Сырдың текті тұлғасы

409

0

Бименде Баймаханов – Ұлы Отан Соғысының ардагері, туған жеріне бүкіл саналы ғұмырында адал еңбек етіп, қатарына сыйлы, қадірлі, абыздығына қылау түсірмеген, пайым парасаты ерекше, дарабоз қаржыгердің бірегейі ретінде ел жадында сақталып қалды. Жалпы Сыр жұртшылығы Баймахановтар әулетін жақсы біледі, бүгінде бұл әулет қазақ еліне танымал.

Мен, көп шәкірттерінің бірі ретінде, Бименде ағамыз, әкеміз туралы білетін, үлкендерден естіген азды-көпті өмір деректерін таратыңқырап айтсам ба деймін. Сонау 1969 жылы, Алматы халық шаруашылық институтының соңғы 4-ші курсында қаңтар айында Қызылорда облысының қаржы бөліміне үш айлық практикаға екі студент келдік. Оның бірі Аралдың тумасы Дүзелбай Құдайбергенов деген азамат еді. Марқұм кезінде Республикалық халық банкісінің бірінші басшысы болды. Біздерді практикант ретінде кадр бөлімінің басшысы Харенко Зоя Кузминчина, қаржы бөлімінің бірінші орынбасары Бименде Баймаханов ағайға алып кірді. Ол кезде қаржы бөлімінің меңгерушісі Сақауов деген кісі болатын, Камал Шөкенов ағай бюджет жөніндегі орынбасары екен.

Ол кезде біздер жаспыз, көп нәрсенің парқын біле бермейміз. Көп ұзатпай кадрдегі Зоя Кузминничина екеуміздің құжаттарымызды алып, қосымша қағаздар толтыртты. Сөйтсек екеумізді аға экономист ретінде уақытша қызметке қабылдау жөнінде бұйрыққа Бименде ағай өзі қол қойыпты. Кейіннен естігеніміз, бірінші басшымен келіспеген де екен. Қарапайым шаруаның балдары үшін, үш айға жуық айлық алу, үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін байлық-сый емеспе?! Сөз жоқ, қаржы саласында артық қаражат бола бермейді, бірақ біздің жағдайымызды зерделеп, ағамыздың берген көмегі екен ғой. Азын-аулақ сол ұжымнан ол кісі туралы білгеніміз сауатты, мінезі қаталдау, барлық қызметкерлерден тәртіпті талап ететіндігі басым айтылды.

Келесі 1970 жылы Мырзатай Есмаханов досымыз екеуміз Қаржы министрлігінің жолдамасына сай, жас маман ретінде Қызылорда облысының қаржы бөліміне қызметке қабылдандық. Қаржы бөлімінің меңгеушісі болып 1970 жылдың күзінде Камал Шөкенов тағайындалды. Биекең мен Камал ағайлар үлкен сыйластықпен зейнет жасына дейін бірі кірісін, бірі шығысын абыроймен басқарды. Сол қаржы саласында есейдік, отбасын құрып өндік, өстік, азды- көпті 42 жылдай елімізге шамамыз келгенше қызметімізді аяған жоқпыз.

Өмірдегі алғашқы еңбек жолындағы қадамның жауапты қаржы саласынан басталғаны, негізгісі тәлім-тәрбие алудағы ұстаздарымыздың ұлағатты, пайым парасаты мол, ерекше сауатты, жершілдіктен аулақ, тазалық пен әділдікті ту еткен, кісіліктің парқын білетін, тектілігі терең, жастарды тәрбиелеп жетілдіруге айрықша көңіл бөлетіндігінде болды. Осының арқасында қаншама шәкірттердің үміт-шам шырағы жанып, айы оңынан туып жатты. Кеше мен бүгінге дейін көбісі Республиканың Әлеуметтік министрі, Қаржы министрінің орынбасары, Республикада қазынашылық жүйесін, қаржы бақылау саласын басқарып, біразы Үкіметте, Парламентте, Президент Әкімшілігінде абыроймен қызмет атқарды. Олардың ішінде Сейтсұлтан Әймбетов, Мырзахмет Ауанов (жерлес інілері ретінде, ағайлардың шәкіртіміз дейтін), Қамбар Әжібеков, Құттықожа Ыдырысов, Рахым Тоқсейітов, Дайрабай Ысқақов, Серік Мұстафаев, Сәндібек Аманжолов, Рая Ысқақова, Мырзатай Есмаханов, Нұргүл Беркімбаева сынды көптеген шәкірттері болды. Бәрінің бірауыздан айтатыны – біздер Бименде Баймаханов, Камал Шөкенов ағайлардың шекпенінен шыққанбыз дейтіні.

Келгеннен бастап мен облыстық қаржы саласының ауыл шаруашылығын қаржыландыру және бақылау бөлімінде аға экономист, одан бөлім басшысы болып қызмет атқардым. Тікелей бұл бөлімге басшылық жасайтын Бименде ағай болды. Күнделікті қызметте, жиындарда бөлім жұмысына байланысты қатты сындар айтылып, ескертулер де болып жетті. Содан ба, менің ол кісіден алған тәлім- тәрбием молдау, қамқорлығы көптеу болды деймін.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Құлшық атамыз 15 жыл болыс болған, одан Баймахан атамыз өсіп-өніп үлкен әулетке айналады. Ал оның ұлы Бименде ағай Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралады. Ашаршылықтың да ащы дәмін татқан. Осындай қиындықтарға мойымай, жасымай білім алып, зеректігінің арқасында ұдайы білімін жетілдіріп отырған. Қай қоғамда да білікті маман, ұйымдастыру қабілеті жоғары, зерделі басшы ел ортасында үлкен абыройға ие болған ғой.

Бұрынғы кеңес дәуірінде облыста қаржы саласының рөлі өте жоғары болды. Аймақтың тыныс- тіршілігі, әсіресе әлеуметтік салалар, жылу, абаттандыру, жергілікті өндіріс орындарының жұмыстары қызу еді. Сол кездері кейінгі уақытта да облыстағы сала басшылары өздерінің министрліктеріне, я болмаса Үкіметке ұсыныс-өтініштерін Бименде ағамызға көріп беріңізші деп, үлкен өтінішпен келеді екен. Әрине өтініштің бәрін қарай бермейді ғой. Оны біздің Биекең ағамыз мағынасын маңыздылау қылып бір-ақ бетке сыйдырады екен. Ол кісі үнемі жоғарыға, ілуде болмаса бір беттен артық хат жолдамайтын. Әділдік үшін айтылу қажет, егер аймақта үш адам сауатты болса, соның белді бірі Бименде ағамыз екеніне дау жоқ қой деймін. «Ел құлағы елу» дейді ғой қазағым, кезінде Биекеңнің сауаттылығын обкомның бірінші хатшысы Хасен Шаяхметұлы Бектұрғанов та мойындаған деседі.

1970 жылдары облыстың қаржы бөлімінің меңгерушісі Сақауов деген азамат басшыға жат қылықтарын көрсете бастайды. Ол кісіні облыстың атқару комитетінің төрағасы Әбен Асқаров ағамыз алып келген екен. Бір кезекті жиында, «жолдас Асқаров, мына итіңізді алып кетіңіз» деп Бименде ағай екі ауыз дәлел айтқанда, төраға бір ауыз қарсы пікір айта алмай, оны қызметтен босатуға мәжбүр болыпты.

Мен 1977 жылы Қаржы министрлігінің Қызылорда облысы бойынша бақылау-тексеру басқармасының (КРУ) Бас бақылаушы-тексерушісі болып тағайындалдым. Соған орай жылына екі рет Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа жиынына облыстың қаржы бөлімінің басшыларымен бірге қатысатын болдым. Сол кездегі (қаржы) министріміз Ұлы Отан соғысының ардагері Рымбек Смақұлы Байсейітов нағыз қаржы саласының майталманы, өте беделді кісі болды. 10 жылға жуық абыройлы қызмет атқарды. Биекеңнің ол кісімен сыйластығы, достығы ерекше еді. Отбасымен араласты, Биекеңнің арқасында министрдің отбасынан бірнеше рет дәм-тұз таттық. Рекең, Камал Шөкенов ағайды да қатты құрметтеді, сол құрметке Камал ағамыз да лайық еді. 1984-1985 жылдар болуы керек қаржы министрі Рымбек Смақұлы Бименде ағамыздың проферансты тәуір ойнайтынын біледі, алқа жиынынан кейін бе, алдағы демалыс күндерді меңзеп бір-екі күн қалсаңыз, сізді бір кісімен таныстырамын» депті. Сол күні кешке тамақ өнеркәсіп министрінің орынбасары болған М.Бутинге (бұрын министр болған, одаққа белгілі тұлға) апарып екі күн проферанс ойнаған ғой. Ол кісі де барынша меңгерген, одаққа белгілі ойыншы болған деседі. Сөздің қысқасы, Биекең ағамыз молырақ ұтқан ба, сонда Мажекең Бутин Рекеңе қарап: «Мына сарыбаланы қайдан таптың» деп, Биекеңнің зеректігіне қатты риза болып, ұтылғаннан бөлек сый-сыяпатын жасаған деседі. Кейде өмір деген қызық қой, 7-8 айдан кейін сол кездегі облатқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бакиров Бименде ағамызбен бірге Алматыға, сол М.Бутинге Қызылордадағы арақ зауытының мәселесімен барады ғой. Кабинетіне кіргенде ол бірден орнынан тұрып Биекеңді құшақтап, жағдай сұрасқан екен. Сонда Биекең төрағадан қысылған көрінеді. Жайғасып болған соң «Шәймерден інім, төрағаның басқа да жұмыстары жетеді ғой, мұндай жұмыстарға Бимендені жіберсең жетіп жатыр» депті.

Үкімет мүшесі, Қаржы министрі әрине жергілікті жер – облыстардағы қаржы саласы басшыларының беделді, абыройлы болғанына мүдделі. Мешкей деген жақсы ат па, облыстық партия комитеті, атқару комитетінен, Үкіметтен қаржы саласына сын- пікірлер айтылып жатса, ол қаржы министрлігіне тиеді. Осы тұрғыдан Қызылорда облысында ондай теріс жайт болған емес, сонан да болар Қаржы министрлігі біздің облыстың көптеген дәйекті сұраныс-өтініштерін қабылдап, сыбағасын молынан бөліп тұрғаны да шындық. Бұл өз кезегінде облыстың біраз күрделі әлеуметтік мәселесін дер кезінде шешуге мүмкіндік берді. Менің білетінім, кейіннен болған қаржы министрлері А.Е.Бацула, Е.Ж.Дербисов, Т.Абдикадиров, А.С.Павлов Бименде ағайды қатты құрметтейтін.

Кейде облыстық атқару комитетінің, партия комитетінің жиындарында, кейбір сала басшылары тарапынан қаржы саласы қолдамайды, қаржы аз мөлшерде бөлінеді деген сын-пікірлер айтылып жататын. Сонда Камал Шөкенов, Бименде Баймаханов ағалардың дәйекті дәлелдері, керісінше олар бюджет қаржысын тиімді пайдаланбайды деген фактілерді алға тартқанда орынсыз сындар басылып қалатын. Жалпы Бименде ағай қай сала болмасын, оның қаржы жағдайын, тыныс-тіршілігін жетік білетін. Қызметтегі тазалық пен әділдік қай кезде де басшының абыройы мен беделін биіктететіні белгілі.  Осы тұрғыдан құқық қорғау, я басқа тексеру жүйелерінен қаржы саласына ескертпе, сын-пікірлер айтылғаны есімде жоқ.

Бименде ағай мен Айқын анамыздың елге, әсіресе жастарға өнеге болатын тағы бір үлкен мұрасы – ғибратты ұрпақ тәрбиелегені. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Ата-ана жолымен, ұрпақтары әр салада еліне аянбай үлкен қызметтерін атқаруда. Қожахмет Мәдібайұлы екі дүркін Сенат депутаты, Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы әкімі болды. Ал Болат ініміз, Алланың берген дарыны, адал еңбектің, маңдай тердің тәубасы шығар, әлемге танымал хирург, академик болып қазақ елінің мақтанышына айналды. Бақыт та, Сәуле де аман есен абыроймен жұмыстарын атқаруда. Тіл-көзден аман болсын, немере-шөберелер бүгінде үлкен мәуелі бәйтерекке айналып, өсіп-өніп жатыр.

Біздің отбасымыз үшін Айқын анамыздың орны ерекше еді. Кезінде жатсынбай, аналық мейірімін төгіп, ақыл-кеңесін, тәлімін, қамқорлығын көрсетті. Көп нәрсе үйрендік, тоқыдық, әсіресе ағайынмен сыйласу, құрметтеуді ұғындық. Биекең мен апайдың, Мәдібай әкемізді (Биекеңнің туған ағасы) ерекше сыйлап құрметтеуі бөлек дүние іспеттес. Жалағашқа жиі барып сәлем беріп тұратындары, қашан да ол кісінің алдында інілік, кішілік парызынан жаңылмауы көпке өнеге болып қалды.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырауда көптеген өндіріс орындары тұралап, жаппай жұмыссыздық белең алды, тіршіліктің қамы үшін біраз жұрт базар жағалауды үдетті. Сол кездерде де Биекең қалың елімен бірге болып, келешекте жақсы болатынына үлкен сеніммен қарады. Адалдықтың ақ жолынан ешуақытта таймаған ағамыз, 1995 жылы менің басыма бұлт үйірілгенде Алматыға Қаржы министрі А.С.Павловқа барып, «бұл не отырыс жолдас министр, сенің Қызылордадағы кадрың Ысқақов облысқа құжатсыз келген екі вагон спиртті қазынаға өткіземін деп істі болып жатқанда сен кабинетте қалай тыныш отырасың?» деп қасқайып тұрып алыпты.

Бұрынғы кеңестік кезеңде де әділетсіздік ара-тұра болып тұрды, небір абыройлы азаматтар  соның қармағына ілініп те жатты. Солардың  бірқатарын Биекең табандылығы мен сауаттылығының арқасында арашалап, абыройларын сақтап қалды.

Халқының ыстық ықыласына бөленген ардақты жан мемлекет тарапынан түрлі марапат та иеленді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, «Құрмет» ордені сынды мемлекеттік марапаттар текті тұлғаның еліне қызметінің жарқын дәлелі болса керек.

Дайрабай ЫСҚАҚОВ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<