Облыс әкімі Цзянсу провинциясының губернаторымен келіссөздер жүргізді

575

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру барысында Цзянсу провинциясының губернаторымен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздің мақсаты – өңірлер арасындағы экономикалық, іскерлік байланыстарды кеңейту және дамыту, өзара тиімді ынтымақтастық орнату.

Аймақ басшысы облыстың агроөнеркәсіптік кешені, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, оның ішінде шыны, цемент, кальциленген сода өндірісі, логистика, туризм, мұнай-газ секторы, энергетика және т.б. салалардағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Сондай-ақ, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы баяндады. Қазіргі уақытта көптеген халықаралық компаниялар өнеркәсіптік кәсіпорындарын оқшаулау алаңы ретінде Қызылорда облысын таңдайтынын атап өтті.

Облыс әкімі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және Меморандумдарға қол қоюға шақырды.

Еске салсақ, ҚР Үкіметі мемлекеттік қолдау ретінде инвестициялық келісім-шарт шеңберінде жеңілдіктердің ауқымды пакетін ұсынды. Олар – кедендік баждардан босату, мемлекеттік заттай гранттар, салық жеңілдіктері, инвестициялық субсидиялар. Сондықтан қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен қолдау шараларын алу сүйемелденеді.

Ауқымды және басым жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларға барлық қолайлы жағдайлар жасалады.

Айта кетейік, iссапар барысын Қытайдың орталық телеарналары ақпараттандыруда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<