Өркендеу өздігінен келмейді

603

0

Президент жүктеген міндеттер өңірде сәтті жүзеге асуда

Кеше VIII сайланған облыстық мәслихаттың кезекті V сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар аудан әкімдері мен депутаттары онлайн режимде қосылды.  Күн тәртібінде 9 мәселе қаралды. Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша, яғни, «облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебі», «2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» облыс әкімі баяндама жасады. Онда аймақ басшысы өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларға тоқталды.

Биыл алты айда өңірдің экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан.  Құрылыс, инвестиция тарту, сауда, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі, ауыл шаруашылығының өнімі, жалпы негізгі салаларда айтарлықтай өсім бар. Сыр өңірінің қарқынды дамуы жолында әлемдегі озық тәжірибелер терең зерттеліп, жан-жақпен әріптестік байланыс кеңейтілуде.

– Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайғаны белгілі. Суланған және сарқылған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша жаңа технологиялар жасайтын қытайлық «Джепетто» компаниясымен бірлескен жұмыстар басталды. Аталған компанияның өкілдігі Қызылорда қаласында ашылды. Мамандардың мәліметіне қарағанда, жаңа технологиялардың көмегімен мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыруға болады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Индустрияландыру аясында құны 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 6,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Облыс әкімі сондай-ақ, биыл жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, бие сүтін өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты іске қосылатынын және олардың ел тұрмысын жақсартуға айрықша септігі тиетінін жеткізді.

Өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытында қазір жұмыс қызу. Биылғы 6 айда 6,2 млн шаршы метр шыны өндірілген. Зауыт өнімі еліміздің аймақтарына, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.

Сонымен қатар ірі жобалардың бірі — «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталады деп күтіліп отыр. Құны 235 млрд теңге болатын жоба бойынша Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі платформасында тендер өткізілуде.

Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 2000-нан астам жобаға қолдау көрсетілген.

Облыс әкімі баяндама барысында кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындарды баспанамен қамту, ауызсу, газдандыру, жол және өзге де негізгі басымдықтар бойынша талдау жасап, алдағы міндеттерді нақтылады. бір сөзбен айтқанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа сатыға көтеріліп отыр. Мұны сессияда сөз алған парламент өкілдері де тілге тиек етіп, нақты мысалдармен жеткізді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарованың пікірінше, Президент жүктеген маңызды міндеттерді жүзеге асыруда облыста нақты әрі ауқымды жұмыс бар. 

– Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің 8-сайланымының 1-сессиясында сөйлеген сөзінде маңызды міндеттер ретінде іскерлік белсенділікті ынталандыруды, өңдеуші секторды, инфрақұрылымды дамытуды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, адами капиталдың сапасын арттыруды, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын қолдауды, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуды, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлардың сапасын арттыруды айқындап берді. Бұл – нақты тапсырма, елдің айқындаушы құжаты болмақ. Осы орайда Президент тапсырмаларының Сыр өңірінде қарқын алғанын  бірнеше күннен бері  аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы және әріптестеріммен бірге елді мекендерді аралау барысында  көз жеткіздік. Сонымен қатар, бүгін облыс әкімінің баяндамасында айтылғандай, облыс қазынасы өткен жылмен салыстырғанда 53,9%-ға  өсіп, 596,2 млрд теңгеге жеткені, осы қаржының 63,5%-ы әлеуметтік салаға бағытталуының өзі оң тенденцияны аңғартады. Атап айтқанда,  облыстың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласына бағытталған қаржылардың едәуір өсіп, ірі құрылыстардың жүруі, өскелең ұрпаққа салынып жатқан инвестициялар, рухани-мәдени дамудың кең өріс ашуы, әлеуметтік саланың жаңа бір серпіліске көтерілгенін білдірсе керек. Сыр елінің перзенті ретінде, әрине қуаныштымыз, – деді Сенат депутаты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев та сөз алып, өңір дамуындағы бастамаларға оң бағасын берді.

– Іссапар барысымен елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп жүрміз. Кейінгі екі күнде облыс әкімімен бірге араладық. Қай ауылға барсақ та жұмыс жүріп жатыр, тұрғындардың көзінен ризашылықты байқадық. Облыс бюджеті бір жылда 600 млрд теңгеге жетті, яғни, екі есеге ұлғайған. Бұл дегеніңіз – үлкен жұмыс. Біздің елде 20 облыс бар. Олардың барлығы қаражатты қажет етеді. Оның ішінде үш облыс жаңадан құрылып отырғанын білесіздер. Оларға тіпті көп қаржы керек. Осындай жағдайда өңірге мынадай көп қаржы тартудың артында табанды еңбек тұрғаны сөзсіз. Бұрын ауылдарда халық сексеуілге рұқсат сұрайтын, қазір газ тартып беруді талап етеді. Өйткені оған мүмкіндіктің бар екенін біліп отыр. Электр желілері де жаңартылып жатыр. Мұның барлығы жүйелі жұмыстың, қаржыны тиімді пайдаланудың нәтижесі. Аңыз болған шыны зауытының іске қосылуы, қала, аудандарда тұрғын үйлердің салынуы, жол мәселесінің кезең-кезеңімен шешіліп жатқаны үлкен жетістік. Өңірде атқарылып жатқан игі істерді, тың бастамаларды әрқашан қолдаймыз, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы. 

Сессияда «Облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №155 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттар жолдаған сауалдарға байланысты қысқаша хабарлама жасады.

Айта кетейік, 10 тамыз күні облыстық мәслихат депутаты, экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараковтің, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбековтің және облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменованың баяндамалары тыңдалған болатын. Онда депутаттар сауалдарын жолдап, ұсыныстарын ортаға салды.

Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов ауызсу мәселесін, сол жағалаудағы абаттандыру жұмыстары бітпей жатқан 4 қабатты тұрғын үйлер жайын, «Саяхат» ауданында ПМК каналынан бері қарай канал қазып, сол аудандарды суландыру, «Бәйтеректегі» 5 жыл бойы құрылысы аяқталмаған 600 орындық мектеп жайын көтерсе, депутат Жанкелді Ысқақ Жаңақорған ауданы «Маи бекетіндегі» құрылысы аяқталмаған мектеп мәселесіне орай сауал қойды. Депутат Ібайдулла Тілеп Тоқабайдағы жол мәселесін, 95% қаржыны алып, құрылыс жұмысын жүргізбей жатқан мердігер мекемелер, Арал ауданындағы 5 жылға созылған, әлі күнге дейін бітпеген жол мәселесі, «Қарлаң» көпірі мен Мәдениет үйі, Қазалы мен Әйтеке би арасындағы жол, «Тастүбек» елді мекенінде скважина қазуға байланысты ұсынысын жолдады. 

Бұл ретте, депутат Аманжол Оңғарбаев БАҚ-қа бөлініп отырған тапсырыс көлемінің аздығы, журналистер жалақысының төмендігі және мемлекеттік тапсырысты игеру тарифі құнының тым аз болуына байланысты маңызды мәселе көтерді.  Сондай-ақ, ол Қызылорда қаласындағы кейбір көшелерді қайта жаңғырту, жол салу жайына да тоқталды. Ал Әмірбек Шаймағамбетов алдағы 2024-2026 жылдарға жолаушылар тасымалдаудағы шығындарды жергілікті бюджет есебінен субсидиялауды,  Мақсұт Нәлібаев «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК авариялық жағдай кезінде қалпына келтіруге және жөндеу жұмыстарына арналған тозығы жеткен техникаларды жаңарту қажеттігін айтты. Мұхтар Ниязов бюсттер, «Қорқыт ата» мемориалды музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тарихи-архивтік құжаттарды алу, облыстық филармонияға лэд-экран мен лазерлі құрылғылар сатып алу туралы сауал жолдады.  Депутат Аида Әбибуллаева балабақшада осал топтағы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайын жеткізді. Осы және басқа да бірқатар депутаттар білдірген  ұсыныс-пікірлерге орай сессияда басқарма басшысы Қамбарбек Мүбараков мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, депутаттар тарапынан 68 ұсыныс түсіп, оның 73,5 пайызы қолдау тапқан. Атап айтқанда, Жорабек Нұрымбетов көтерген 11 ұсыныстың 8-і, Аманжол Оңғарбаев жолдаған 10 ұсыныстың барлығы қолдау тапса, Мұхтар Ниязов тарапынан көтерілген 9 мәселе де қанағаттандырылды. Ал Аида Әбибуллаеваның музыкалық колледж ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу туралы ұсынысы қолдау таппау себебін облыс әкімі  түсіндіріп берді.

– Депутаттар тарапынан көптеген ұсыныс түскен екен. Түсінемін, барлығыңыз елге болсын дейсіздер. Бірақ қаражаттың мүмкіндігіне байланысты бірқатар ұсыныстар қолдау таппай қалды. Оның әрқайсының өзіндік себебі бар. Біз кеше басқарма басшыларымен бірге қарап, саралап шықтық. Соның ішінде музыкалық колледжге байланысты айтайын. Бұл оқу ордасының күрделі жағдайынан хабардармын.  Оған қаржы бөлмеген себебіміз, қазір жобалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жиырма күннің ішінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынса, жаңа ғимарат саламыз. Ескіні жамай бергеннен ештеңе шықпайды. Мысалы, Абай атындағы мектепке 700-800 млн теңгеге қосымша ғимарат салып жатырмыз. Құдай қаласа, бірінші қыркүйекте пайдалануға береміз. Сол секілді Т.Есетов атындағы №264 мектепке де 500 млн теңгеге 550 орындық қосымша ғимарат салынуда. Демек, 700 млн теңгеге ескіні жамаған дұрыс па әлде сол қаржыға жаңасын салған жақсы ма?! Сондықтан жаңасын салуға шешім қабылдадық, – деп нақтылай түсті аймақ басшысы.

Осы секілді қолдау таппаған өзге ұсыныстардың да себебі түсіндірілді. Әсіресе, көп жағдайда құжаттарының дұрыс болмауы кедергі келтіргені айтылды.

Сессияда сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланып, шешім қабылданды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<