Қорғасыннан әріп құйған

211

0

Кешегі екі мыңыншы жылдардың басында аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде еңбек жолымды бастаған едім. Сонда білетінім, қырық мыңға жуық халқы бар ауданның қоғамдық-саяси өмірін күнделікті ақпараттандырып отыратын басылымның идеологиялық бағыты мықты болатын.

Үлкен ұжым, редакция және баспахана саласы бойынша отызға жуық адам қызмет етеді. Редакция қызметкерлері газеттің әр нөміріне мақала жазып дайындаса, баспаханадағы әріп терушілер, газет беттеушілер, баспа машинисі күні-түні еңбек етіп, кезекті басылымды жарыққа шығаратын. Көнекөз қариялар бұл шаңырақты «дүкен» деп атайтын. Шынында, екі қабатты еңселі ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан көлемі есік пен төрдей баспа машинасы таңның атысы-күннің батысы дүрсілдеп жататын. Ал газеттің материалы қалай теріледі десеңізші?! Тұла-бойы сақылдап тұрған құрылғыда (линотип) қорғасын балқытылып, одан әріп құйылып, әрбір сөйлем тізбектеліп шығып жататын. Ал осыны құрап, газет макетін жасайтын беттеушінің бейнеті де оңай емес.

Бүгінгі кейіпкеріміз – бұрынғы «Жаңадария», кейінгі «Жалағаш жаршысы» газетінде жастайынан еңбек етіп, әлгі линотип машинасында  мақала терген Қоғажай Ерғалиева апайымыз. Ол еңбекке ерте араласты. Әйтсе де, баспа ісін бірден игеріп алды. Қандай жұмыс болса да қиындықтан қашпайтын, қайта ширығып, шыңдала түсетін. Жұмысын адал атқарып, жауапкершілігін терең сезінетін. Осындай табанды еңбегінің арқасында 22 жасында партия қатарына қабылданды. Жас маманның жауапкершілік жүгі еселене түсті. Әйтсе де тәжірибесі толыса түскен ол өз ісінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған еді. Ұжымының сенім артуымен екі мәрте аудандық советтің депутаты, пленум мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Аудандық редакция және баспахананың бастауыш партия ұйымының хатшысы болды.

Ашық жарқын, көпшіл мінезінің арқасында әріптестерінің де ыстық ықыласына бөленді. Аудан халқына есімі танылып, абырой-беделі қалыптасты. Соның айғағы, 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің дипломымен, 1980 жылы  Еңбекшілер  депутаттары облыстық советі атқару комитетінің грамотасымен, 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен, бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты. Өткен жылы «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды. Әлбетте, бұл құрмет оның еселі еңбегіне берілгені әділ баға екені сөзсіз.

Қоғажай апамыздың бойындағы ерекше қасиеті – еңбектің қай түріне де білек сыбана кірісетін табандылығы. Олай дейтініміз, жұмысының арасында төрт түлік малды да жайғайды, есік алдындағы бау-бақшасы да жайқалып тұрады. Қазақы қалыбына сай қонақжайлығы өз алдына, қашан барсаңыз, дастарханы жиылмайды.

– Ол кездегі ақпарат көзі– тек газет, атқарушы билік өкілдерінен бастап қарапайым көзіқарақты оқырман газеттің әрбір санын тағатсыздана күтіп отыратын. Сондықтан біз осы талапқа сай еңбек етуге тиіс едік. Таңмен таласа жұмысқа асығып, түн жарымында отбасымызға оралатын кездеріміз аз болған жоқ. Алайда ақпарат майданының толассыз жұмысына жан-тәнімізбен берілгеніміз сонша, қандай қиындықты бастан өткерсек те қабақ шытпай, көндіге білдік. Ұжымның бірлігі мықты болды. Оған қоса, ол уақытта газеттің беделі қандай еді?! Кезекті басылым бетінде жарияланған әрбір мәселе іле-шала шешімін табатын, – дейді Қоғажай апай.

Шаңырақтың иесі, Қоғажай апамыздың өмірлік серігі Төлепберген Бертаев – аудандық мәдениет саласының ардагері. Бос уақытында қолына домбырасын алып, Шәмшінің әндерін қосыла шырқайды. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты, берекелі отбасы. Бейнетінің зейнетін көріп отырған қос ардагердің әркез пейілдері кең, көңілдері дархан.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<