Облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

639

0

Қызылорда облысына Чехия Республикасының Парламентінің вице-спикері Ян Бартошек бастаған делегация келді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов делегаттармен кездесіп, Сыр өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Кездесуде Серік Салауатұлы Қазақстан мен Чехия көп жылдан бері ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктеске айналғанын атап өтті.

«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып, 24 сәуірде Чехия Премьер-министрі Петр Фиала Қазақстан Республикасына алғашқы сапармен келді. Петр Фиала Қазақстан мен Чехия ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қатынастардың маңызды тірегі екенін айтты. Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар және сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды өсуі – тиімді қарым-қатынастардың айқын дәлелі. Қызылорда облысы –минералдық-шикізат ресурстарының үлкен қоры бар агро-индустриялық өңір. Біздегі тампонажды цемент және шыны зауыттары өз өнімдерін Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей және Өзбекстан сияқты елдерге экспорттайды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Чехия Республикасы Парламентінің вице-спикері облыс басшылығына алғыс айтып, алдағы уақытта Қазақстан Республикасы, оның ішінде Қызылорда облысы мен Чехия Республикасы арасында достық қарым-қатынас нығая түсетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Чехия Республикасының делегациясы Сыр өңіріне сапары кезінде Қазалы ауданындағы әскери тұтқындар лагері орналасқан жерде болып, Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласында жерленген тұтқындардың бейітіне барды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<