған атпал азаматтардың атына айтқан болса керек. Сүйіп істеген іс шаршатпайтынын ағамыздың бүгінгі тіршілігінен көріп, риза боласың ғой.

Заты да, аты да ұрпаққа ұлағат болар ағамызға бүгінгі 75 жасқа толған мерейлі мерейтойы күні ұзақ ғұмыр, мұқалмас жігер, ұшар биіктегі болмысына азаймас ырыс, аласармас бақ, қайтпас қажыр, еңбегіне таусылмас табыс тілейміз! Жасына жас қосылып, әулетінің амандығы мен ауызбіршілігін, немере-шөберелерінің қызығын ұзағынан көруді Алла нәсіп еткей!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат төрағасы,

тарих ғылымдарының  кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<