Мектеп формасын алыстан іздемейміз

454

0

Қала орталығында 5-30 тамыз аралығында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында оқушылардың мектеп формасы жәрмеңкеге шығарылады. Ал аудандарда бұл акция 16-21 тамыз аралығында өтеді. Жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынғалы отыр.

Өндірушілердің айтуынша, мектеп формалары нарық бағасынан төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларына арнайы жеңілдіктер қа­растырылған. Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қыз­­­метінің ұйымдастыруы­мен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері жоғарыда атал­­ған тігін цехтарының жұ­мысымен танысты.

– Жәрмеңкені ұйым­дас­тырудағы басты мақсат – оқушылардың мектеп формасы үшін ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден сатып алуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқушының киімі мен құралдары қолжетімді бағада ұсынылады.

Қалада ұйымдас­тыры­ла­тын жәрмеңке Қорқыт ата көшесіндегі «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз! – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов.

Баспасөз туры барысында мектеп формаларын тігумен айналысатын тігін цехтары өз өнімдерін таныстырды. Соның бірі – «Ас-Ка» ЖШС цехы үш жылдан бері мектеп формасын тігуді қолға алған. Тігін цехы өздері дайындаған 7-8 мың дана өнімді жәрмеңкеге ұсынуды жоспарлап отыр.

– Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысады. Ал 2014 жылдан бастап арнайы киімдер тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазір цехта өндірілетін арнайы киім­дерден бөлек, мектеп фор­масына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік, – дейді цех басшысы Дина Махатова.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында, білім саласына қатысты сөзінде мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруда отан­дық жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесін алға тартқан болатын.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<