Құрылысы басталған қос ғимарат

318

0

Бірі – білімнің бастауы, бірі – жолаушы жайлылығы үшін

Кеше Қызылорда қаласының сол жағалауында маңызды екі нысанның құрылысы басталды. Күн сайын көркейіп келе жатқан шаһарда жаңадан физика-математика бағытындағы мектеп-интернат пен автовокзал бой көтермек. Бірі келешек ұрпақтың біліміне бастау болса, екіншісі жолы түскеннің жайлылығына кепіл болатыны даусыз.

Кейінгі жылдары өңірімізде білім саласына ерекше ден қойылғаны белгілі. Саланы жан-жақты дамыту – басты мақсаттың бірі. Осылайша тағы бір білім ошағының іргетасы қаланып, заманауи мектеп-интернаттың құрылысы басталды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін заманауи үлгідегі жаңа білім ордасының ірге көтеруімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» деген болатын. Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін бағыттарды дамыту – біздің ортақ міндетіміз!

Бүгін – Сыр жұртшылығы үшін айрықша қуанышты күн. Құны 8 млрд теңгені құрайтын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал өмірде өшпейтін із – балаға берген білім мен мейірім болса керек. Балаларымыздың болашағы зор болсын! – деді аймақ басшысы.

Өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын бастауға қолдау білдірген болатын. Осы тізімге Ә.Мүслімов атындағы №101 және Абай атындағы №2 мектептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» тұрғын ауданынан 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылынан 250 орындық мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Мердігер мекеме «Промстройсервис Е» құрылыс компаниясы мектеп ғимаратын келер жылы аяқтап, пайдалануға береді деп жоспарлануда.

Бұдан соң аймақ басшысы жаңа автовокзал ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жұртшылықты нысан құрылысының басталуымен құттықтады.

– Ел Президенті мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында аймақта тың жобалар өркен жайып, жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жоспарымыз бар. Біз өткен жылдан бері аймағымыздың негізгі қақпасы саналатын әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Соның нәтижесінде әуежай алаңы жаңарып, жаңа автовокзалдың құрылысы басталуда. Осы жылдың наурыз айында ел ағаларымен бірге жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 15 млрд теңге болатын «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалының іргетасын қаладық. Бүгінде терминал құрылысы қарқынды жүруде. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз.

Енді жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсететін, барлық стандарт талаптарына сәйкестендірілген заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимаратының іргетасы қаланбақ. Бұл кешен жолаушыларға қызмет етіп, жол қатынасының реттелуіне негіз болады. Мұнда тек автовокзал ғана емес, ірі сауда және қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, қоймалар, автокөлік жөндеу цехтары да жұмыс істейді. Бәрі де жолаушыларға қолайлы, қауіпсіз әрі ыңғайлы болады, – деді облыс әкімі.

Аймақта жолаушылар тасымалының сапасы жылдан-жылға артуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы қайта жаңғыртылып, аймақ экономикасының өркендеуіне оң ықпал етті. Көлік инфрақұрылымына деген сұраныс артқанын ескеріп, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту үшін өткен жылы заманауи 150 жаңа автобус сатып алынды. Биыл да қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу мақсатында қосымша 150 автобус әкелінбек. Бұның бәрі де – халық игілігі үшін жасалып жатқан істер.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<