Қаржы саласының қажырлы қайраткері

397

0

Туып-өскен жерінің сан қатпарлы тарихынан сабақ алып, қызығы мен қиындығы қатар қарапайым тұрмыс-тіршіліктің қалыбынан өтіп, адами болмысын, азаматтық ұстанымын қалыптастырған, осылайша өмір өткелдерінде өрге құлаш сермеп, туған жерін түлетуде қажыр-қайратын танытқан  мемлекет және қоғам қайраткері, қаржы саласының білікті саңлағы Құттықожа Ыдырысов болатын.

Ол – өңірдің ғана емес, еліміздің қаржы саласына еңбегін сіңірген тұлға. Онымен әріптес, қызметтес болғандықтан өмір жолы маған таныс. Есеп-қисап маманы ретінде ауыл, аудан, облыс және республика деңгейіндегі барлық еңбек жолынан өтті. Оның ішінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІV, V шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде өз қызметін абыроймен атқарып, экономикалық саясат тұрғысынан елдің тұрмыстық әлеуетін көтеру жолында  аянбай қызмет еткенін аймақ халқы жақсы біледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел экономикасының жайы баршамызға белгілі. Нарық заңдылығының өктемдігі орнаған шақ. Әсіресе, ауыл тірлігінің берекесі кеткен еді. Осынау қиын кезеңде, облыстың белгілі қаржыгері халық қалаулысы ретінде аймақ тұрғындарын толғандырған өзекті жайттарды өз деңгейінде көтеріп, құзырлы орындардың назарын аударатын. Жастайынан қызмет еткен қаржы саласының қыр-сырына  қанық болғандықтан, кез келген мәселені төтесінен қойып, түбегейлі шешілуіне күш салатын. Ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаның уақытылы әрі сапалы орындалуына депутат ретінде жауапкершілік танытып, осы мәселе бойынша халықтың талап-тілегін құзырлы орындарда көтере білді.

Құттықожа Ыдырысұлы өмір мектебінен өткен адам еді. Олай дейтініміз, бұғанасы бекімеген балалық шағынан әкесіне қолғабыс ете жүріп,  ауылдың қайнаған қызу тіршілігіне ерте араласты. Жаңадан құрылған «Түгіскен» елді мекенінде бой көтерген алғашқы үйлердің қабырғасы көптің күшімен, яғни, асарлатып қаланып жатты. Өйткені ауылда арнайы құрылыс маманы жоқ, сондықтан тұрғындар осынау жауапты жұмысты жұмыла атқаратын.

1968 жылы оныншы сыныпты бітіріп, ауылға келген. Алып-ұшып тұрған албырт кезі. Келе сала ата-анасына  жоғары оқу орнына құжат тапсырғысы келетінін айтқан еді, алайда: «Інілерің әлі жас. Біз болсақ зейнеткерлік жастамыз. Басымызда баспана да жоқ. Алдымен үй салып алайық. Оқуға содан кейін барарсың» деген әке сөзінен кейін аптыққан көңілі бірден басылды. Шынында, әкесінің айтып отырғаны жөн, баланың үлкені болғандықтан, ата-анасының бұған арқа сүйеп, үміт артқаны айдан-анық еді. Бұл туралы өзінің «Даңғыл жолдың бастауы» атты естелігінде былайша баяндаған екен:

– Кеңшардың орталығында мамандарға арнап үй салып жатқан еді. Ол жер тыңға түрен салынған бұрын Сырдария өзенінің жағасы, қаулап өскен шеңгелдің биіктігінен адам көрінбейтін-ді. Әйтсе де, басқа амал жоқ.

Иә, «үй салатын жер белгіленген» деген аты ғана. Бар болғаны скрепер бір жүріп өтіп, көше түсетін жер ғана анықталған. Ал үй салатын жерін  шеңгелден тазалау халықтың өз мойнында. Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Сол жерде үйінің іргесін қалап, тырбанып жатқан қырық шақты отбасының жай-күйі еді. «Көппен көрген ұлы той» деп, бірінен-бірі қалмай, тырбанып жатқан халық. Оның үстіне, алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Үй салмасаң қыстайтын пана таппайсың. Сондықтан аялдап, арқаны кеңге салуға еш негіз жоқ еді.

Қам кесекті құйып болған соң, оны қалап, үйдің қабырғасын көтеретін арнайы маман болмады. Ең қиын тұсы да осы еді. Көшіп келіп, үй салып жатқандардың көбінің жасы егде және мұндай тәжірибеден өтпеген. Содан амал жоқ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, халық асарлатуға көшті. Сөйтіп, кезекпен күніне бір үйдің қабырғасын көтеріп, бұрыштарын шығарып, төбесін жауып, есік-терезесін салып жүрдік. Әрине, кәсіби маман болмағандықтан, қабырғалардың қисық шыққан жерлері көп болды. Ондай жерлерді балтамен шауып түзеп, сылау кезінде ретке келтірген боламыз. Осылайша көбіміздің үйіміздің қабырғасы бір-ақ күнде бітіп жатты.

Қазір қарап отырсам, сол кездегі халықтың ауызбірлігіне қайран қаламын. Бәрі – жаңадан көшіп келген, енді танысып-табысып жатқан жандар. Соған қарамастан бір-біріне көмек қолын созуға қашан да дайын болатын. Бүгінгі қоғамға сондай қасиеттер жетіспей жатқаны өкінішті. Осындай бірліктің арқасында бір маусымда біздің отбасы көшіп барған екінші бөлімшеде қырыққа жуық үй салынды. Ал жалпы кеңшар бойынша одан да көп үйдің іргесі қаланып, бұрын иен жатқан шағын ауыл үлкен елді мекенге айналды, – деп жазады ол.

«Түгіскен» совхозы 1967 жылы негізі қаланып, егіс алқабын игеруге байланысты құрылған еді. Іргесі жаңадан қаланған кеңшарға келушілер алғашында «Талап» совхозының бөлімшесінде салынған он тамға қоныстанды. Оның ата-анасы осы уақытқа дейін «Талап» кеңшарының малын баққан еді. Елмен бірге үкіметке малын өткізіп, жаңа құрылған кеңшарға қоныс аударды. Өзі әкесімен бірге қырман басында жұмыс істейтін. Өйткені егін жинау маусымында жұмыс қолы жетіспейтін. Сонымен бұл күріш таситын техникаларға қарайтын слесарь болып жүрді. Күріш жиналып біткеннен кейін кеңшар орталығындағы трактор жөндейтін цехта токарь болып екі ай жұмыс істейді.

Кеңшар жаңадан құрылған, жұмыс көзі көп. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы мамандары, оның ішінде механизаторлар жетіспейтін. Сонымен басшылықтың шешімімен бір күні тәжірибесі жоқтығына қарамастан, жас жігітке трактор руліне отыруға тура келді. Алғашқыда абдырап қалғанымен, бірте-бірте техника тілін меңгеріп алды. Ең бастысы, өзіне артылған сенімді ақтау болса, оның үстіне  жоғары оқу орнына бару үшін жұмыс өтілі және жақсы мінездеме де қажет. Міне, осылайша қыстың қаһарлы суығында, жаздың аңызақ аптабында техниканы тізгіндеп, бұл жұмыста да өзінің қабілет-қарымын танытты.

«Алматыда жоғары оқу орнында оқысам» деген арманы да орындалды. 1974 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кеңес Одағы армиясының қатарында Венгрияда әскери борышын өтеп, оралған соң алғашқыда шаруашылықтың бухгалтериясына жұмысқа орналасады, кейіннен бас экономист лауазымын атқарған. Иә, осы жылдар оның қаржы саласындағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің бастауы еді.

1984 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында тексеруші-бухгалтер болып қызметке ауысады, онан соң облыстың қаржы басқармасында жұмысын жалғастырды. Осы кезден бастап, облыстың қаржы-экономика саласында түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1994-2004 жылдар аралығында облыстық қазынашылық басқармасының бастығы, 2004-2008 жылдары облыс әкімінің орынбасары, 2008 жылдан облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметін атқарған.

Қызылорда облыстық қазынашылық басқармасы бастығы лауазымын атқарған жылдары Құттықожа Ыдырысұлы бюджеттік қаржыландыру жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді. Қаржының тапшы кезінде салықтан түскен ақшаны барынша үнемдеп, аса қажетті деген шараларға жұмсауды жүзеге асырды. Қаржы тапшылығы мен нақты ақшалай қамту үшін айлық жалақының бір бөлігін өтеуге облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен, қаржы басқармасы басшысы К.Шөкеновпен бірге вексель шығарды. Бұл құнды қағаздың тиімділігі сол, еңбекақының 10-20 пайызы осы вексельмен берілді. Ол вексель тамақ алу үшін, газ, электр шығынын төлеуге бағытталды. Сонымен қатар, субъектілердің бюджетке берешегін өтеу мақсатында «есептесу міндеттемесі» құнды қағаз өмірге келіп, есеп айырысуда біршама ілгерілеушілік байқалды.

Ал 2004-2008 жылдары облыс әкімінің орынбасары кезінде ол төрт әкіммен бірге қызмет жасап, өңірдегі түйткілді мәселелерді шешуге атсалысты. Атап айтқанда, облыста газдандыру жұмысы  қарқынды жүргізіліп, қала ілеспе газбен қамтылды. Оның бағасы әдеттегі газ бағасынан арзан болатын. Сол секілді Сырдария өзенінің жоғарғы және төменгі ағысына 2-3 жерден көпір салынды.

Осы жылдары аудан, қала, елді мекен арасындағы ішкі жолдар салынып, жол қатынасы жақсарды. Қала көлемінде екі этап бойынша газбен қамту жұмыстары жүйеленді. «Ақшабұлақ» кенішінде газ өндірісіне қажетті зауыт салынды.

Таза су (ауызсу) мәселесі оң шешімін тауып, «Арал-Сарыбұлақ», «Октябрь», «Жиделі» су торабына Шиелі, Қармақшы, Арал, Қазалы, Тереңөзек, Жалағаш аудандарына су жүйесі қосылды. «Талап-Сырдария» топтық су құбырының құрылысы басталып, Жаңақорған ауданының 28 елді мекені таза жер асты ауызсуымен қамтамасыз етілді. Осы жұмыстарды атқаруда Құттықожа Ыдырысұлы елге қажетті бастамаларды құзырлы орындармен кеңесіп, шешіп отырды. Одан әрі жүзеге асуына да жауаптылық танытты.

2010 жылдан ҚР Парламенті Мәжілісі IV шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде халық алдындағы аманатын қалтқысыз атқаруға қызмет етті. «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше мерекелік медальдар иеленді.

Ол кісі өмір жолынан түйген естелігінде «Жасырып, жабары жоқ, кез келген мамандықтың өз қиындықтары бар. Ол бәрімізге белгілі. Дегенмен, экономика саласындағы мамандықты таңдаған адамның жүйкесі мықты, өзінің атқарар жұмысына сенімді болуы қажет екеніне қырық жылдан аса осы салада еңбек еткен маман ретінде көзім жетті. Оның бір айғағы ретінде Жаңақорған ауданының қазіргі «Түгіскен» елді мекені, «Аққорған» ауылында бас экономист лауазымында еңбек еткен кездердегі оқиғаларды еске алсам да болады. Сол оқиғалар арқылы сабыр мен төзімнің бәрін жеңетін дүлей күш екенін түйдім» деген екен.

Сыр перзенті, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Омарұлы «Қаржыгер қағидасы» деп аталған портрет-эссесінде Құттықожа Ыдырысов сынды халықшыл азаматтың болмысын былайша суреттеген екен:

«Бірер жылдан соң қызмет бабымен келіп, Астананың тұрақты тұрғынына айналдық. Көп ұзамай Құттықожа Ыдырысов Қызылорда облысынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мамандығына сәйкес Қаржы және бюджет комиссиясының мүшелігіне бекітілді. Білікті маманның талай жылғы тәжірибесі Парламент қабырғасында молынан кәдеге асты. Әсіресе, бюджеттің мәселесін қарайтын кезде әріптестері Құттықожа ағамыздың пікіріне құлақ қойды. Қызылордалық депутат «Қазақстан Республикасының кейбір банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша заңнамалық актілеріне тәуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланатын тұста өзін білікті қаржыгер ретінде танытты. Өзі Мәжіліс депутаты болған тұстағы республикалық бюджетке қатысты бірқатар заң жобалары Құттықожа Ыдырысовтың жетекшілігімен жүзеге асты.

Парламентке депутаттар алдында есеп беруге келген министрлерге елді толғандырған сауалдарды қойып, тиянақты жауап талап етті. Көші-қон туралы заң талқыға түскенде ұлт мүддесін қолдап сөйледі. Құттықожа Ыдырысов депутат ретінде Сыр бойындағы жерлестерінің аманаты бойынша Үкіметке және тиісті орындарға бірнеше рет сауалдар жолдады. Өз өңіріндегі ұзақ жылдардан бергі жинақталып қалған күрмеуі көп мәселелердің шешілуіне септігін тигізді, – деп жазыпты Б.Омарұлы.

Расында, адам баласының кешкен ғұмыры осынау өлшеулі уақыттағы еткен еңбегімен бағаланады. Ал адал қызметімен халқының риясыз ықыласына кенелген азаматтың абырой-беделі асқақ, жүзі жарқын болары хақ. Аймақтың қаржы саласында қажырлы еңбегі бар, білікті де бірегей маман Құттықожа Ыдырысов осы қатардағы азамат болды.

Қамбар ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Кеңес Одағы қаржы жүйесінің үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<