Құрыш қолда құдірет бар

444

0

Кеше Қызылорда қаласында Құрылысшы күніне арналған мерекелік салтанат ерекше сипатта өтті. Кәсіби мереке иелерін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.

– Құрылысшылар – сәулет өнерінің шеберлері ғана емес, адал еңбектің иелері. Сары аяз қыста да, шіліңгір шілденің аптап ыстығы мен  жауынды қоңыр күзде де күш-жігерін аямайтын қадірлі мамандық иесі.  Сондықтан әрбір шебер қолды құрылысшының туған өлкеміздің дамуында  қолтаңбасы бар. Бүгінде өңірде құрылыс индустриясы қарқын алып келеді. Заманауи ғимараттар салынып, жаңа ықшам аудандарда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, аймақ ажарына әр қосты. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары да құрыш қолды құрылысшылардың табандылығы арқасында жүзеге асуда. Биыл Сыр елі құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда, – деді аймақ басшысы.

Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Тәуелсіздік жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, құрылыс саласының дамуына ерекше атсалысқан азаматтарға, майталман мамандарға түрлі марапат табыстады. Атап айтқанда,  «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағымен мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қожахмет Баймаханов марапатталды. Сонымен қатар сала мамандарына «Құрметті құрылысшы», «Құрметті жолшы» төсбелгілері, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Қазақ эстрадасының талантты өкілдері Мәдина Сәдуақасова, Әміре, Маржан Арапбаева және Садраддин ән шырқап, мереке думанын қыздырды.

Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл облыс аумағында 8,8 млрд теңгеге 26 тұрғын үйдің және 46 млрд теңгеге 62 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілуде. Соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 112 пайызға  өсіп, 3 мыңнан аса азамат жаңа пәтерге ие болды. Биыл құрылыс көлемі одан әрі артып, 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Қазір әртүрлі деңгейдегі 150 жобаның құрылысы жүзеге асуда. Бұған мемлекеттік бюджет есебінен 72,3 млрд теңге  бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<