Мәжіліс отырысында бірқатар мәселе қаралды

477

0

Ағымдағы жылғы 4 шілдеде Қызылорда облысының әкімі Н.М.Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынға облыстық маслихат төрағасы Н.Байқадамов, құқық қорғау органдары мен салалық басқарма басшылары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директоры, қала және аудан әкімдері (онлайн режимде) қатысты.

Отырыста Департамент басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков «Бизнеске жер телімдерін бөлу және олардың қолжетімділігі, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізу» саласында жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері туралы баяндама жасап, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды, яғни жер комиссияларының өз құзіретіне жатпайтын мәселелер бойынша шешім қабылдау, кәсіпкерлік мақсатқа берілген жер телімдерінің сауда-саттық (аукцион) рәсімдерін жүргізбей табыстау, лауазымды тұлғалардың жақын туыстарына жер телімдерін негізсіз рәсімдеу (мүдделер қақтығысы) және тағы басқа тәуекелдерді атап өтті.

Жалпы, Департаментпен анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жою және алдын алу мақсатында 11 ұсыным енгізілген.
Аталған мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев өз есебін баяндады.

Комиссия отырысының қорытындысымен, облыс әкімі Н.Нәлібаев көтерілген мәселелер бойынша Департаменттің ұсыныстарын қолдап, облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасына және қала мен аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және орын алған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, кез келген салада заң аясында әрекет етуді, әділдік, қызметке адалдық және ашықтық қағидаларын берік ұстану қажеттілігін ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<