Бірлік –  басты күш

368

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыстық мәслихаттың кезекті V сессиясында сөйлеген сөзі

Құрметті депутаттар!

Сессияға қатысушылар!

Аймақтың алдағы мақсаты ауқымды.

2023 жылдың 6 айында облыстың экономикалық дамуында оң тенденция жалғасуда.

Құрылыс жұмыстары көлемі 54,9 пайызға (53,7 млрд теңге), инвестициялар тарту 23,1 пайызға (162,0 млрд теңге), сауда көлемі 3,2 пайызға (325,3 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,1 пайызға (318,7 мың шаршы метр) және ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға (36,2 млрд теңге) артқан.

Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 млн. тоннаға азайды (2013 жылы – 10,5 млн тонна, 2022 жылы – 4,0 млн тонна). Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сараптама қорытындысы 2024 жылы анықталады. Суланған және сарқылған мұнай ұңғымаларында мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша жаңа технологиялар енгізетін қытайлық «Джепетто» компаниясымен бірлескен жұмыстар басталды. Аталған компанияның өкілдігі Қызылорда қаласында ашылды. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыруға болады.

Өткен айда Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарым барысында мамандарды тегін оқыту бойынша меморандумға қол қою туралы келісімге келдік. Таяу уақытта компания делегациясының Қызылорда облысына жұмыс сапары жоспарлануда.

Дәл сол секілді ағымдағы жылғы 22-25 мамыр күндері Корея Республикасының шақыртуы бойынша Сеул, Тэджон (қала мэрі Ли Ван Ву) қалаларына және Чоллабук-до провинциясына (губернатор Ким Гван Ён) арнайы делегация құрамымен бардым. Іссапар аясында әлемдік деңгейдегі Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының Президенттерімен және өңір басшыларымен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша Меморандумдарға қол қойдық. Өңірге инвестиция тарту мақсатында шетелмен қарым-қатынас бағытындағы жұмыстар өз жалғасын таба береді.

Индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Соған сай 6,3 мың жұмыс орны құрылатын болады. Биылғы болжам бойынша жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, бие сүтін өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты іске қосылатын болады. Бұл ел өмірін жақсартуға айрықша септігін тигізеді.

2022 жылдың қазан айынан бастап облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытында жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етсе, ағымдағы жылдың 6 айында 6,2 млн шаршы метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республикамызбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.

Шыны зауыты айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру мақсатында «Хорн» неміс компаниясының технологияларын тарта отырып, қуаттылығы жылына 120 млн дана шыны бұйымдарын шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыратын боламыз. Импортты алмастыру бағытындағы жоба аясында халықаралық стандарттарға сай түрлі шыны ыдыстарын өндіру, шыны бұйымдарын ТМД елдеріне кеңінен экспорттау көзделуде.

Ірі жобалардың бірі «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биылғы жылы басталады. Құны 235 млрд теңге болатын жоба бойынша бүгінде Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі платформасында тендер өткізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 979,7 млрд теңгеден асатын 46 жоба енгізілді. Биыл құны 13,4 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. 2023 жыл басынан бері кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 2000-нан астам жобаға қолдау көрсетілді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 14 млрд теңгені құрайтын 484 жоба субсидияланды. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 72 мың 872 бірлікті құрап, 35,6%-ға ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы басталған жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен кредит беру жұмыстары айрықша қолдау тапты. Республикалық бюджеттен 1 млрд 285 млн теңге қаржы бөлінді. Өтінімдер өңірлік «Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясымен» қаралып, 264 жас кәсіпкер 1 млрд 209 млн теңгенің оң қорытындысын алды. Нәтижесінде 172 жас кәсіпкер өз кәсіптерін бастады (787,9 млн теңгеге). Жас кәсіпкерлердің бастамаларын қаржылай қолдау мақсатында біз Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігіне қосымша тағы 1 млрд теңге қаржы бөлу ұсынысымен шығып (200 адамға), қолдау алдық. Бөлінген қаржы жыл аяғына дейін өз мақсаттарына бағытталатын болады.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 195,9 мың гектарға орналастырылды.

Жыл басында «Шардара» мен «Көксарайда» су көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 млрд текше метрге артық жиналуы және Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында «Шардараға» вегетациялық кезеңде 4,2 млрд текше метр судың түсуі болжанды.

Биыл 84 мың гектар шамасында күріш көлемін жоспарлағанмен, жоғарыда айтылған себептерге байланысты 89 мың гектар шамасында егілді. Өкінішке орай, бүгінде түрлі себептермен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамы орындалмауда. 1 сәуірден 1 тамызға дейін 3,0 млрд текше метр су көлемі болжанса, нақты 53 пайыз немесе 1,6 млрд текше метр түсті. Алайда, егілген егістікті суармалы судан қалдырмау шараларын жауапты министрліктермен және шаруалармен бірлесіп барынша жүргізудеміз. Арнайы жұмыс тобы құрылып, шаруашылықтарға су кезекпен берілуде. Жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос қолданылуда. Вегетациялық кезеңнің өз деңгейінде өтуін бақылауда ұстаудамыз.

Әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдерін дайындап беруді бастаған болатынбыз. Осы игі бастама 2023 жылы да жалғасып, қала мен аудандарда 5542 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді.

Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілді. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 млрд 200 млн теңге қаралды. 6 мың тонна көлемінде ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд теңге бөлініп, облыстың 4 шаруашылығы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» келісім-шарт арқылы қаржыларын алып, көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтерін сатып алуға жұмсады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Тұжырымдама аясында «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!» жобалары жүзеге асырылады. Бұл мақсаттарға биыл 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Аталған қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ағымдағы жылға 46 ауылдық елді мекенде 216 жобаны жүзеге асыруға 11,6 млрд теңге бөлінді.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін облысқа биыл 3,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржыландырудың 5 бағыты анықталып, негізгі басымдық өңдеу, кооперативтерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге берілуде.

Бүгінгі күнге сенім білдірген өкіл (агент) ретінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы белгіленді. Ауыл тұрғындарының жағдайын ескере келе, құжаттарды қабылдау шарттары барынша жеңілдетілді. Қазіргі уақытқа 1 млрд 637 млн теңгенің 240 жобасы қабылданып, комиссияға ұсынылуда. Мақұлданған жобалар бойынша төлемдер таяу арада басталады. Ең маңыздысы, халықтың жобаға қатысуға деген қызығушылығы өте зор.

Осы жерде, ерекше атап өту керек, биылғы жылдан бастап қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймағымызда алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы бастау алды. Конкурсқа қатысушылардың арасында үздік елді мекендерді анықтау үшін азаматтық қоғам өкілдерінен, халық қалаулыларынан, тәуелсіз журналистер мен экобелсенділерден құралған тәуелсіз сарапшылық комиссия жұмыс жасап, шешім қабылдады. Конкурс нәтижесімен «Үздік ауыл», «Үздік аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үздік шағын ауданы» анықталды.

Бірлік пен берекенің, тазалық пен абаттандырудың үлгісін көрсетіп, жеңімпаз атанған «Үздік ауылдар» мен «Үздік аудан орталықтарына» күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі техникалар табысталды.

Қала орталығынан жеңімпаз атанған шағын мөлтек аудандардың абаттандыру бағытындағы жасалған жұмыстарын бағалау мақсатында сквер, көше аулаларды жарықтандыру, балалар және спорттық ойын алаңдарын салу сынды жобаларды облыстық бюджеттен қаржыландыратын боламыз.

«Үлгілі елді мекен» конкурсы қаланың шағын аудандары мен аудан орталықтары және ауылдар арасында күзде қайта жалғасады. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп, конкурсқа дайындық жұмыстары басталды. Осылайша ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған бұл шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарлануда.

Елдің әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшем шарты – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту.

Облыс көлемінде 31,4 млрд теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Биыл 30 үй (93 мың ш.м., 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады. Бұдан бөлек, облысымыздың әлеуметтік осал топтарына 1 мың пәтер сатып алуға (600 пәтер Қызылорда қаласында, 400 пәтер аудандарда) республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді.

Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда (230 елді мекеннің 198-і су жүйесіне қосылған).

Өткен жылы 6 ауылдық елді мекен «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл 12 ауылдық елді мекенді газдандырамыз. Осының нәтижесінде газбен қамту деңгейі 75 пайызға жеткізіледі.

Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі өткен жылы 82 пайызды құрады, биылғы меже – 87 пайыз. Бүгінде Қызылорда қаласында барлығы 141 шақырым көшелерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде (шет аймақ, кенттер, ауылдарды қосқанда). Оған 10 млрд 768 млн теңге бөлінді.

Оның ішінде көлік ағымы көп шоғырланған Бейбарыс сұлтан (4,2 км), Назарбаев даңғылы (3,8 км), Астана даңғылы (2,8 км) сияқты орталық көшелерде жол жөндеу жұмыстары екі ауысыммен жүруде. Түсінеміз, мұның бәрі жаяу жүргіншіге де, көлік жүргізушілеріне де қолайсыздық туғызуда. Жұмыстар алдағы 10-15 күнде аяқталады.

Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы іске қосылады. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.

Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 дана жаңа автобус алдық. Биыл қыркүйек айына дейін тағы 150 автобус алынады. Осылайша қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі.

Әлеуметтік сала – облыс экономикасының ең өзекті салаларының бірі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 36,4 млрд теңге болатын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» 2024 жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, заманауи 200 төсек-орынды  «Перинаталдық орталық» салу жоспарымызда бар. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Құжаттың дайын болу барысына қарай республикалық бюджеттен қаржы алу мәселесін шешетін боламыз. Болжам бойынша нысанның құны – 30 млрд теңгені құрайды.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 21 мектеп құрылысы салынады. Биыл 10 мектеп құрылысы басталады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы құны 7,9 млрд теңгені құрайтын мектеп-интернат құрылысы басталды.

Осы тізімге облыс бойынша тағы 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын енгіздік (№101 Ә.Мүсілімов, №2 Абай, Жезқазған трассасы бойында 600 орынға, Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орынға). Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.

Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданы «Маи» бекеті мөлтек ауданында 300 орындық, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейге 550 орындық, №3 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша оқу ғимараттарының құрылысы қараша айына дейін пайдалануға беріледі.

Демеушілердің қолдауымен Арал ауданы, Тоқабай ауылында апаттық жағдайдағы мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа мектеп салынуда. Осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі.

Осы жылғы тамызда облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы», желтоқсан айында құны 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігіне пайдалануға беріледі. 975 млн теңгені құрайтын заманауи талаптарға сәйкес жаңа автовокзал құрылысы салынуда. Жыл соңында пайдалануға беріледі.

«Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Елді мекен тұрғындарының тілегі бойынша аудан орталықтарын қолдау үшін 7 ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылыстарын салатын боламыз. Ғимараттың құны шамамен 1-1,2 млрд теңгені құрайды. Бұл бізге әрбір ғимараттың жеке құрылысына және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын бюджет қаржысын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.

Облыс дамуында демеушілердің де еңбегі орасан зор. Жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елін көркейтуге өз үлестерін қосуда.

Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталады.

Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі. Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2,3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы биыл басталады.

Маусым айынан бастап демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңге қаржыға облыс орталығында 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталуда.

Осы секілді демеушілермен 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда. Яғни, заманауи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.

Осындай игілікті істердің бірі – Қызылорда қаласының орталық алаңында бастау алды. Демеушілікпен «Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына кірісті. Жоба бойынша субұрқақтар аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарықдиодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады.

Ең маңыздысы, бұл құрылыс бюджеттен тыс, яғни кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен жүзеге асуда. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайды.

Әлеуметтік желіде бұл бойынша қызу пікір болғанын білемін. Кейбір белсенділер «бюджет қаржысын басқа жобаларға бағыттамай ма?» деген сынды ойларын айтуда. Орталық алаңның жайқалып тұрғанын қалаған азамат өз қаражатынан жасауда. Пікір білдірген дұрыс, бірақ, дәйекті дәлелдермен көз жеткізіп барып айту қажет деп есептеймін!

Ал орталықтағы жиек тастары мен кеспе тастары, төсеуді қажет етілетін өзге де әлеуметтік нысандарға берілуде. Аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген жерлестерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз!

Құрметті депутаттар!

Бүгінде құрылғанына 85 жыл болған облысымыздың тарихи-мәдени және рухани даралығы күн өткен сайын өзінің мазмұнын байытып, Тәуелсіз еліміздің жылнамасынан өз орнын айшықтай түсуде.

Бізде мақтан ететін санғасырлық тарих бар. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда «Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажеттігін» атап өтті.

Өткен аптада облыстағы бірқатар киелі орындардың жағдайымен таныстым. Тарихтың ізі мен сырына толы Сыр өңірінің қасиетті орындары – Қорқыт ата ескерткіш кешеніне, Қорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне кәсіпкерлердің қолдауымен биылғы жылы қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары басталмақ. Марал баба кесенесіне қоршау жұмыстары, реставрация және кесенеге дейінгі жолды жөндеу жұмыстарының есептемелері әзірленуде.

Алматылық «АБМ ГРУПП» компаниясының демеушілігімен Хорасан ата кесенесінің айналасын абаттандыру, жарықтандыру, қоршау, қоғамдық музей салу жұмыстары басталды. Жоба құны – 100 млн теңгені құрайды. Бұл жұмыстар облысымыздың 85 жылдығына орай тұрғындарға деген керемет тарту болады деп білемін. Облысымыздың мерейлі датасын кеңінен атап өту жоспарлануда. Мерейлі датаның визуалды біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы лого/эмблема дайындалуда. Жалпы мерекелік шаралардың негізгі топтамасы қыркүйек-қазан айларында өткізіледі. Бұл – Сыр маржанына орақ түсіп, қамба астыққа толып, шаруа адамы ілтипатқа бөленетін кезең. Дәстүрге айналған Қызылорда қаласы күнімен ұштастыра отырып өткізу (қаланың негізі қаланғанына 205 жыл) шараға ерекше мән береді. Өткізілетін негізгі шараларға тоқтап өтсем:

Бірінші, аймақтың қоғамдық-саяси дамуы мен тарихи бастауларын кеңінен аша түсетін республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу;

Екінші, облыстың 85 жылдық тарихын айшықтайтын «Қызылорда облысы: тарих, бүгін, болашақ» тақырыбында арнайы деректі фильм түсіру;

Үшінші, облыстың 85 жылдығына арналған (тарихи, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени бағыттар қамтылған) жоғары мазмұнды кітап шығару;

Төртінші, аймақтың көрікті жерлері бейнеленген «ФОТО КІТАП» әзірлеу;

Облыстың мерейтойын кеңінен атап өту тұрғындарды еңбек қағидаты, өзара жәрдемдесу мен қолдау, азаматтық жауапкершілік құндылықтары негізінде біріктіріп, жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға оң серпін береді.

Құрметті депутаттар!

Енді, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге көшсек.

Өздеріңізге белгілі, облыс бюджетінде айтарлықтай өсім бар. Қазіргі таңда облыс бюджеті 596,2 млрд теңгеге жетті (2023 жылдың 1 шілдесіне). Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 208,9 млрд теңгеге, яғни 53,9 пайызға артты. Бүгінгі сессияда бюджет көлемі бекітілген жағдайда облыс бюджеті 601,3 млрд теңгеге жетеді. Бұл өткен жылдың бекітілген бюджетінен 55,3 пайызға артық. Бюджеттің ұлғаюында қызылордалық Парламент депутаттарының және сала басшыларының үлесі зор. Бюджетіміздің 63,5 пайызы (378,4 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған. Біз қазіргі таңда тиісті мамандармен әлеуметтік салаға бағытталған қаржыларға толықтай зерделеу жұмыстарын бастадық.

Бюджет қаржыларының тиімділігін арттыру мақсатында облыстық мәслихаттың «Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы» төрағасының басшылығымен құрамына мүдделі облыстық басқармалар өкілдері енген облыстық жұмыс тобы құрылып, ағымдағы жылдың мамыр айында 2023 жылға білім саласына бөлінген бюджет қаржысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ауқымды қаржыларды үнемдеуге мүмкіндік алудамыз.

Облыстың білім беру ұйымдарына бөлінген қаржының бюджеттік заңнамалар нормаларына сәйкестігі пысықталып, нәтижесімен жоспардан тыс қаралған қаржылар, яғни, 12,9 млрд теңге облыстық бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру бағдарламасын іске асыру үшін 2023 жылға 7,1 млрд теңге бюджетте бекітілді. 2022-2023 жылдары тексеру органдары тарапынан бағдарламаның жұмыс жасауы барысына бақылау жасалынып, заңдылықтарға өзгерістер енгізілуіне сәйкес балалар саны 35 пайызға дейін қысқарды. Нәтижесінде 3,8 млрд теңге бюджетке кері қайтарылды.

Үнемделген қаржылардың барлығы аймақтың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге жұмсалуда.

Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 130-бабына сәйкес облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп облыстық мәслихат сессиясында бекітілуі қажет. Назарларыңызға «2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы» мәселесін ұсынамын.

Тиісті заңдылықтарға сәйкес «2022 жылғы бюджеттің атқарылу есебі» тиісті органдармен (облыс әкімдігі, мемлекеттік аудит департаменті, тексеру комиссиясы) және облыстық мәслихаттың «Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясымен» қаралған.

2022 жылы облыстық бюджетке 498 млрд теңге түсім түсіп, 100,1 пайызға немесе 647 млн теңгеге артығымен орындалды. Артық түскен көлем өз кірістеріміздің есебінен қалыптасты.

Енді облыстық бюджет түсімдерінің құрылымына келсек, оның  34,6 млрд теңгесі салықтық түсімдер, 6,0 млрд теңгесі салықтық емес түсімдер, 0,1 млрд теңгесі негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, 351,1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен трансферттер мен несиелер, 106,2 млрд теңгесі басқалай түсімдер (аудандардан алатын трансферттер, бюджеттік кредиттерді өтеу).

Енді осы қаражаттардың игерілуіне келсек, жыл қорытындысымен оның игерілуі 99,8 пайызды құрады. Игерілмеген сома 1 млрд 206 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджет қаржысынан игерілмегені 82,1 млн теңге, жергілікті бюджеттен 1 млрд 124 млн теңге.

Игерілмеген қаржы негізінен: 194,5 млн теңгесі «Су тасу қаупін алдын алу мақсатында земснаряд қолдану арқылы Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазарту» жобасы бойынша келісім-шарттың мерзімінде бұзылмауынан; 129,7 млн теңгесі облыстық полиция департаментімен құрал-жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуінен; 123,0 млн теңгесі облыстық білім басқармасы арқылы күрделі жөндеу, тауарлар мен құрал-жабдықтар жеткізу бойынша мердігерлермен міндеттемелердің орындалмауынан; 44,2 млн теңгесі облыстық құрылыс басқармасымен «Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысы» жобасы бойынша мердігермен жұмыстардың кеш орындалуы себебінен қалыптасқан. Бюджет қаражатын толық игермегендердің жауапкершілігі қаралып, тәртіптік шаралар көрілді. Жалпы бюджет қаржыларының игерілу деңгейі бюджеттік бағдарлама көрсеткіштеріне толығымен қол жеткізу арқылы бағаланады.

2022 жылы 21 облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің 7-уі бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерін толық орындамаған. Көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бөлінген қаржының толық игерілуі бойынша облыстық басқармалар басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жауапкершілігі арттырылатын болады.

Ағымдағы жылы бюджет қаражаттарының қалдықтары өткен жылы аяқталмаған нысандарға, облыс экономикасының салаларын дамытудың жаңа басымдықтарына сәйкес міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды.

«2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы» мәселесімен қатар облыстық мәслихат комиссиясының қарауына «Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының» 2022 жылы орындалуы ұсынылған болатын. 2022 жылдың қорытындысымен жоспардағы 117 нысаналы индикатордың 81-і орындалып, оң көрсеткіштер қалыптасқан. Облыстың даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізу бойынша әкімдік қызметі тиімділігінің бағалау қорытындысы 50 балдың ішінен 43,4 балды құрады.

Ендігі кезекте, облыстың даму жоспарының орындалу барысын біз белсенді ету бойынша шаралар қабылдаудамыз. Өткен аптада арнайы мәжіліс өткізіліп, бағдарлама әкімшілеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Құрметті депутаттар!

Бүгін, облыстық мәслихат сессиясында 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті 18,8 млрд теңгеге кезекті нақтылау мәселесі қарауларыңызға ұсынылды.

Бұл қаржылар облыстық бюджеттің кіріс көзін ұлғайту (4,9 млрд теңге) есебінен, бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілері шығыстарының үнемделген және пайдаланылмаған қаржысынан (10,9 млрд теңге), және жергілікті атқарушы органның бағалы қағаздарын шығарудан (3 млрд теңге) қалыптасты. Енді бұл қаражаттар өңірдегі қажетті деген шешілуге тиіс мәселелерге қайта бағытталуда. Осылардың ішінен, облыс бюджетінің әлеуметтік бағыттылығын сақтай отырып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және мәдениет салаларының ағымдағы шығындарын қаржыландыруға 1,8 млрд теңге бағытталуда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаржысы бөлінген инвестициялық жобаларды қоса қаржыландыруға 0,8 млрд теңге және сумен, электрмен жабдықтауға, алдағы жылу маусымына дайындық шараларын жүргізуге, әлеуметтік сала нысандарының құрылысын жүргізуге, жолдар салуға бағытталған инвестициялық жобаларға 11,2 млрд теңге қаржы жоспарлануда.

2023 жылы аймағымызда әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін облигациялық қарыздар есебінен «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» негізінде 3,0 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару келісілді.

Бұл қаржылар жалпы саны 588 пәтерді құрайтын 7 тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға бағытталуда. Бұл мәселелер облысымызда кезек күттірмей шұғыл шешуді қажет етеді.

Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон  келте болмас» деген жақсы сөз бар.

Биылғы жылы өздеріңізбен бірге аймағымыздың жан-жақты дамуы бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. Алдағы уақытта да атқаратын жұмыс ауқымы көп. Өздеріңізбен бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің, аймағымыздың дамуы бағытында аянбай қызмет жасай берейік!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<