Сырдария: Серпінді жобалар дамуға сеп

861

0

Қалаға таяу тұрған аудан орталығы – Тереңөзек кентіндеміз. Жерден несібе теруге ұмтылған бұл аудан тұрғындарының арасында төрт түлік өсіріп, атакәсіпті жандандырғандар жоқ емес. Басты дақыл – күріш өсіруде алдыңғы сапта тұрған ауданда облыстағы ірі серіктестіктер шоғырланған. 

Былтыр берекеге толы табысты жыл болды. Барлық сала бойынша дамудың оң динамикасы қалыптасып, нәтижелі жұмыс атқарылды.  Әсіресе, ауыл шаруашылығы бойынша «Ең үздік аудан» атанып, күріш пен бақша өнімін өндіруде алға шықты.

Аудан бюджеті артуда

Былтыр аудандық бюджет 13 млрд теңгені құраған еді. Ал биыл алты айдағы қаржысы 10,7 млрд теңгеге жеткен. Былтырғы бюджеттің 73 пайызы білім саласына бағытталса, биылғы қаржының 23,5 пайызы әлеуметтік сала мен тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникацияны дамытуға бөлінген.

Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика бар. Өнеркәсіп өндірісі 6,1 есеге ұлғайса, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,5 пайызға өсіпті. Инвестиция 2,2, құрылыс жұмыстарының көлемі 3,1 есеге, тұрғын үй тұрғызу 36,9 пайызға артқан.

Баптай білсең, жер жомарт

Былтыр облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік атанып, көш бастаған Сырдария ауданы биыл 35692 гектар жерге егін екті. Басты дақыл күріш – 23500 гектар. Сондай-ақ қалған 12192 гектарға жаздық бидай, жүгері, жоңышқа мен мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген. Бұларға әдеттегідей шаруашылық құрылымдарындағы ақ егісті де қосамыз. Қазір ауданда Сыр салысы толық себіліп, суға бастырылған.

Өткен жылы барлық ауданда да су тапшылығы шаруаларға қиындық туғызды. Осыған байланысты ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр Сырдария ауданында бюджеттен 198 млн теңге бөлініп, алты каналдың 56 шақырымнан астамы тазартылған еді. Қосымша 19 су насосы алынды. Соның нәтижесі болар,  диқандар жоғары өнім жинады.

Биыл да бұл жұмыстар тоқтаған жоқ. Екі каналды тазартуға және 4 су насосын алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазір Тереңөзек кентіне екі электрлі, А.Тоқмағанбетов ауылдық округіне екі дизельді насос қондырғысы жеткізілді.

Осыдан төрт жыл бұрын Сырдариядағы аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастардың еңбек бригадалары құрылып, өз жұмыстарын бастағанын естігенбіз. Қазір аудан әкімдігінің қолдауымен Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінде құрылған талаптылар қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратындар еңбек етіп жүр.

Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін былтыр аудан басшылығы 210 гектар қосымша жер ашып берсе, биыл оған 105 гектар қосылып, барлығы 315 гектар жерге бақша егу жоспарланған еді. Қазір 359 гектар жер дайындалып, Тереңөзек кенті мен ауылдық округтер бойынша 1100-ден астам адам егін егуде.

Жалпы ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жәрмеңке жиі ұйымдастырылып тұрады. Бағасы да базардан 10-15 пайыз төмен. Сондай-ақ биыл «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Тереңөзек кентінде екі әлеуметтік дүкен ашылған.

Шағын кәсіпкерлік ширап келеді

Сырдарияда 3378 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі  тіркелген болса, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3247, яғни, 96,1 пайызды құрайды. Жыл басынан бері осы салада мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 133 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген, 36 адам қайтарымсыз грант ұтыпты. Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 520,5 млн теңгеге 15 ауылшаруашылық техникасы және құрал-жабдықтар алынған.

Айта кету керек, бағдарламалар қатарында «Микробизнес-Қызылорда», «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бар.

Ал жыл соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Жеңілдетілген несие алу үшін 2,7 млрд теңге болатын 395 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарының қарауына ұсынылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлердегі халық табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған еді. Аталған бағдарлама бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 346 жоба дайындалыпты.

Инфрақұрылымның игілігі

Сырдарияда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыс бар. Биыл мұнда 7,3 млрд теңгеге 58 жоба жүзеге асырылатын болады. Негізгі жұмыстарға тоқталсақ.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 80 тұрғын үй сатып алу жоспарланса, қазір 50 тұрғын үйге 480 млн теңге бөлініп отыр.

бірінші кезекте халыққа қажетті құрылыстарға басымдық беру керек. Мұнда 34 жобаға 1 млрд теңге бөлініп, 27,6 шақырым жолға асфальт жабындылары төселіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 488,7 млн теңгеге 12, облыстық бюджеттен 335,2 млн теңгеге 19 және келер жылға өтпелі 206,1 млн теңгеге 3 жобаның жұмысы басталған.

Жол салу ісіндегі ерекше жаңалықтың бірі – Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қосатын «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолы 1,4 млрд теңгеге, «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасы 687 млн теңгеге жөнделуде.

Ауданда ауызсу, электрмен қамту, газға қатысты жобаларға басымдық берілген. Атап айтсақ, республикалық және облыстық бюджет есебінен берілген 1,6 млрд теңге қаржыға Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері және электр тоғын тарату трансформаторлары түгелдей ауыстырылады. Демеушілер есебінен Қалжан ахун, Шаған елді мекендерін электрмен жабдықтауға жоба-сметалық құжат әзірленіп, тиісті басқармаға өтінім ұсынылып, қазір Шаған ауылына облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Ал А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин елді мекені мен Тереңөзек кентін электрмен жабдықтауға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Биыл Шаған және Қоғалыкөл ауылының ауызсу құбырларын жаңартуға 246 млн теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ 725,5 млн теңгеге 4 елді мекеннің 22 көшесіндегі ауызсу құбыры құрылысына жоба-сметалық құжат әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілген.

Маңызды жұмыстың бірі – газдандыру. Бүгінде Тереңөзек кенті «көгілдір отынмен» толық қамтылса, ауылдық округтерде бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілмек. Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов және Шаған ауылдарын газдандыруға 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Биыл Қалжан ахун ауылына газ тарту үшін республикалық бюджеттен 298 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов ауылында осы жобаны бастауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге қаралыпты. Сондай-ақ,  Н.Ілиясов, Ақжарма елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті.

Халыққа қажеті – сапалы қызмет

Мемлекет болашағы балаларға берілген сапалы біліммен байланысты. Сырдария ауданында 53 білім беру ұйымы жұмыс істесе, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағытта 5 инновациялық мектеп-лицей бар. Аз қамтылған отбасылардың, 1-4 сыныптың оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беріледі.

Ауданда 110 төсектік аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және бір медициналық бекет халыққа қызмет көрсетеді. Биыл облыстық бюджеттен 182 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, Іңкәрдария, А.Тоқмағанбетов пен Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекет күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 405 млн теңгеге Н.Ілиясов  ауылында амбулатория құрылысы жүргізілмек.

Сырдарияда кейінгі жылдары спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 134 спорттық нысан, 541 секция жұмыс істеп, халықтың 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша Тереңөзек кентіндегі спорт клубы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұған облыстық қазынадан 88 млн теңге қаралған. Ал көпшілікке белгілі Бесарық ауылындағы спорт кешенінің құрылысы қыркүйек айында аяқталмақ. Сондай-ақ спорттан бөлек, ауданның мәдениет саласында тиісті шаралар атқарылып келеді. Жалпы ауданда халыққа қызмет көрсететін 16 клуб, 17 кітапхана және 1 мәдени-демалыс кешені мен автоклуб бар.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<