Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

447

0

Спорт күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы ипподромда еңбек ардагері Жәнібек Әбдімәлікұлын еске алуға арналған республикалық ат бәйгесі өтті.

Жарысты облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, ұлттық спортты насихаттаудың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ж.Әбдімәлікұлының туыстары атынан Ахмет Бөдешұлы ақ батасын беріп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Республикалық бәйгенің 6 шақырымға созылған тай жарысында мәреге алғаш келген төрт шабандозға жүлде берілді. Мәреге Жамбыл облысынан Нұржігіт Камилдің «Аңыз» атты тайы бірінші келді. Одан кейінгі орындарды қызылордалық Әлихан Бөрібаевтың «Ураганы», Алматы облысынан Әлібек Нұрғазыұлының «Бұлағы» және ақтөбелік Нұрқат Әдебиеттің  «Мерекесі» өзара бөлісті.

Құнан бәйгеге қатысқан шабандоздар 12 шақырымнан тұратын қашықтықты бағындырды. Бұл жолы Алматы облысынан келген Абзал Тұрмыстың «Мамлюгі» мәре сызығын бірінші болып қиып, бас жүлдеге тігілген жеңіл автокөлік  табыс етілді. Екінші орын Алматы облысынан Бекзат Ділдәханның «Маржанына» бұйырса, үшінші және төртінші орынға шиелілік Ералы Асудың «Мархабасы» мен ақтөбелік Мирас Жұмалының «Сұңқары» ие болды. Оларға қаржылай сыйлықтар берілді.

Ипподромға жиналған жұртшылық 24 шақырымға созылған аламан бәйгені қызыға тамашалады. Қызылордалық Дәман Қалидің «Ақкөзі» өзге жүйріктерден озық келді. Оған бас жүлдеге тігілген «Нива» автокөлігі табысталды. Одан кейінгі орындарды жамбылдық Лесбек Молдасханның «Талисманы» мен қызылордалық Арнұр Саматұлының «Самалы» еншіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<