Жаңғырудың жаңа кезеңі

636

0

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметтің 2014 жылғы №1000 қаулысымен Қаржы министрлігі Салық комитеті және Кедендік бақылау комитеті бірігу жолымен, сондай-ақ, таратылған Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен қаржылық және экономикалық қылмысты  тергеу функциясын беру арқылы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Осыған байланысты 14 тамыз – Мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні болып белгіленді.

Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, сонымен қатар еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың соңғы тұтынушыға дейінгі сатылу аралықтағы барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігіне бақылау жүргізу.

Біздің ұжым кәсіби мерекені табысты қарсы алып отыр.

Бүгінгі күнге облыс бойынша 11943 заңды тұлға және 800 239 жеке тұлға, оның ішінде 69480 дара кәсіпкерлер тіркеліп жұмыс жасауда. Осы есепке алынған салық төлеушілерден 2023 жылғы 7 айдың қорытындысымен шоғырландырылған бюджетке нақты 213,4 млрд теңге қамтамасыз етіліп, өткен жылмен салыстырғанда түсімнің өсуі 115% құрап, 27 млрд теңгеге артты.

Өткенге ой салсақ, сонау 1994-1995 жылдары салық төлеушілерді салық инспекциясына шақыру арқылы тіркеу жүргізіліп, заңды және жеке тұлғаларға жеке нөмірі белгіленген парақ таратылғанын білеміз. Бұл салық төлеушілерді мемлекеттік тіркеуге алудың бірінші рәсімі еді. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен мекемелердің жекешелендіріліп, бірқатары таратылып, жабылып, айлық, зейнетақы уақытылы берілмей, жалпы экономикалық дағдарыстың әсерінен әлеуметтік қорғалудың төмендеген кезеңі еді. Халықтан салық жинаудың өзі өте қиындықпен жүрді. Әрбір салық төлеушіге жиналған қаржы жәрдемақы, өтемақы, зейнетақы болып қайтатындығы түсіндірілетін еді. Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдарының ақпаратты жүйелері дамыды және салықтық, кедендік әкімшілендірудің тиімді, әрі үйлестіруші құралы болып танылды.

Қызметкерлердің салық төлеушілермен тікелей байланысын азайту мақсатында мемлекеттік қызметті электронды форматта көрсету жолға қойыла бастады. Оның бір дәлелі – осы жылдың 7 айында 439 381 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 99,7% немесе 438 100-і электронды жүйемен, 0,3 % ғана немесе 1281-і қағаз түрінде көрсетілген.     

Елімізде бірнеше жылдан бері салықтық бақылауға арналған Тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс істейді. Мұнда салық төлеушілерді санаттап, тексеру жоспарларын қалыптастырады. Сондай-ақ, ауқымды талдаулардың нәтижесінде «бір күндік» фирмаларды анықтап, оларға жалған шот-фактура жазуға жол бермеу іс-әрекеттерін қолданады.

Өңірімізде 2019 жылы тәуекелі жоғары салық төлеушілер саны 1 574 болса, бүгінгі күнге 549-ды құрап отыр немесе 65% төмендеді. Бұл – түптеп келгенде, әділеттілік принципіне негізделген жүйе. Әрбір кәсіпкер тұлға қызметінің деректері айқын және соған орай ол белгілі бір жеңілдіктерді пайдалана алады немесе белгілі бір бақылаудың түрлеріне алынады және салықтық тексеру азаяды. Мысалы, салықтық тексерулер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33% азайып отыр.

Жалпы, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру мақсатында департамент арқылы 25 «мақсатты топ» құрылып, нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 9,6 млрд теңге қосымша резервтер анықталып, өндірілді. Бұл өткен 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 млрд теңгеге артық.

Сонымен қатар, бюджет түсімін арттыру мен еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 975 кедендік құнды түзету жүргізілді. Нәтижесінде, бюджетке 240 млрд теңге кедендік түсімдер қосымша өндірілді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл жетістіктер мемлекеттік кірістер органдарының күнделікті мақсатты да қарқынды жұмыстарының нәтижесі деп есептеймін.

Ғани АМАНОВ,

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер

департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<