Полковниктің анасы

1433

0

Сол көрініс есіме түссе елжірей жымиямын. Арада көп жыл өтсе де ананың айбатына, бір ауданға сөзін жүргізген баланың анасына деген шексіз құрметіне тебірене толқимын.

Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар» аталатын ауылымыздың аудан орталығындағы шаруашылық ауласында қойма меңгерушісі болып қызмет жасайтынмын. Күн құрғатпай вагон-вагон жем, көмір, құрылыс, өзге де бағалы заттар толассыз келіп жататын кез. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, тамыр-таныс, дос-жаранның қарасы мол, дүрілдеп тұрған шақ. Аудандағы лауазымды қызметкерлермен, оның ішінде құқық қорғау саласының басшыларымен де сыйластығым бөтен емес. Әсіресе сол тұстағы аудандық милиция бөлімінің бастығы,  полковник шеніндегі өзімнен біршама жас үлкендігі бар азаматпен тонның ішкі бауындай жақын араласатынбыз. Кейде жұмыстан соң кәуап жеп, сыралатып, оқта-текте карта ойнап дегендей бас қосып қоямыз. Полковниктің анасы,  отбасы мені жақсы таниды.

Бірде әлдеқандай шаруамен полковниктің үйіне бардым. Демалыс күні болатын. Қонақтан келген бе, полковник қызулау екен. Мені көріп қуанып қалды. Жеңгемізге дастархан жайдырып, шай дайындатты. Менің асығыспын дегенімді тыңдамай ішімдік аштырды. Ал жайшылықта ақпейіл жеңгеміз неге екені белгісіз әлденеге мазасызданып, бір жайтты ескерткісі келген сыңай танытады. Ішкен адамның жайдары келетіні белгілі ғой. Полковник болса ақтарыла сөйлеп, аңқылдап жүр. Кенет… есік шалқасынан ашылып, полковниктің анасы үйге кіріп келсін. Анасын көргенде сом денелі полковниктің рюмкасы қолынан жерге түсіп кетті. Солақ екен түтігіп кеткен анасы бар пәрменімен ұлының қақ шекесінен шапалақпен тартып-тартып жіберсін. Сырт көзге жер қозғалса, қозғалмастай көрінетін полковник жан екпінмен, қарсы бөлмеге тұра қашты. Анасы мұнымен де тоқталмады. Алпамсадай ұлының қақпақтай жаурынынан қуалап жүріп жұдырығымен түйіп-түйіп қалды. Күтпеген оқиғадан есім шыққан мен қалшиып тұрып қалыппын. Полковниктің әйелі болса екі иығы селкілдеп: «Бітті, Жұмеке! Енді осы бөлмеден таң атқанша шықпайды. Апам (енесін айтқаны) Алматыға жол жүріп кеткен болатын. Досың апамның келетін уақытын шатастырып алған ғой», – деп сылқ-сылқ күледі.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде». Өзімізге соншалықты ірі көрінетін полковниктің бұл қылығын көргенде абдырап қалдым. Дастархан басына қайта келген анамыз болса: «Айналайын, айып етпе. Өзгелер үшін ел ағасы болғанымен маған әлі жас бала сияқты көрінеді. Ертең ертелетіп облыс орталығына жол жүретін еді. Соны уайымдап отырмын. Мені бүгін келеді деп ойламаса керек. Пойыздан түсетін уақытымды шатастырып алған ғой. Ал, сен асықпай отырып, шай іш. Әңгімелесейік», – деп емін-еркін отыр. Қайдағы?! Бойымды кернеген күлкіні зорға тежеп, кетуге асықтым. Апай болса мені қақпа алдына дейін шығарып салып, «Алматыдан әкелген базарлығымнан балалар мен келін ауыз тисін» деп жеміс-жидек салынған салмақты қалтаны ұсынды. Тысқа шыға күлкі де кетті, көкейге бір келісті сезім де сіңіп үлгерді. Қайран, қазақтың аналары-ай!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<